Аймақтар • 17 Мамыр, 2020

Министр Мағзұм Мырзағалиев Жамбыл облысында болды

241 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жұмыс сапарымен Жамбыл облысында болып, облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен бірге өңірдегі су шаруашылығы  саласында жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысты.

Министр Мағзұм Мырзағалиев Жамбыл облысында болды

Бүгінде суармалы алқаптарды 200 мың гектарға ұлғайту міндеті қойылып отыр. Оның көлемі 110 мың гектарды  құрайды. Ал, суару жүйелерін қалпына келтіру жұмыстарынан соң  бұл көрсеткіш кем дегенде 180 мың гектарға дейін артады деп жоспарлануда.

Сонымен қатар, Жамбыл ауданындағы 3098 гектар алқап «Раис» магистральды каналына байланған шаруашылықаралық және шаруашылықішілік арналарынан келетін суға тәуелді. Бүгінде аталған аудандағы 36 шаруақожалық жоңышқа, жүгері және бақша дақылдарын өсірумен айналысуда.

Дегенмен, 1332 гектар жер су тапшылығына байланысты пайдаланылмай отыр. Жүргізіліп жатқан қайта жаңғырту жұмыстары  осы мәселені шешуге бағытталған. Сол сияқты ұзындығы 8,4 шақырым болатын «Исмаил» магистральды каналындағы жағдай да осыған ұқсас. Мұнда қолға алынған шаралар нәтижесінде 798 гектар алқаптағы суармалы жерлер қалпына келтіріледі деп күтілуде. Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жақсарту жөніндегі жобаның екінші кезеңін жүзеге асыру Жамбыл ауданының суармалы жерлерінің 5000 гектар алқаптағы мелиоративтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, Жамбыл облысы бойынша Еуропалық қайта құру және даму банкінің 24,7 миллиард теңге несиесі есебінен су шаруашылығы және су бұру жүйелерінің 310 нысаны қайта жаңартылатын болады.

«Қазсушар» РМК филиалының басшысы Қазыбек Бедебаев «Қарақоңыз» су қоймасының сыйымдылығын  8,5 миллион текшеметрден 18,5 миллионға дейін ұлғайту, Жамбыл ауданы, Жасөркен ауылындағы гидрологиялық бекеттің нашар жағдайы, «Химпарк Тараз» ЖШС-нің тірек құрылысын жөндеу сияқты бірқатар мәселелерді атап өтті. «Каналдарды жөндеуден басқа құдықтар қазу ісі де өзекті.

Мүмкін болса, барлық қолданыстағы каналдарды бетондау қажет. Бұл аздап қымбатқа түскенімен, бірақ ол ұзақ шыдас береді және су шығынын айтарлықтай азайтады», деді Бердібек Сапарбаев. Ал, министр Мағзұм Мырзағалиев ел Президентінің алдағы 10 жылда суармалы жерлердің аумағын 1,6 миллионнан 3 миллион гектарға дейін ұлғайту туралы тапсырмасы бар екенін атап өтті. Мұндай жобалардың ауыл шаруашылығын дамыту мен шаруалардың өмір сүру деңгейін көтеру үшін керектігі де айтылды.

Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келген Мағзұм Мырзағалиев тағы да бірқұатар нысандарды аралап, бірқатар жоспарлармен танысты. Атап айтсақ, Талас және Байзақ аудандарының шекарасында сыйымдылығы 11 миллион текшеметр болатын «Ақмола» су қоймасын салу жоспарлануда. Жоба құны – 4,8 миллиард теңге. Жобаның мақсаты – Темірбек станциясының астындағы Талас өзенінің бойындағы жерлерді суару үшін кепілді сумен қамтамасыз ету. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қолайлы табиғи ландшафтты ескере отырып, мұнда 500 миллион текшеметрге дейін ылғал жинау мүмкін екендігін айтты. Министр Мағзұм Мырзағалиев жобаны қолдап, министрлік тарапынан қолдау көрсетілетіндігін жеткізді.

Ұсынылып отырған құрылыстың барысымен танысқаннан кейін каскадты типтегі нысанды құру туралы ұсыныс жасалды. Мұндай үлгіде тиімділік екі есе артып, судан басқа электр энергиясы да  жеткізіледі. Ол үшін техникалық-экономикалық негіздемені қайта қарау, басқа да құжаттарға өзгерістер енгізу қажет. Су қоймасы құрылысына қатысты арнайы жұмыс тобы құрылатын болды. Сонымен қатар, «Байзақ» магистральды каналының 21,9 шақырым болатын Түймекент, Дөңсары, Өтеген, Ұзын ішкі шаруашылық арналарын жөндеу жұмыстары жалғасуда. Нәтижесінде 1000 гектар алқаптағы суармалы жерлер қалпына келтіріліп, «Сәмбет» магистральды каналының Отарбек, Болпан, Анар және Өтелбалық ішкі шаруашылық арналарын қайта жаңғырту жұмыстары 700 гектар суармалы жерді айналымға қосуға септігін тигізеді.

Сондай-ақ Бердібек Сапарбаев пен Мағзұм Мырзағалиев каналдарды тазарту бойынша Байзақ ауданының механикаландырылған жасақ қызметімен танысты. Аталған жасақ 17 бірлік техникамен қамтылған. Олар Талас ауданындағы бесінші каналды тазартуға кіріскен. Механикаландырылған жасақ қызметінің нәтижесінде бұл жұмыс түріне тарифтер екі еседен астам көрсеткішке төмендеп, көптеген шаруалар суармалы суға қол жеткізе бастаған. Жамбыл облысына жұмыс сапары барысында министр Мағзұм Мырзағалиев Шу және Қордай аудандарындағы бірқатар су шаруашылығы нысандарында болды.

 

Жамбыл облысы

Соңғы жаңалықтар