27-28 қыркүйекте Қазақстан философтарының 1-ші конгресі өтеді. Отандық философиялық ой неге қол жеткізді? Оның қазіргі басымдықтары қандай? Философиялық білім қай бағытта және қалай дамып жатыр, оның практикалық мән-маңызы мен мақсаты қандай? Конгресте осындай мәселелер әңгіме өзегіне айналады.
27-28 қыркүйекте Қазақстан философтарының 1-ші конгресі өтеді. Отандық философиялық ой неге қол жеткізді? Оның қазіргі басымдықтары қандай? Философиялық білім қай бағытта және қалай дамып жатыр, оның практикалық мән-маңызы мен мақсаты қандай? Конгресте осындай мәселелер әңгіме өзегіне айналады.
Қазақстан философтарының алғаш ашылғалы тұрған конгресіне табыс тілеймін. Бұл көптен күткен жиын болмақ. Өйткені, философия жаңа жоғары деңгейге көтеріліп келеді. Оған дәлел жоғары оқу орындарында жаңа пән «Ғылым тарихы мен философиясы» ендіріліп, оқыла бастағаны.
Бұл пән жаратылыстаным, техникалық ғылым өкілдерінің философиядан күткен методологиялық, дүниетанымдық нақты жәрдеміне қойылған жоғары талабына сай жасалған болатын. Өкінішке қарай, ХХ ғасырдың екінші жартысында бұрынғы кеңес елінде философия өзінің беделін төмендете бастады. Кейбір ірі жаратылыстық ғылымдар өкілдері бізге философия керек пе деп күңкіл шығарып, пікір айта бастады. Содан, 1989 жылы мәселені талқылау үшін шілде айының 7-сі күні Бүкілодақтық аттестациялық комиссия (ВАК) Москва қаласында өзінің пленумын шақырды. Бірақ демалыс кезеңі басталғандықтан оның 51 мүшесінің тек 27-сі ғана жиынға қатысты. Проблеманы дауысқа салғанда 18 адам философияға қарсы екендерін, 6-уы философияны жақтайтындарын мәлімдеді, 3 адам қалыс қалды. Көпшілік дауысты ешкім алмағандықтан мәселе шешілмей, кейінге қалды. Ертеңіне 8 шілдеде «Известия» газеті «Философия жалған ғылым» деп сұрау белгісін қойып, мақала шығарды. Бірақ, артынша құлаған кеңес жүйесіне сай талас аяқсыз қалды. Осының бәріне себеп болған сол кездегі философтардың ұдайы қозғалыстағы, дамудағы ғылым табыстарынан қол үзіп, түсінбестік көрсеткені еді. Мәселен, кеңес философтары математика, техникадағы жаңалық «кибернетиканы», химияда «резонанс» теориясын, физикада «қатыстық» теориясын, «кванттық механика» және биологияда тұқым қуалайтын «генетика» теориясын түсінбей, бұлар ғылымға жат деп байбалам салған болатын. Әрине, бұл өрескел қателіктер кейін көп күшпен жөнделді. Десек те, философия беделіне үлкен нұқсан жасалды.
Басты себеп, философиямен жаратылыстық, техникалық ғылымдар арасындағы творчестволық байланыстың үзіле бастағаны еді. Қазіргі замандағы қаулап өсіп жатқан ғылымдарға жалпылық жағынан емес, нақты методологиялық көмек керек болды. Бірақ догмаға айналған философия сол жәрдемін бере алмады. Ол үшін не керек еді? Философтар жалпылық білімге қоса, бір нақты ғылымның жоғары деңгейдегі маманы болуға тиіс-ті. Сонда ғана оның нақты ғылыммен байланысы тығыз, көмегі мықты болмақ.
Қазіргі оқулықтар осы тұрғыда жазылуда. Бірақ әлі қалыптасып біткен жоқ. «Ғылым тарихы мен философиясы» екі саладан тұрады. Бірі ғылым тарихы. Бұл ертедегі Қытай, Үнді, Вавилон, Египет, Грекиядан бастап, бүгінге дейінгі ғылым жолын қамту. Бұл тұрғыда мәселе түсінікті, негізінде жазылып та жатыр. Екіншісі, ғылым философиясы. Бұл салада атқарылатын, ізденіс жасайтын, талдайтын мәселелер әлі баршылық, тіпті мол. Соңғы мәселені шешу, ол философияның методологиялық, дүниетанымдық рөлін жоғары көтеруге жатады. Бұл, әрине, әлемдік проблема. Олай болса конгресс мәселенің осы жағына арнайы мән береді деп ойлаймын. Жарыққа шығып, қолданысқа еніп жатқан оқулықтар бұл тұрғыда тиянақты әрі терең ойластыруды қажет етеді. Сонымен, философтардың нақты ғылымға методологиялық, дүниетанымдық жәрдем көрсетуі үшін алдымен олардың өздері сол ғылым қайраткерлері деңгейінен жоғары болмаса, кем қалмауы абзал. Онсыз ғылым философиясы айқындалып, шешілмейді.
Досмұхамед КІШІБЕКОВ,
Қазақстан Республикасы
ҰҒА академигі.