Қазақстан • 18 Мамыр, 2020

Балаларға базарлық байқауы мәреге жетті

621 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізде төтенше жағдай жарияланғалы бері сәуір айынан бастап күн сайын Egemen TV арнасы «Балаларға базарлық» айдарымен ертегі ұсынып келді. Осы ретте балалар арасында ертегі тыңдау және айту дәстүрін жаңғырту мақсатында ел газеті «Egemen Qazaqstan» арнайы онлайн-байқау жариялаған болатын.

Балаларға базарлық байқауы мәреге жетті

Байқауға қатысуға еліміздің түкпір-түкпірінен өтініштер келіп түсті. Барлығы 26 бала қатысты. Олар тұрмыс-салт, әдет-ғұрып, дүниетаным көзқарасын сақтауға, адалдыққа, еңбекке үндеген қазақ халық ертегісінен бастап, әлем ертегілерін нақышына келтіре айтып берді. Қатысушылар арасындағы ең кішкентай алматылық 2 жасар үміткер Салтанат Нұрбақыт та өз бағын сынап көрді. Ертегіні мзмұндап қана қоймай, сан-алуан сахналық көріністер арқылы жеткізген талапты балақайлардың видео-монтаж жұмыстары үшін де аз еңбектенбегені байқалады.

Редакция алқасы қатысушы балалардың ой-өрісін, сөздік қорын, танымдық-шығармашылық қабілеттері мен жұмыстардың көрнекілігін бағалай келе үздік жеңімпаздарды анықтады.

Алматылық Ләйлә Дүйсенәлі (5 жаста) және Жамбыл облысы, Талас ауданы, Ойық ауылындағы Д.Қонаев атындағы орта мектебінің 2-сынып оқушысы Арайлым Мейрамбек, Нұр-Сұлтан қаласы, Б.Майлин атындағы №52 мектеп-гимназиясының 2-сынып оқушысы Ердос Төлегеновтің жұмысы бірінші орынға ие болды. Ал Семей қаласы, №37 гимназиясының 1-сынып оқушысы Елназар Жақышев, Ақтөбе қаласы, М.Мақатаев атындағы №73 мектебінің 2-сынып оқушысы Жанерке Жоламан,  Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданы Ж.Қалдықараев атындағы орта мектебінің 2-сынып оқушысы Абылайхан Асқар жоғары шығармашылық ізденістері үшін екінші орынға лайық деп танылды. Шымкент қаласы, №83 мектебінің 1-сынып оқушысы Нұрмұхаммед Қарақұл, Жамбыл облысы, Талас ауданы, Ойық ауылы, Д.Қонаев атындағы орта мектебінің 1-сынып оқушысы Асланбек Мейрамбек белсенді қатысқаны үшін жүлделі үшінші орыннан көрінді. Жеңімпаздарға «Egemen Qazaqstan» газеті  әлемнің заманауи классикасына айналған тамаша ертегілер топтамасын тарту етіп, дипломмен марапаттайды. Ертегі айту дәсүрін жаңғыртуға үлес қосып, жан-жақты дайындығымен көзге түскен өзге де қатысушы балдырғандарға арнайы ынталандыру сыйлықтары тапсырылады.

Қазақ радиосындағы «Ерден атаның ертегілері», «Зәмзәгүл әженің ертегілері», «Кешкі ертегілер» деген атпен үзіліссіз беріліп тұратын ізгілікті дәстүрдің жалғасындай болған жоба аз уақытта өз тыңдармандарын тауып үлгерді. «Балаларға базарлық» ертегілер топтамасын «Egemen Qazaqstan» газетінің YouTube арнасынан күн сайын тыңдай аласыздар.