Аймақтар • 16 Мамыр, 2020

Түркістан: Еріктілер мақтааралдықтарға 50 тонна әлеуметтік көмекті жеткізді

117 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мақтаарал ауданында орын алған төтенше жағдайға байланысты құрылған «Біргеміз, Мақтаарал!» волонтерлар штабы құрамында бастапқы күндері, тоғандар мен дамбылар жасауға жұмылдырылған адамдармен қоса есептегенде 500-ге жуық волонтерлар қызмет етсе, бүгінгі таңда тұрақты түрде жұмыс істейтін 100-ге жуық ерікті бар.

Түркістан: Еріктілер мақтааралдықтарға 50 тонна әлеуметтік көмекті жеткізді

Оның ішінде 25 ерікті орталық қоймадағы жұмыстарға жұмылдырылса, 15-ке жуығы штаб қоймасында, 20-дан астам ерікті үлестіру-тасымалдау жұмыстарына  тартылған. Сонымен қатар барлық эвакуациялық орталықтарда, түрлі бағыттар бойынша еріктілер қызмет көрсетеді. Түркістан облысы әкімдігі және «Нұр Отан» партиясының қолдауымен, құрылған еріктілер штабына  Жастар ресурстық орталығы директоры Амалбек Өміртай жетекшілік етеді.

Қазіргі таңда еліміздің барлық аймағынан  гуманитарлық көмек керуендері Мақтаарал ауданына толассыз келіп жатыр. Жалпы, ауданғ келген гуманитарлық көмектің көлемі 600 мың тоннадан астам. Қоймаларда жинақталған азық-түлік, тұрмыстық заттар, гуманитарлық материалдық көмектерді түсіру-тиеу, сондай-ақ эвакуациялық пунктерге шоғырланған  тұрғындарға барынша ыңғайлы жағдай жасау – волонтерлардың басты міндетіне жатады.

Он күн ішінде «Біргеміз, Мақтаарал!» волонтерлар штабы 1100-ден астам тұрғынға, 150 отбасыға 50 тоннаға жуық азық-түлік, қажетті киім-кешек, құрал-сайман, тұрмыстық, жеке гигиеналық заттармен жан-жақты әлеуметтік көмек көрсетті.

1