Қазақстан Республикасының «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Заңында және заң жобалау жұмысын ұйымдастыру қағидаларында заң жобаларын әзірлеу кезінде сақталатын нақты ережелер қарастырылған. Міндетті талаптардың бірі - заң жобаларын ғылыми-лингвистикалық сараптау.
«Бұл жағдайлар бейбіт жиналыстар туралы заң жобаларын әзірлеу кезінде ескерілді, заң жобаларының мәтіні Парламентте талқылануға дейін екі рет қажетті тексерулер мен лингвистикалық сараптамадан өтті. Ғылыми-лингвистикалық тексерулер нәтижелері бойынша барлық ескертулер ескеріліп, қателер түзетілді» делінген хабарламада.
Министрлік Парламентке ұсынылған жобада қате болмағанын айтады.
«Заң жобалары Парламентке ұсынылған кезде оларға ілеспе құжаттар, оның ішінде ғылыми-лингвистикалық сараптама қорытындылары қоса беріледі. Анықталған қателіктер туралы ақпарат бейбіт жиналыстар туралы заң жобаларының бастапқы нұсқасына қатысты, заң жобалары Парламентке жіберілгенге дейін бұл қателер жойылды» делінген министрлік берген түсініктемеде.