Әлем • 17 Мамыр, 2020

Толстой үйінің символдары көрсетілді

206 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ясная Поляна Толстой үйінің символдық мәніне тоқталып, көрерменге автор өмірінде аса маңызды болған заттардың мағынасын ашып берді. Сондай-ақ оқырмандар арасында Толстой ақсақалдың хаттары мен персонаждарына тест ұйымдастарды. Айта кетейік, бұның бәрі «Музей түні» жобасының аясында һәм онлайн режімде өткізіліп отыр.

Толстой үйінің символдары көрсетілді

«Ясная Поляна» музей-үйі жасаған екі онлайн шараға тоқталсақ, «Ясная Полянаның символдары» атты мультимедиялық жобада ұлы жазушының дүниетанымына қатысты һәм отбасы мен үйіне байланысты жеті объект алынған. Оның әрқайсысы ерекше символикалық мағынаға ие. Мәселен, Толстой үйі – өмірдің символы, қаламгер кабинетіндегі диван – тектің символы, Лев Николаевичтің қарындасы сыйлаған жастық – махаббат символы, жазушы үйінде өскен ағаш – мейірім символы, Толстой кітапханасындағы экперанто тіліндегі кітаптар – халықтар бірлігі символы, Томас Эдисон сыйға тартқан фонограф – прогресс символы, үй алаңындағы үлкен сағат – уақыт символы. 

Ал Толстой хаттарынан тест ұйымдастырылған екінші жобада оқырман автордың өзі жазған хаттар мен кейіпкерлері жазған хаттарды ажыратады. Ұлы жазушы бар ғұмырында 10 000-нан аса хат жазып, 50 000-ға жуық жауап хаттар алған. Толстойдың жазысқан хаттары шығармаларының 90 томдық жинағының 30 пайызын құрайды. Қазіргідей технология оза дамымай тұрған сол уақыттарда хат алмасу шалғайдағы творчество иелерінің сыр шертісіп, пікірлесулеріне үлкен мүмкіндік туғызды. Ал бүгінде қолмен жазылатын қағаз-хаттар адамдардың бір-біріне деген сенімінің, сағынышының символына айналған секілді.