Қазақстан • 18 Мамыр, 2020

Тіл үйретудің лексикалық минимумдарының қажеттілігі мен критерийлері

495 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін  18 мамыр күні Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ONLINEda bol жобасы аясында Тіл саясаты комитеті, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Тіл үйрету әдістемесі: Теория және тәжірибе» тақырыбында  онлайн-дәріс өтті.  Бүгін  екі  дәріс тыңдалды.  

Тіл үйретудің лексикалық минимумдарының қажеттілігі мен критерийлері

Алғашқы дәрісті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты  Ербол Ердембекұлы Тілешов «Тіл үйретудің лексикалық минимумдарының қажеттілігі мен критерийлері» тақырыбында оқыды. Қазақ тілін жүйесіз оқыту, лексикалық минимумның дұрыс анықталмауы  тіл үйренуде қиындық тудыратыны және осы  мәселелерді шешу үшін шетел тәжірибесіне сүйену керектігін баяндады. Атап айтқанда, Ч.К.Огденнің «Dictionary of Basic English», А.В. Петроченковтің «Ағылшын тілінің негізгі 135 сөзі», Эрих Вайстың сөздігі ағылшын тілін үйретуде негіз болатынын дәлелдеп айтты. Ғалымдардың зерттеулеріне жүгіне отырып, минимумдардың жасалу критерийлеріне тоқталды.  

Екінші дәрісті филология ғылымдарының докторы, Назарбаев университеті Қазақ және түркология департаментінің профессоры Зейнехан Күзекова «Қазақ тілінің қолданбалы грамматикасының әдістемесі» тақырыбында оқыды. З. Күзекованың пікірінше, тілдік білім, тілдік мәдениет, бүгінгі таңда тілді оқытуға жаңаша қарауды талап етеді.   Қазақ тілін оқыту мазмұнын пәндік, процессуалдық, тіл біліміндегі құрылымдық, құрылымдық-семантикалық, функционалдық аспектілері тұрғысынан қарастырып, лексикалық бірліктерді үйретуге құрылған жаттығу түрлерімен тыңдаушыларды таныстырды.  

Бүгінгі оқылған екі дәріс бойынша тіл мамандары өздеріне қажетті, пайдалы мағлұмат алды деген ойдамыз.

Дәріске  Zoom сервисі бойынша 71 тіл маманы қатысты. Фейсбук  желісіндегі ONLINEda bol  парақшасы арқылы  23 адам тыңдады.