27 Қыркүйек, 2013

Апаттың авторы – әкімнің көлігі

215 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

dtp 520 260Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжановтың аты қазір қызметтік көлігінің үш бірдей мәшинеге барып соққанымен шығып жатыр.

Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжановтың аты қазір қызметтік көлігінің үш бірдей мәшинеге барып соққанымен шығып жатыр.

Оқиға қаланың қақ ортасындағы көшелердің бірінде орын алған. Мұның анық-қанығын тексерген жол полициясы қызметкерлері мен шенеуніктер бұл жөніндегі ақпардың сыртқа тарап кетпеуіне қатты мүдделілік танытып, бәрін жылы жауып қоя салуға біраз тырысқандарымен, оларынан ештеңе шықпапты. Мұндағы негізгі уәж бұл кезде әкімнің демалыста жүргені болғанға ұқсайды. Алайда, бастығының жоқтығын пайдаланып, қалада емін-еркін сайрандап жүрген жүргізушінің ережені қалай бұзғанын көздерімен көрген жұрт көп кідіртпей, оның жасаған жол апатын бейнелейтін суреттерді ғаламторға салған да жіберген.

Айта кету керек, облыс әкімінің сөзімен айтқанда, бір кездері Т.Қасымжанов «қаланы басқаруға лайықты емес» деп табылып, орынтағын босатқанымен, біршама уақыттан кейін орнына қайта келген көрінеді. Дегенмен, өзі демалыста жүрген қала әкімінің жөндеудегі көлігі қалай жол апатына тап бола қалғаны қатты таңғалдырып отыр.

Ал әкімнің қызметтік көлігін рұқсатсыз мініп кеткенімен қоймай, үш бірдей көлікті жапырып өткен жүргізуші сол жерде бірден мәшиненің мемлекеттік нөмірін алып тастапты. Бірақ, тұрғындар көліктің қала әкіміне тиесілі екенін жазбай таныған. Себебі, қалада бұл тектес басқа көлік жоқ.

Осы оқиғадан кейін жүргізуші жұмыстан босатылған. Әкімдік қызметкерлері болса, жөндеуге келмейтін «Мерседестің» орнына жаңа көлік іздеуге кірісіп кетіпті.

«Он жылдық тәжірибесі бар әкім аппаратының жүргізушісі жөндеуде тұрған көлікті жеке қолданысына өз еркімен алған. Екі күн өткен соң болған апатта ащы су ішкенін мойындап отыр», – дейді Өскемен қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Лариса Поломошнова.

Құрыш НҰРЫМБЕТ.

Соңғы жаңалықтар