Тілектер Алла құзырына көтеріліп қабыл болды. Язид ибн Мағауия омаяд әулетінен шыққан үлкен патшалардың ізін жалғап, халифалыққа жетсе, інісі Мұсхаб Иракқа әкім болып, соңынан мүміндер патшалығын басқарды.
Ал үшінші жігіт Ғұруа ибн Зүбайр бар өмірін ислам ғылымын көркейтуге арнады. Кейін мәдиналық атақты 7 оқымыстының біріне айналды. Бұл жігіттің әкесі көзі тірісінде жұмақпен сүйіншіленген 10 сақабаның бірі болса, анасы пайғамбардың жары Айшаның апайы болатын. Яғни, текті әулеттен шыққан.
Осы жылдары Мәдинаға әкім болып келген Омар ибн Әбділәзез қаладағы беделді адамдардың басын қосып, «Сендер маған әділет жолында жәрдемші болыңдар, ісімде ағаттық болса ескертіңдер» деп өтініш білдірген кездегі әкім қабылдаған 10 адамның бірі осы кісі еді.
Ислам тарихшылары Ғұруа аса жомарт адам болған деп жазады. Мәдинадағы ең жақсы құрма бағы осы кісінің иелігінде екен. Жарықтық жеміс піскенде қоршауды алып тастап, құрманы адамдарға тегін үлестіретін болған.
Бірде ғұламаны халифа Дамаскіге шақырады. Үлкен ұлын ертіп жолға шығады. Мүміндер әміршісі бұл кісіні құшақ жая қарсы алады. Бірақ екінші күні патшаның ат қорасындағы жылқыларды тамашалап жүрген ұлын ат теуіп өлтіреді. Екі ортада ұлын уайымдаудың салдарынан аяғында пайда болған ісік ұлғайып кетіп, оны кеспесе болмайтын күйге түседі.
Халифаның әмірімен ғұламаны емдеуге тағайындалған емшілер оған аяғын кескен кезде ауруды басатын шарап-дәрі ішуді өтінеді. Ибн Зүбайр болса, мен харам етілген затты ішпеймін, оданда Алланы ұлықтайын, мен зікірді бастағанда сендер аяғымды кесуге кірісіңдер дейді. Жарықтық қара санының етін кесіп, сүйегін аралағанда зікірін тіпті күшейтіп, айғайлаумен болыпты. Ең соңында талып қалып, біраз уақыттан соң есін жиған.
Кейін ғұлама осы күнді «өмірімде құран аяттарын оқымай өткізіп алған алғашқы әрі соңғы сәтім» деп өкіне еске алады екен. Жалғыз аяқпен үйіне оралған ол көңілін сұрай келгендерге «Алла маған төрт ұл берді бірін алды, төрт мүше берді бірін алды, бәрібір менде көбі қалды емес пе» деп шүкір айтады екен.
Өмірінің соңына дейін ағартушылықпен айналысқан тақуа артына «Адамды ұлық ететін – білім» дейтін өсиет қалдырды. Шәкірттері мен замандастары бұл кісіні ешқандай дүние-мүлікке қызықпайтын, тек құрма мен қара суды корек ететін деп жазапты.
Тақуа 71 жылы өмір сүріп, Мәдина қаласында дүниеден өткен. Дерт меңдеп ажал келген сәтте ғұламаның ауыз ораза екен. Балалары «сізге өлім сәті келді аузыңызды ашып, атаукереңізді ішіңіз» дегенде басын шайқап: «О дүниеге ораза күйімде аттанайын, Алладан кәусар бұлағынан ауыз аштыруын сұрадым» деп берзақ әлеміне аттанған екен жарықтық.