2019 жылы «Өнім қауіпсіздігі мониторингі» аясында 48 мың 750 тамақ өнімінің үлгісі жасырын тексерілгені Денсаулық сақтау министрлігінің статистикасында айтылған. Сол тексеру кезінде дүкен сөрелеріндегі 7 мың 597 тауар түрі техрегламенттер талаптарына сәйкес келмейтіні белгілі болды. Атап айтқанда, 16,1%-ынан қауіпті микробтар анықталыпты. 11,1%-ы – қауіпсіздік талаптарына сәйкеспейді. 6,4%-ының жапсырмасындағы сипаттама өтірік болып шыққан. Ет өнімдерінің – 14,6%, сүт өнімдерінің – 12,1%, кондитерлік өнімдердің – 11,2%, құс етінің – 11,5%, балық өнімдерінің – 9,6%, жеміс-көкөніс өнімдерінің – 4,6%, алкогольсіз сусындардың – 4,2%, май-тоң май өнімдерінің – 4,3%, алкоголь өнімдерінің – 2,6%, шырын өнімдерінің – 2,5%, құтыланған ауыз су және минералды судың – 1,2%, нан және ұн өнімдерінің – 1,2%, басқа да тамақ өнімдерінің – 6,7%-ы осындай.
«Негізгі бұзушылықтар ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерден жеткізілетін өнімдерден табылды, үлесі – 48%. Басқа елдердің үлесі – 19%. Денсаулық сақтау министрлігінің статистикасы көрсеткендей Талаптарға сай келмейтін отандық өндірушілердің өнімдері – 33%-ды құрады. Бұзушылықтардың 59%-ы бактериологиялық көрсеткіштерге тиесілі. Яғни, сүт, ет өнімдерінде, аспаздық және кондитерлік өнімдерде ішек таяқшасы, басқа да микробтық тұқымдастар анықталды», деп хабарлады Сауда және интеграция министрлігі.
Ресейден жеткізілген шұжық, консерві және басқа да ет өнімдерінің 18%-ынан шошқа ДНК-сы табылыпты. Ведомство қазіргі кезде елге гендік модификацияланған организмдері бар өнімдердің әкеліну көлемі серпін алғанына назар аудартты. «2019 жылы Қытай мен Кореяда жасалған 21 тамақ өнімі түрінде ГМО-ның үлесі 1,1-ден бастап 41%-ға дейін асып кеткені әшкереленді. Норма бойынша 0,9%-дан артпауы тиіс. Бұл өнімдердің таңбасында оның құрамында гендік модификацияланған ағза (ГМА) бар екені туралы мәліметтер болмаған. Осы анықталған барлық қауіпті өнім жойылды», делінген меморган таратқан хабарда.
Өткен тарихқа шегінсек, ГМА-ға қатысты ең либералды заң АҚШ-та қолданылады екен. Еуроодақ елдерінде ГМА компоненттері қосылған азық-түліктерді өндіруге және импорттауға қатаң шектеулер қойылған. Ережеге сәйкес құрамындағы ГМА қоспасы 0,9 %-дан асқан барлық өнімді таңбалау керек. 2004 жылы Еуроодақ 4 жасқа дейінгі балалардың тағамдарына оны қосуға тыйым салды.
2019 жылдан бастап Жаңа Зеландия және Африканың көптеген елдерінде ГМА-сы бар өнімдерге мораторий жарияланған. Қытай мен Үндістанда да белгілі бір шектеулер бар.
Генетикалық түрлену 1986 жылы өсімдіктерді үсіп кетуден сақтау үшін пайдаланылған. Бұл ол кездері ғылымдағы үлкен жетістіктердің бірі саналды. 1992 жылы осы әдіспен Қытайда зиянкестер залал келтірмейтін темекі шығарылды. 1994 жылы тасымалдау кезінде бұзылмай сақталатын қызанақтар өндірілді. Экономист Мырзакелді Кемел содан бастап «ГМА мәдениеттің» дәурені жүре бастады. «Оған себепші болған Америкалық «Monsanto» фирмасы еді. 2006 жылы 22 елдің 10,3 млн фермері 102 млн гектар жерге генетикалық түрлендірілген өсімдіктің сан түрін алған. Мәселен, осы жолмен өсірілген картоп, алма, мақта, жүгерілерге құрт мүлде түспеген. 2006 жылы 97% трансгендік өсімдіктерді АҚШ (53%), Аргентина (17%), Бразилия (11%), Канада (6%), Индия (4%), Қытай (3%), Парагвай (2%) және Оңтүстік Африкада (1%) өндірген. Бүгінде дүкен сөрелерінде тұрған тағамдардың құрамына ГТ-соя, ГТ-жүгері, ГТ-крахмал, ГТ-ақуыздың қосылатыны белгілі. «Monsanto» фирмасы өндірген ГТ-жүгері АҚШ нарығында көш бастап тұр. ГТӨ-нің араласпаған жері жоқ. Биологиялық және медициналық зерттеулерде, фармацевтикада, ауыл шаруашылығында, тамақ өндірісінде кеңінен қолданылып жатыр» дейді Мырзакелді Кемел.
Ғалымдар ГМ-өнімдердің денсаулыққа әсері жайлы таласуда. Бір елдер (АҚШ, Қытай және Канада) сапасы өзгертілген жүгері, соя және картофель өндіруде, ал Австрия, Грекия және Венгрия өз елдерін ГМ-өнімдерден азат ел деп жариялаған.
«ГМ-өнімдердің зияндылығы толықтай дәлелденген жоқ, бірақ сіз өз қауіпсіздігіңіз үшін тұтынатын өніміңіз толықтай табиғи өнім екенін білуіңізге болады. Алдымен ГМА деп геніне басқа ағзалардың генін енгізген өсімдік, жануар, микроағзалардың айтылатынын білу қажет. ГМА пайдаланылған тамақ өнімін кәдімгі азық-түліктен айырудың үш қарапайым тәсілі бар. Табиғи өнімдердің қорабына «100 % organic», «Organic» немесе «Made with organic ingredients» деп жазылады. Бұл жазбалар ГМА жоқтығына кепілдік береді. ГМ-өнімдер зиянкес жәндіктерге, гербицидке және вирустарға төзімді болып келеді. Кәдімгі өнімдермен салыстырғанда оның дәмі жақсарады, тез өседі және өнімді көп береді. Дегенмен ГМ-өнімдерді бақылағанда, жай көзбен-ақ оны табиғи өнімнен айыруға болады» дейді Мырзакелді Кемел.
Қазіргі таңда гендік инженерия саласы ГМ-өнімдерді пайдалану болашақта қандай зардап шеккізетінін әлі анықтап біткен жоқ, бұл бағыттағы зерттеулер мен тәжірибелер жалғасуда.
1989 жылы АҚШ-та L-tryptophan тағамдық қоспасының салдарынан 37 адам қайтыс болып, 5000 адам жүрек-қантамыр жүйесінің ауруына шалдықты. Сол себепті АҚШ дәрі және азық-түлік қызметі бұл тағамдық қоспаны сатылымнан алып тастауға мәжбүр болды. Осы өнімді өндіруші жапондық Showa Denko химия фирмасы 1988-1989 жылдары бұл қоспаны генетикалық өзгерген бактерия алу үшін пайдаланған-ды. «Қазақстанның жағдайына келсек, ақпарат көздеріне сүйенсек, Қазақ тағамтану академиясынан басқа біздің елімізде ешбір мекеме генетикалық түрлендірілген өнімдерді зерттеумен айналыспайды екен. Және де аккредитацияланған зертханалардың болмауы салдарынан шет елдерден әкелінген тауарлардың құрамындағы трансгендерді ешкім анықтап жатқан жоқ», дейді Мырзакелді Кемел. .
Осы жағдайда біздің дастарханымыздағы кез келген тағам генетикалық жетілдірілген ағза енгізілген болуы әбден мүмкін екенін дәлелдейтін де жоққа шығаратын да мекемелер жоқ. «ТМД елдерінде бұл мәселеге әлі жеткілікті мөлшерде назар аударылмай келеді,сол себепті трансгенді өнімдер бізге ешбір бақылаусыз еркін түрде әкелінуде. Адамның асқазан жолдарындағы кейбір микроағзалар бөтен гендерді ұстап алып,оларды өз ДНҚ-сына енгізуі мүмкін. Осылайша жаңадан қоныстанған гендер өз қызметтерін жүзеге асыра бастайды. Өсімдіктердің жасушасының белсенді өсуін туындататын гендер бар. «Тіпті соғымға байланған малдың салмағын арттыру үшін оған қосымша екпе салады» дегенді ауылдағы ағайыннан есітіп қаламын. Оның қандай екпе екенін, рұхсаты бары-жоғын ешкім білмейді, ешжерде мөрленіп, рұқсатын алмаған. Мұндай тәсілдер, гендер түрлі ісіктерді туындатуы мүмкін. Түрлендірілген картоп,соя,бұршақ өнімдері ішкі секреция бездерінің қызметін бұзып, аллергиялық ауруларға ұшыратуда. ХХ ғасырда аллергия дегеннің не екенін білмейтін қазақ арасында соңғы жиырма жылда дерттің осы түріне шалдыққандардың саны еселеп өсті», дейді М. Кемел.
М. Кемелдің түсіндіруінше, біздің халықтың басым бөлігі уайымсыз, бейғам. Өлсе – Құдайдан көреді. Өлмеуге болатын жол жоқ па еді, - деп ойланбайды. Социализм бізді соған үйретті, «айтқанды істеде тыныш отыр» - деді. Бүгінгі жағдайда бұлай өмір сүруге болмай барады. Өмір – қатал бәсекеге айналды. Әркім өз тауарын алтынға балап ұсынады. Иманды ойлау азайды. Мұхаммед пайғамбардың: «Сауданы ақша табу үшін жасама, адамдарға қызмет ету үшін жаса» деген ұстанымын қолдаушылар аз, орындаушылар – жоқтың қасы.
«Оның үстіне, бұрын тұтынылмаған тауар жұрт үшін қызық, ол дәмді, сүйкімді, құрт, қымыз шұбат, науат секілді емес – тез табылады, әр бұрыштан ап-арзан бағаға сатып алып, бойыңыз үйреніп кетеді. Ендігі жерде: «Өкімет өлтірмейді, зиян болса, шығармас еді» деген сеніммен сапасын аңдамай тұтына береді. Қазір заман басқа екенін ұғынбайды. Қолдан өсірген емес, қолдан өлтірген тағамдардың кесірінен құбыжық сәбилердің, түрлі аурулардың көбейіп кетуінің бір ұштығы осында жатқан жоқ па екен? Батыс ғалымдары мутацияға ұшырау – генетика ғылымының қарқынды дамуы себебінен деп есептейді. Жантүршігерлік осы жағдайды ойлағанда, гендік инженерия арқылы өнім өндіру, әрине, қажет. Қазаққа гендік модификациядан өткен өнімді тұтынудың қажеті қаншалық? Кең-байтақ жері бар, суы бар, күні де жылы, мал өсіріп, егін егуге қолайлы территорияда тұратын 19 миллион халық жасанды тағамға зар болып отыруға себеп жоқ?» дейді М. Кемел.
М. Кемел үйінің ауласында төрт қадақ жеміс ағашының бабын таппай, базарға жүгірететіндер тек қалада ғана емес, ауылда да көбейе бастағанын тілге тиек етіп өтті. «Қолымнан келсе, жерге иелік етуді өзіңннің аулаңнан баста деген ұран көтеретін едім. Жерге, елге деген қамқорлығың аулаңдағы 8 сотық жерді игеріп, өзіңе қажетті жеміс түрін өзің өсірумен басталады. Өзіңнен артылса, дүкенге барып өткіз немесе қыс қамыңды ойлап, банкіге жауып таста. Аулаңдағы 6 сотық жер, көзін тапсаң балаларыңды, немерелеріңді қысы-жазы жемістен тарықтырмауға жетеді. Алматы мен Нұр-Сұлтанның қара топырағы жерге жаншып қойған таяқты да терекке айналдырады. Ал оңтүстіктегі ағайынға бір дем беріп жіберсең, бүкіл Қазақстанды жеміс-жидекпен, көкөніспен қамтамасыз етуге шамасы жетеді. Ұрпағыңның саулығын ойласаң, оның күнделікті жейтін ас-суын да бақылауда ұстаған дұрыс. Соңғы кезде халық шеттен келген емес, өз жерімізде өскен жеміс түрлеріне басымдық бере бастады. Алматылықтар мен Нұр-Нұр-Сұлтандықтардың жаз болса, оңтүстіктен жететін, дәрімен піскен қарбыз емес, Қапшағайдың қарбызын күтеді. Мұндай мысалдар көп. Бұл жақсылықтың белгісі, енді әрекет өзімізден болуы керек. Елде мал басы көбейді. Осы деңгей жалғаса берсе, енді аз жылда қазақ ет өнімдерімен өзін қамтамасыз ететін елге айналады. Ендігі күрмеуі тарқатылмай тұрған мәселе көк өніс, жеміс нарығына иелік ету» дейді М. Кемел.