Қоғам • 18 Мамыр, 2020

«Мен – Абайдың ұрпағы» атты республикалық конкурс өтті

248 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ Бас сәулет - құрылыс академиясы жанындағы лицей оқушыларға сапалы білім алуға, шығармашылық сұраныстарды жүзеге асыруға, оларды тереңдетіп оқыту үшін пәндерді өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Осы мақсатта олимпиадалар, конкурстар, викториналар, ғылыми-практикалық конференциялар, дебаттар өткізіледі, лицей оқушыларының аудандық, қалалық, облыстық және республикалық олимпиадалар мен конкурстарға қатысуы қамтамасыз етіледі.

«Мен – Абайдың ұрпағы» атты республикалық конкурс өтті

Ұзақ дайындық жұмыстарының нәтижесінде ҚазБСҚА жанындағы лицей ЮНЕСКО клубының толық құқықты мүшесі болып табылады, бұл оқушыларға халықаралық жобаларға қатысуға кең мүмкіндік береді. ҚазБСҚА жанындағы лицей түрлі жобаларды белсенді енгізіп, білім беру сапасын жақсарту және оқушылардың шығармашылық деңгейін арттыру үшін бастама жасайды.

ҚазБСҚА жанындағы лицейдің Қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы Н.Т.Сафуллина «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында Абайдың тұлғасы мен мұрасын ұлықтау мақсатында білім беру саласына үлкен міндеттер жүктеді. Қазақтың біртуар ұлдарының бірі, данышпан ақын, ойшыл, дана ғұламаларының бірі, қазақ әдебиетінің шоқтығы биік ірі тұлғасы Абай еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру мақсатында ұжымы іс-шаралар ұймдастыруды ҚазБСҚА жанындағы лицей басшылыққа алды. Қазақ Бас сәулет - құрылыс академиясының 40 жылдығын және Ұлы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығын мерекелеуге арналған іс-шаралар аясында Инновация институты және қосымша білім беру және жекеменшік білім беру ұйымдарының республикалық қауымдастығының қолдауымен, ҚазБСҚА жанындағы лицей «Мен –– Абайдың ұрпағы» атты республикалық қашықтық конкурсын өткізді және Қазақстан Республикасының жалпы білім беру мекемелерінің 4-11 сынып оқушыларын қатысуға шақырды» деп атап өтті.

«...Абайдың өзі өлсе де, сөзі өлген жоқ,

Абайға ешбір ақын теңелген жоқ.

Мәңгілік бүгінгідей сенің жырың,

Ескіріп айтқан үлгің көнерген жоқ.

Халыққа үлгі берген сенен өзге

Ақында сіз сияқты шебер де жоқ....» деп ақын Қасым Аманжолов  жырлағандай, Абайдың өзі  өлсе де, артында қалдырған  мұрасы ғасырдан-ғасырға  жетері  анық. Абай Құнанбайұлы - қазақтың жүрегіндегі  мәңгілік есім.

Абайды қалай дәріптесек те жарасады. Оның ғибратты ғұмыры мен шынайы шығармашылығы – қазақ халқына ғана емес, жаһан жұртына да үлгі-өнеге. Абайдың адам мен қоғам, білім мен ғылым, дін мен дәстүр, табиғат пен қоршаған орта, мемлекет пен билік, тіл мен қарым-қатынас туралы айтқан ой-тұжырымдары ғасырлар өтсе де маңызын жоғалтпайды. Өйткені ақынның мұрасы – бүкіл адамзат баласының рухани азығы. Олай болса, Абай Құнанбаевтың шығармашылық мұрасын насихаттауды, Абайдың шығармашылық мұрасына деген сүйіспеншілікке тәрбиелеуді, оқушылардың рухани ой-өрісін кеңейту мен өзге ұлт өкілдерінің қазақ мәдениеті мен әдебиетіне қызығушылығын арттыруды және дарынды оқушыларды анықтау және қолдауды мақсат еткен байқауға жұмыстар үш тілде қабылданып, жас санаттары бойынша өткізілді. Бірінші топ – 4-5 сынып оқушылары (мәнерлеп оқу сайысы). Осы топтың әр қатысушысы Абайдың шығармаларын мәнерлеп оқу арқылы бейнеролик ұсынды. Қатысушылардың баяндамалары тақырыпқа сәйкестігі, сахна мәдениеті, сөйлеудің интонациялық мәнерлілігі, сөйлеудің эмоциялық-экспрессивті бояуына байланысты ( музыкалық және хореографиялық безендіру ) бағаланды.

Екінші топ – 6-7 сынып оқушылары ( Абай әндерін орындау байқауы). Осы топтың әр қатысушысы Абай әндерін орындаумен бейнеролик ұсынды. Қатысушылардың баяндамалары музыкалық, тақырыпқа сәйкестігі, сахна мәдениеті, әртістік және орындау ерекшелігі; орындау техникасы бойынша бағаланған.

Үшінші топ – 8-9 сынып оқушылары («Абай жолы» романынан Абай монологы). Осы топтың әр қатысушысы Абайдың монологымен бейнеролик ұсынды.

Қатысушылардың қойылымдары сахна мәдениеті, әртістік және орындау ерекшелігі бойынша бағаланды. Ал төртінші топ – 10-11 сынып оқушылары «Абай - ұлы, сөздері - мәңгілік» тақырыбында эссе жазды.

Байқау жеңімпаздары ҚазБСҚА басшылығының мақтау қағаздарымен марапатталып, жетекшілері оқушыларды байқауға дайындағаны үшін алғыс хаттар алды. Қатысушылардың дипломдары мен алғыс хаттары онлайн жолданды.