Коронавирус • 18 Мамыр, 2020

COVID-19: Ажал құшқандардың көбінде артериялық гипертензия мен қант диабеті болған

861 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Коронавирустық инфекцияны жұқтыру қаупі әлі де толық сейілген жоқ. Сондықтан да мамандар жүрек бұлшық еттері мен тамырлардың жағдайын үнемі профилактикалық тексеріп отыру қажеттігін кезекті рет алға тартып отыр.

COVID-19: Ажал құшқандардың көбінде артериялық гипертензия мен қант диабеті болған

Мәселен, мамандар COVID-19 алғаш тіркелген Қытайдың мәліметтері аурудың күрделі түрі дамыған немесе оның салдарынан ажал құшқан пациенттердің көбінде артериялық гипертензия мен қант диабеті секілді ілеспелі патологиялардың болғандығы дәлелденгенін еске салады.

Артериялық гипертония – әлемде кең таралған ауру. Қазіргі таңда артериялық гипертонияның асқынунан өлім-жітім көбейді. Алайда, оны алдын ала анықтауда пациенттердің аурудың симптомдары мен асқынуынан хабардар болуы жеткіліксіз. Артериялық гипертония туралы ақпараттанудың жеткіліксіз болуы осы аурудың қаншалықты ауыр екендігіне мән бермеуге, маңызды асқынуларды болдырмау үшін аурудың ерте кезеңінде дәрігерге қаралудың төмен болуына әкеледі.

Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ кардиология кафедрасының ассистенті Жанар Ибакова аурудың қауіп факторлары, симптомдары мен ауруды қалай жеңуге болатындығы туралы түсіндіреді.

Дәрігердің айтуынша, ауруды болдырмау үшін оның пайда болу себептері, белгілері мен онымен күресудің жолдары туралы білімнің болуы қажет. Артериялық қан қысымының деңгейі 140/90 мм с.б. жоғары болуы артериялық гипертонияның бар екендігінің белгісі.

«Біз пациенттермен сөйлескен кезде көбіне қауіп факторлары туралы айтамыз. Бұл артериялық гипертония немесе басқа жүрек-қантамыр ауруларының дамуына әкелетін адам ағзасының, өмір сүру салтының ерекшеліктері» – дейді Жанар Онғарбайқызы.

Әр адам аса маңызды қауіп факторлары туралы хабардар болуы тиіс, өйткені олардың кейбіреуіне ол өз бетінше немесе дәрігердің көмегі арқылы артериялық гипертонияның пайда болуы мен оның асқыну қаупін азайта алады. Артериялық гипертонияның даму факторының басқарылмайтын факторлары бар, олар – жынысы, жасы, тұқым қуалаушылыққа бейімділігі. Сондай-ақ адамның психоэмоциялық жүктемеге, стресске реакциясы, артық салмақ, жүріс-тұрысы аз өмір салты, темекі шегу, алкоголь ішімдіктерін, тұзды, майлы тамақтарды, қантты мөлшерден тыс тұтыну секілді басқарылатын қауіп факторлары да бар. Осы әдеттермен тиімді күреспейінше артериялық гипертонияның алдын алуға және емдеу қиын.

Егер артериялық қан қысымының деңгейін бақыламаса, оның көрсеткіштерінің жоғарылауына көңіл аудармаса және артериялық қан қысымын төмендетуде дәрігердің нұсқаулықтарын орындамаса – жүрек, ми, көз тамырлары мен бүйрек тарапынан ауыр асқынулардың пайда болуы мүмкін.

Дәрі препараттарын қосудың қажеттігі туралы шешім, дәріні  таңдау –тек қана дәрігер қабылдай алатын шешім. Дәрігердің тәжірибесі мен білімі әр пациент үшін дұрыс шешім қабылдауға көмектеседі.

Өз бетінше артериялық қан қысымын анықтау қиын емес. Өз ағзаңызды тыңдаңыз. Жүрек бұлшық еттері мен тамырларының жағдайына үнемі профилактикалық зерттеулер жүргізіп отыру қажет. Ол тіс дәрігеріне қаралған секілді, қалыпты түрде үнемі болуы тиіс. Бұл әсіресе қауіп тобындағыларға қатысты.

Табиғат біздің ағзамыздың ұзақ өмір сүруі үшін жағдай жасады. Ал сіз бен біздің мақсатымыз өз денсаулығымызға ұқыппен қара дегенді білдіретін осы қорды сақтап қалу, дейді маман.

 

 

 

АЛМАТЫ