Қоғам • 15 Мамыр, 2020

Коммуналдық қызметтерді өтеуге өтінім беруге арналған бот іске қосылды

556 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысында коммуналдық қызметтер үшін өтелетін төлемдерге өтінімді Телеграм бот арқылы беруге болады.

Коммуналдық қызметтерді өтеуге өтінім беруге арналған бот іске қосылды

Төлемдерді өтеу карантин енгізілген аумақтағы елді мекендерде жүзеге асады. Өтініш берген коммуналдық қызметтерді жеткізушімен шарт осы отбасы мүшелерінің бірінің атында болуы тиіс. Атап айтқанда, көмекті 1, 2 және 3 топтағы мүгедектер, Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары және Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген адамдар, мүгедек балаларды тәрбиелеушi отбасылар, көпбалалы отбасылар, ең төмен және аз зейнетақы алатын зейнеткерлер, мемлекеттік немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқық тәртiбiн қорғау кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасылары, атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар, оның ішінде жалғыз басты зейнеткерлер ала алады.

Коммуналдық қызметтерді төлеу бойынша халықтың төлемдерін өтеу үшін тұтынушылар (немесе олардың заңды өкілдері) «Telegram» мессенджері арқылы «SmartTurkistanBot» боты арқылы немесе аудандар мен қалалардағы call-орталықтар арқылы жеке сәйкестендіру нөмірін, әлеуметтік мәртебесін және коммуналдық қызмет бойынша дербес шотының деректерін ұсына отырып, өтініш бере алады.

Жоғарыдағы аталған санаттарға жататын тұтынушыларға 15 мың теңгеден 2 ай (сәуір, мамыр) мерзімі үшін төлем жүргізіледі. Аталған көмекті алуға өтінім білдіру мамыр-маусым айлары аралығында қабылданады.

Айта кетейік, Telegram мессенджерінде бот табу үшін іздеу жолында @SmartTurkistanBot теріп, «Бас мәзір» батырмасын басу қажет. Бұл қызмет халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына ғана ұсынылады.