Руханият • 19 Мамыр, 2020

Жамағатпен намаз оқуға әлі рұқсат жоқ

318 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы карантин талаптарын сақтау үшін жамағатпен оқылатын бес уақыт, жұма, тарауық намаздарына қатысты қойған уақытша шектеуді өз күшінде қалғанын мәлімдеді.

Жамағатпен намаз оқуға әлі рұқсат жоқ

«Алла қаласа, осы аптадан бастап жеке құлшылық жасап, Құран оқы­тып, неке қидыруға ниет білдірген аза­­маттар үшін мешіттерімізді ашамыз. Бұл – еліміздегі барлық мешіт­тің есік­тері ашылады деген сөз емес. Өйт­кені әрбір облыстағы карантиндік жағ­дай деңгейі әртүрлі. Бас санитар­лық дәрі­гер­дің карантиндік режімнің кезеңдік талап­тарын сақтау бойынша қаулысын ұстанудамыз. Сонымен қатар өңірлердің коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі жедел штабтың қаулысына сәйкес жұмыс жүргіземіз. Осыған орай, облыстағы мешіттеріміздің ашылуы сол өңірлердегі коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі жедел штабтың қаулысына сәйкес жүзеге асырылады. Ал карантин талаптарын сақтау үшін жамағатпен оқылатын бес уақыт, жұма, тарауық намаздарына қатысты қойған уақытша шектеуді өз күшінде қалдырып отырмыз. Жамағатпен оқылатын намаздар­дың мерзімін алдағы уақытта қосымша хабарлаймыз. Қасиетті кітабымыз Құранда: «Расында, қиындықпен бірге жеңілдік бар. Алла сендерге жеңілдік қалайды»,  делінген. Міне, Аллаға шүкір, елімізде төтенше жағдай мерзімі аяқталып, хал­қымыз қалыпты өмір тіршілігіне ауыса бастады. Алайда карантин режімінің талаптарын қатаң сақтап, сақтық шараларына аса мән беруіміз қажет. Осы ретте, мына талаптарды орындауға шақыра­мын, мешітке келуші барша жамағат­ты медициналық маска және қолғап киіп келуге, антисептик құрылғысын жиі қолдануға, жеке құлшылық жасау кезінде бір жарым метр арақашықтықты сақтауға, Құран оқитын бөлмеге бір жарым метр арақашықтықты сақтай отырып, 10 адамнан артық кірмеуге, неке қидыратын бөлмеге 4 адамнан артық кірмеуге. Мешіт имамдарының кеңесіне құлақ асып, мешітке лек-легімен кезекпен кіруге, мешітте 15 минуттан артық болмауға шақы­рамын. Бұл мешіт ауасын әр 3 сағат сайын таза ауамен алмастырып отыруға мүм­кіндік береді», деді Бас мүфти.

Сонымен қатар ол Қадір түні мамыр айы­ның 19-нан 20-на қараған түнге сәй­кес келіп отырғанын жеткізіп, бұл түнді үйде қарсы алу қажеттігін айтып өтті.

«Биыл қасиетті Рамазан айының карантин жағдайында өтіп жатқанын өздеріңіз көріп отырсыздар. Бұл жағдай сауапты амалдар мен игі шараларға кедергі келтірмеді. Мешіт тарапынан 100 мыңға жуық көмекке мұқтаж отбасына қайырымдылық жасалды. Ауызашар асы әлі күнге дейін тегін таратылуда. Сауаптар еселеніп жазылатын берекелі айда игі іске атсалысқан барша азаматқа айрықша алғысымды білдіремін. Алла разы болсын! «Қайырымдылық жаса­саң – қайырын өзің көресің» деп халқы­мыз айтқандай, игі амалдың сауабы еселініп, қайырын өздеріңіз көріңіздер деп тілеймін. Біз осынау игі жұмыс­тар­мен шектелмей, Мақтаарал ауданын­дағы жерлестерімізге әр облыстағы мешіттердің қолдауымен азық-түлік тиелген жүк көліктерін жібердік. Қаржылай да қолдау көрсеттік. Біз бүгін «Зекет» қорының ұйымдастыруымен, облыстағы мешіттердің атсалысуымен 10 миллион теңге қаржылай көмекті «Түркістан корпоративтік әлеуметтік даму қорына» аудардық. Сонымен қатар 30 тонна ұн жеткізетін боламыз. Алла қаласа, Мақтаарал ауданындағы баспанаға аса зәру екі отбасыға екі үйдің кілтін табыстаймыз. Төтенше жағдай кезінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қабылдаған шешіміне түсіністік танытып, оразаны оқшау түрде өткізіп, үйде құлшылық етіп жат­қан баршаңызға өз атымнан тағы да алғы­сымды жеткіземін», деді Наурызбай қажы Тағанұлы.