Қазақстан • 18 Мамыр, 2020

«Ерен еңбегі еліне. Генерал Қайдаров» атты кітаптың таныстырылымы өтті

444 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биылғы 16 мамыр күні ҚР ІІМ мұражайында «Ерен еңбегі еліне. Генерал Қайдаров» атты кітаптың таныстырылымы және әділет генерал-майоры Рүстем Есімханұлы Қайдаровтың 80 жылдығына арналған экспозицияның салтанатты ашылуы өтті.

«Ерен еңбегі еліне. Генерал Қайдаров» атты кітаптың таныстырылымы өтті

Р. Қайдаров 2019 жылдың 27 желтоқсанында әуе апатынан қаза тапқан болатын. Қазақстан Республикасы ІІМ-нің еңбек сіңірген ардагері өмірінің соңына дейін «Генералдар кеңесі» РҚБ Президиумы төрағасы міндетін абыроймен атқарды.

Әйгілі генералды еске алу шарасына Рүстем Есімханұлының туған-туыстары мен жақындары: ағасының жұбайы Гүлбаршын Қайдарова және оның балалары Айгүл мен Дархан, сондай-ақ ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның қазақстандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірзақ Болсамбеков бастаған ІІО ардагерлер кеңесінің мүшелері және ҚР ІІМ басшылығы қатысты.

«Ерен еңбегі еліне. Генерал Қайдаров» кітабы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың қолдауымен Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның қазақстандық ардагерлер кеңесінің төрағасы милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбековтің жалпы редакциясымен шығарылды. Редакциялық алқаға генералдар Махмұд Телегусов, Тұрсын Айжулов, Наиль Ғалымжанов және Болат Байжасаров қатысты.

Кітапта Қайдаровтың әріптестері мен қызметтестерінің естеліктері жинақталған, сондай-ақ ІІМ мұражайының мұрағаттық материалдары мен фотосуреттері берілді.

«Біз бүгін генерал Рүстем Қайдаровқа құрмет көрсету үшін жиналып отырмыз. Рүстем Есімханұлы 1940 жылы 18 мамырда дүниеге келді. Милицияның қатардағы қызметкерінен генералға дейін жол жүріп өтті. Ол қатардағы милиция қызметкерінен генералға дейінгі қиын жолдардан өтті. Қазақстанның заң ғылымының дамуына, жас тәуелсіз Қазақстанның құқық қорғау жүйесін және оның құқықтық базасын құруға, полиция кадрларын қалыптастыруға зор үлес қосты. Оның серіктестері айтқандай, Р. Қайдаров ең қиын жағдайларда, әсіресе адамдардың тағдырына қатысты мәселелерде дұрыс шешім таба білді. Құрметті демалыста жүріп, қоғамдық өмірге белсенді қатысты, қазақстандық полицияның жас толқынын патриоттық рух және адамгершілікке тәрбиелеу, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру бағытында аяңбай тер төкті», деп атап өтті Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди.

Бұдан соң сөз алған Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұланның қазақстандық ардагерлер кеңесінің төрағасы милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков: «Құқық қорғау органдарының жылнамасына генерал Рүстем Есімханұлы Қайдаровтың есімі алтын әріптермен жазылды. Өкінішке орай, ол бүгін біздің арамызда жоқ. Асыл азамат тірі болғанда 2020 жылдың 18 мамыры күні 80 жасқа толар еді…

Рүстем Есімханұлы бүкіл саналы ғұмырын туған халқына қызмет етуге арнаған талантты, талмайтын еңбекқор жан ретінде ел есінде қалды. Ол ішкі жан дүниесі бай, рухы жоғары, қызмет тәртібіне берік адам еді. Нағыз генерал туралы, Ішкі істер органдарының көптеген ұрпақтарының тәлімгері жайлы жылы естелік біздің жүрегімізде мәңгілікке сақталады, оның даңқты өмір жолы туралы мұражай экспонаттары мен кітаптары келушілерге кеңінен сыр шертері сөзсіз», деді.

Айта кету керек, ІІМ-мен бірге Алматы қаласы Полиция департаменті, Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласы Полиция басқармасы, Қарағанды облысы Жезқазған қаласы Полиция басқармасындағы мұражайларда генерал туралы естелік бұрышы салтанатты түрде ашылды. Бұл өз кезегінде жас офицерлерге патриотизм мен ерліктің жарқын үлгісіне айналары сөзсіз.