Қоғам • 15 Мамыр, 2020

Алматыда індетпен босанған әйел сауығып, сәбиін бауырына алды

125 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда Covid-19-дан емделгеннен кейін босанған алғашқы ана ауруханадан шығарылды.

Алматыда індетпен босанған әйел сауығып, сәбиін бауырына алды

Бүгін Алматыда коронавирустық инфекция расталған 30 жастағы босанған әйел сауығып, үйіне шығарылды.

Еске сала кетейік, 17 сәуірде №1 Қалалық клиникалық ауруханада 1990 жылы туған вирус жұқтырған әйел салмағы 2,5 келі дені сау қызды дүниеге әкелген болатын.

Жаңа туған сәбиде тексеріп-қарау кезінде Covid-19 диагнозы расталмады.

Осы уақыт ішінде нәресте балалар бөлімшесінде дәрігерлердің қарауында болды.

«Бүгін мен өз қызымды алғаш рет қолыма алып отырмын. Менің босанғаныма бір ай болды. Өкінішке орай, бұл пандемия маған да келіп жетті. Мен 12 сәуірде жұқпалы аурулар ауруханасынан осында келіп түскенде, өзімді жайсыз сезінген болатынмын. Менде жөтел, дене қызуы, ентігу болды. Маған моральдық және физикалық тұрғыдан көмектескені үшін дәрігерлерге үлкен рахмет. Олар мені емдеп қана қоймай, мейіріммен қарап, маған рухани қолдау көрсетті. Тек дәрігерлерге ғана емес, сондай-ақ мейірбекелерге, санитарларға да алғыс айтқым келеді. Олардың еңбегі зор. Костюмдерде жүру олар үшін оңай емес, сонда да олар өз міндеттерін орындауда. Олар біздің денсаулығымызды жақсартуға барын салып отыр, - деп өз ойымен бөлісті Жібек Дюсупова.

Қазіргі уақытта ана мен бала денсаулығының жай-күйі қанағаттанарлық, енді олар үй карантинінде болады.

Медициналық директор Сәбит Пазыловтың айтуынша, қазіргі уақытта перзентханада Covid-19 вирусы бар босанған 5 әйел жатыр. Барлық жаңа туған нәрестелерде талдау теріс нәтижені көрсетті. Жақын арада олар да емдеуден шығарылатын болады.

«Қазір біздің ауруханамыз 442 төсек-орынға арналып ашылған провизорлық орталық болып табылады. Оны ішінде 50 төсек-орын біздің перзентханамызда, онда Covid-19 диагнозына күдікті не расталған жүкті және босанған әйелдер жатыр. Біздің перзентханамыз провизорлық стационар ретінде өз жұмысын 12 сәуірде бастады. Осы уақыттан бері біздің перзентханамызда карантиндегі жүзден астам жүкті әйел емделді, 20 босану қабылданды, оның 5-уі расталған диагнозымен дені сау сәбиді дүниеге әкелді», - деді Сәбит Пазылов.