Аймақтар • 18 Мамыр, 2020

Шәкірттерін шыңға бастаған мектеп

486 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Көп мамандықтың ішінде жан-жақты білімді, шеберлікті, ерекше шәкіртжандылықты, мейірімділікті қажет ететін мамандық ұстаздық екеніне талас жоқ. Ұстаз болу балаға білім берумен ғана шектелмейтіндігін назарға алатын болсақ, Алматы қаласы Алатау ауданына қарасты №178 лицейде бүгінгі заман талабына сай шәкірт даярлауда балалардың ізденімпаздық, зерттеушілік, тіптен өнертапқыштық пен шығармашылық бағытта дамуына барынша көңіл бөлінуде.

Шәкірттерін шыңға бастаған мектеп

Әр оқушының үлкен өмір жолында тұлға болып қалыптасуына жетелеуде ұжым басшысы Қазақстанның білім беру ісінің үздігі Қайратбек Шадиев  білім ордасының жаңашыл бағытта дамуына барынша күш салып келеді.  №178 лицей Алатау ауданындағы ең көп жеңімпаздар шыққан мектеп ретінде биіктерден көрініп жүр. Түлектері «Болашақ» бағдарламасының грантымен шетелдерде білім алуда. Олар еліміздегі таңдаулы оқу орындарымен қатар, Ресейде, арысы Америка, Англия, Кореяда білім алып, еліміздегі министрліктер мен әкімдіктерде, түрлі басқармаларда әр сала бойынша жемісті еңбек етуде. Лицейдің шәкірттері қалалық, республикалық, халықаралық білім, өнер, спорт сайыстарында үнемі жеңімпаздар қатарынан табылуда. Соңғы үш жылдың ішінде оқушылардың ғылыми жобалары мен пәндік олимпиадалар сайысында халықаралық деңгейде – 27, республикалық деңгейде – 18 шәкірті жеңімпаз атанды. Бүгінде лицей оқушылары үшін тереңдете оқытатын курстар, факультативтер, үйірмелер тұрақты өткізіп келеді. Мектеп оқушыларының пәндік олимпиадалар мен спорттық сайыстарда да жүлделі орындарды бағындырып жүргендігі, жыл сайын ҰБТ-да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп жүргендігі қуантады. Мысалы, лицей оқушылары ХІ Еуразиялық олимпиаданың жеңімпазы мен жүлдегерлері атанған. Сондай-ақ, ҚР Білім және ғылым министрлігі жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша республикалық олимпиада жүлделі орындарға ие болып жүр. Сонымен қатар лицейдің биология пәні мұғалімі Айдарова Айдана,  Алатау ауданы ұйымдастырған «Педагогикалық идеялар фестивалі» байқауына қатысып І орын иегері атанды. Физика пәнінің мұғалімi Гүлнар Слямғалиева Президенттің алғысына ие болса, қазақ тілі мен әдебиеті пəні мұғалімі Қайырбай Қанат «Үздік педагог-2019» республикалық конкурсының жүлдегері атанды. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Исабаева Бальмира Абай Құнанбайұлының  175 жылдық мерейтойына орай білім беру мен оқушылары арасында өткен  «Абай мұрасы  – Қазақтың қасиетті қазынасы» халықаралық байқауының жеңімпазы атанып, мақаласы материалдар жинағына енді. Сондай-ақ, ҚР «Bilim órkenieti» ұлттық инновациялық  ғылыми-зерттеу орталығы атынан Білім мен ғылым саласына қосқан айрықша еңбегі және Абай мұрасына деген құрметі үшін «Абай Құнанбайұлы»  төсбелгісімен марапатталып, арнайы куәліктің иегері атанды.

 «Ұстаздың лаулаған жалыны – әр жүрекке жылу сеуіп, нұр құятын қуаттың, өмірдің қайнар көзі» демекші, мұғалім тәрбиесі мен өнегесі – оқушының болашақ азығы. Қайратбек Хамзаханұлы басшылық ететін лицей физиканы, робототехниканы оқытуда «Сөз үйретпейді, әрекет үйретеді» ұстанымында. «Физика мен математика – гумандық пән болғандықтан, оны меңгерген адамның ойлау мәдениеті және адамның адамгершілігі де жоғары болады, жаман істерге бармайды» деп білетін лицей ұжымы  интеллектуалды тұлға қалыптастырып, жас ұрпақтың тәрбиесіне барынша назар аударып келеді. АҚШ-тың Экономикалық Білім беру жөніндегі Ұлттық Кеңестің тренері, «Экономика негіздері және қаржы сауаттылығы» бағдарламасы мен «Менеджмент және экономикалық модельдеу», «Титан», «Банктер іс-әрекеттер барысында» Junior Achievement Worldwide халықаралық бағдарламалары бойынша әдіскер-мұғалім ретінде белгілі Қайратбек Хамзаханұлы басқарып отырған ұжым республика бойынша және Алматы қаласы мұғалімдерімен бірге педагогикалық біліктіліктерін инновация тұрғысынан дамыту ісіне белсене атсалысуда. 

«Көпті жаман басшы тоздырады, жақсы басшы оздырады» деген халық  даналығына сүйенетін болсақ, оқушылар мен ата-аналардың лицей ұжымына айтар алғысы шексіз. Мектеп ұжымының биік межелерді бағындырудағы келелі жоспарларының арқасында әрі білікті басшы Қайратбек Хамзаханұлының талап қойғыштығының арқасында мпектеп оқушылары жоғары жетістіктерге жетуге тырысады. Мектептің де, ұстаздың да, әрбір оқуышының да жеткен жетістігі аталған білім ордасындағы сапалы жүргізілген жетістік бағдарламасының негізі. Мектептегі әрбір мұғалімінің педагогикалық еңбек жолы, оқу-әдістемелік бейнесі мен табысы, шәкірттерінің қол жеткізген нәтижелерін арнайы жеке-жеке жазып шықса артық болмас. Ұстаз үшін одан артық сый болмас! Осындай басшыға және мәртебесі жоғары педагогикалық ұжымға денсаулық, творчестволық шабыт, еңбекте жеміс тілеймін», дейді 11 «Ж» сыныбының оқушысы Әбдіжәлелқызы Махаббаттың анасы Сәуле Табалдинова.

Оқушының тұлға ретінде қалыптасуында білім мен инновация ұштастыра білген ұжымның алдағы істеріне сәттілік тілеген ата-аналар алдағы ҰБТ-да лицей оқушылары жоғары көрсеткіштерімен ерекшеленеді деген сенімде.