Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Серік ата бүгінде шаңырақтың көз қуанышына айналған немерелері мен шөберелерінің бағындырар асуы биік болса екен деген аталық тілекпен күн кешіп жатыр.
Серік Мамырбайұлы өмірінің 51 жылы мектепте оқушыларға сабақ беріп, тәрбиелеумен өтті. Алдынан мыңдаған шәкірт білім алып, түлеп ұшты. Олар бүгінде өмірдің сан түрлі жолдарында еңбек етіп жүр. Еселі еңбегінің арқасында абыройға бөленді. «Халық ағарту ісінің озық қызметкері», Байзақ ауданының Құрметті азаматы атанды. Бірнеше медаль мен Құрмет грамотасының иегері.
Серік атаның жары Манат апаның да бар еңбек жолы мектеппен байланысты. 1959 жылы ауылдағы білім ордасына кітапханашы болып орналасқан ол бір орнында тапжылмастан еңбек етіп, 1994 жылы зейнеткерлікке шықты. Дүниеге 15 перзент әкелген Батыр Ана.
– Алланың бергені, 13 балам аман-есен өсіп, ержетті, үбірлі-шүбірлі болды. Тек осыдан екі жыл бұрын дәрігер болып еңбек етіп жүрген үлкен қызым аяқ астынан бақилық болып кетті. Әр баланың өз несібесі бар ғой. 11 балам жоғары білім алды. Еңбек ете жүріп, дүниеге келтіріп, соларды қатарға қостық, – дейді Манат апа ағынан жарылып.
Шынында, Мамырбаевтарға осынша баланы жетелеп жүріп жетілдіру оңай болды дейсіз бе? Енді бүгінде сол перзенттерінің рақатын көріп отыр. Осындай ата-ананың тәрбиесін көрген ұл-қыздары да шетінен еңбекқор, ақкөңіл жандар. Жеті келін түсірді. 7 ұл, 6 қыздың ішінен алтауы және келіні әке жолын қуып, ұстаз атанды. Бұдан бөлек, екі қызы жоғары білімді дәрігер, Есболаты – инженер, Бекболат – кәсіпкер, Ерболат – жол құрылысында, Шымболат – газетте жауапты қызметкер, ең кенжесі Ақболаты әскери бөлімде қызмет етеді.
Тәрбие басы – тал бесік. Серік ата мен Манат апа ұл-қыздарынан өрбіген 35 немере мен 29 шөберенің тәрбиесін тасада қалдырған емес. Халқымыз «Отан – қуат, отбасы – шуақ», деп тегін айтпаған. Өйткені отбасылардан мемлекет құралады. Демек, әр елдің, әр мемлекеттің мызғымас беріктігі – әр отбасының мықтылығында. Сондықтан отбасы – азаматтың тірегі ғана емес, қоғамның басты негізі болып табылады. Жүздерінен жылылық есіп, көңілдерінен тектіліктің табы сезілетін қос қария аңыздардан сыр шертіп, қиял-ғажайып ертегілерді ерінбей-жалықпай немере-шөберелеріне оқып беріп отырғаны. Иә, Серік ата мен Манат апа – өнегелі отбасының ұйытқысы болып отырған асыл жандар. Адамның бақыты деген осы емес пе.
Жамбыл облысы,
Байзақ ауданы,
Түймекент ауылы.