Қазақстан • 19 Мамыр, 2020

«Азия Автоның» басына бұлт үйірілді

280 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Соңғы апталарда отандық медиа кеңістікте «Азия Авто» кəсіпорнына қатысты айтылған пікірлер мен жарияланған материалдар жиілеп кетті. Оған Индустрия жəне инфрақұрылымдық даму министрлігі мен аталған компания арасындағы өнеркəсіптік келісімнің бұзылуы түрткі болды. Осының салдарынан автоқұрастыру зауытының өндірісі тұралап, мыңдаған қызметкердің жұмыссыз қалу қаупі туындады деп дабыл қағуда компания өкілдері.

«Азия Автоның» басына бұлт үйірілді

Үкіметтен көмек сұрайды

Бұл орайда «Бипэк Авто – Азия Авто» компания тобы Премьер-Министрдің атына, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министріне, сондай-ақ Парламенттің қос палата депутаттарына үндеу жариялап, ықтимал қауіпті сейілту үшін қолдау көрсетуін өтінді. Холдинг басшылығы инвестициялық қызметті мәжбүрлі тоқтату тəуекеліне ұшырағанын алға тартып, кəсіпорын іске қосылғаннан бері мемлекеттік бюджетке 511 млн доллар көлемінде кіріс түсіргенін жеткізді.

«Осы саладағы ең ірі салық төлеушілердің біріміз. Қазақстанның шикізаттық емес экономикасын қалыптастыруға үлесімізді барынша қосып келеміз. Толық циклді өндірістің құрылысына 74 млн доллар жұмсалды. Холдингтің қаражаты есебінен тағы 90 млн доллар салынбақ», - деді «Азия Авто Қазақстан» АҚ бас директоры Ержан Мандиев.

Сəуірдің басында компанияға Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен қолданыстағы өнеркәсіптік келісімді бұзу туралы хат келген. Осылайша, көлік құралдарын жинақтау бойынша мемлекет пен холдинг арасындағы келісімшарттың күші жойылды дейді зауыт өкілдері. Іс жүзіне келгенде, бұл жұмыс істеп тұрған конвейердің жұмысы мен Өскемендегі жаңа толық циклды кешен құрылысының тоқтатылуын білдірсе керек деп нақтылады Е. Мандиев.

Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, бұған дейін салалық министрлік отандық өнеркәсіпті дамыту бағдарламасы аясында кəсіпорынға жан-жақты қолдау көрсетіп келген.

10 жыл ішінде сын-ескертпені түземеген

Алайда жауапты ведомствоның ақпаратына сəйкес, автоқұрастыру зауытына сын-ескертпелерді түзетуге 10 жыл уақыт берілді. Соған қарамастан кəсіпорын жүктелген міндетті орындауға құлықсыздық танытқан. Салалық министрліктің мəліметінше, елімізде моторлы көлік құралдарын құрастыру кəсібі «Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары резиденттерімен моторлы көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімді жасасудың, оның талаптары мен үлгі нысанының кейбір мәселелері туралы» 2010 жылғы 11 маусымдағы № 113 бұйрығы негізінде жүзеге асырылады. Соған сəйкес, Еуразиялық экономикалық кеңестің «Кеден одағына мүше мемлекеттер мен Бірыңғай экономикалық кеңістік аумағында «моторлы көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру» ұғымын қолдану шарттары туралы» 2014 жылғы 29 мамырдағы № 72 шешімі бойынша министрлік 10 кәсіпорынмен моторлы көлік құралдарын құрастыру жөнінде 19 келісім жасаған. Оның аясында өндіріс субъектілері көлік құралдарын балқытып біріктіру, бояу және құрастыру бойынша технологияларды игеру және оқшауландыруды ұлғайтуға байланысты міндеттемелерді алды. Əйтсе де «Азия Авто» АҚ және «Азия Авто Қазақстан» АҚ кәсіпорындары келісім бойынша өнеркәсіптік құрастыру туралы міндеттемелерін орындамаған. Басқа компаниялар шанақты балқытып біріктіру және бояу бойынша технологиялық жабдықтарды іске қосу жөніндегі міндеттемелерін келісімнің жоспар-кестесіне сай орындады деп айтады жауапты орган өкілдері.

«Кәсіпорын қызметін бастағалы Қазақстанның заңнамасына сәйкес, қосымша құн салығынан және кедендік төлемдерден босатылып, мемлекеттік преференциялар алып келді. Сондай-ақ төленген утилизациялық алымды қайтару түрінде ынталандырылды. 2010 жылдың 24-ші маусымы мен 2017 жылдың 1-ші маусымы аралығында «Азия Авто» АҚ-мен  шанақты балқытып біріктіру және бояу бойынша технологиялық операцияларды ұйымдастыру міндеттемесімен бірге 8703 ТН ВЭД ТС (жеңіл автомобильдер) тауар позициясымен моторлы көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімге қол қойылды. Бірақ та аталған міндеттеме орындалған жоқ. Сондай-ақ 2012 жылдың 28-ші желтоқсаны мен 2019 жылдың 1-ші желтоқсаны аралығында «Азия Авто Қазақстан» АҚ-мен шанақты балқытып біріктіру және бояу бойынша технологиялық операцияларды ұйымдастыру міндеттемесімен бірге 8703 ТН ВЭД ТС (жеңіл автомобильдер) тауар позициясымен моторлы көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімге қол қойылды. Бірақ аталған міндеттеме де орындалмады. 

Өндірушілердің міндеттемелеріне сәйкес, компаниялар 84 ай (7 жыл)ішінде шанақты балқытып біріктіру және бояу бойынша технологиялық жабдықтарды пайдалануға беруі тиіс. Әрі моторлы көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімге қол қою ережелерінің 8 тармағына сәйкес, өнеркәсіптік құрастыру туралы көпжақты келісімге қол қоюға болады. Өнеркәсіптік құрастыруға көшу мерзімі келісім тараптарының бірі қабылдаған ең жоғарғы мерзімнен асып кетпеуі тиіс.

«Азия Авто» АҚ кәсіпорнының өз міндеттемелерін орындауға дайын еместігін ескере отырып, міндеттемелер мерзімін ұзарту мақсатында 2017 жылдың басында «Азия Авто» АҚ жəне «Азия Авто Қазақстан» АҚ моторлы көлік құралдарын өнеркәсіптік құрастыру туралы көпжақты келісімге қол қою туралы министрлікке өтініш білдірді. 2017 жылдың 7-ші сәуірінде министрлік аталған кәсіпорындармен келісім аясындағы міндеттемелер мерзімін 2019 жылдың 1-ші желтоқсанына дейін ұзартуға мүмкіндік беретін көпжақты келісімге қол қойды. 

Моторлы көлік құралдарын өнеркәсіптік жинау туралы келісімнің 2.1.3 тармақтары бойынша есепті жылдан кейінгі әр күнтізбелік жылдың 1 сәуіріне дейін өндіруші уәкілетті органға жоспардың орындалуы туралы келісім кезеңдерін іске асыру кестесін ұсынуға міндетті.

Осылайша, осы жылдың сәуірінде есепті ұсыну барысында «Азия Авто» АҚ-ның моторлы көлік құралдарын өнеркәсіптік жинау туралы қол қойылған көпжақты келісімге сәйкес, 10 жылдан бұрын алған міндеттемелерін кезекті рет орындалмағаны расталды», - делінген құзырлы орган таратқан ақпаратта.  

Сол секілді келісімнің 4.3 тармағына сәйкес, белгіленген нормалар орындалмаған немесе тиісті деңгейде орындалмаған жағдайда уәкілетті орган өндірушіге анықталған бұзушылықтарды көрсетіп, оны 1 айдың ішінде жоюға жазбаша хабарлама жіберуге құқылы.

Бұл хабарлама «Азия Авто» АҚ және «Азия Авто Қазақстан» АҚ кәсіпорындарының мекенжайына биыл сəуірдің 11-де жіберілді.  

Осы бұйрықта қарастырылған сын-ескертпелер 1 айдың ішінде жойылмаса немесе тиісті деңгейде атқарылмаған жағдайда, азаматтық заң тәртібіне сай келісім бұзылып, жеңілдіктер беру тоқтатылады. Салалық ведомство бұл ереже «Азия Авто» АҚ және «Азия Авто Қазақстан» АҚ-на хабарландырылғанын айтты.

Экономист жəне блогер Денис Кривошеев биліктің бұл қадамын қуаттап отыр. Тіпті бұл шешімді əлдеқайда бұрын қабылдау керек еді дейді.

«Үкімет келісімді бұзу туралы шешімді тым созып жіберді. 2003-2019 жылдар аралығында кəсіпорын 350 Гектар жер көлемінде жəне 340,7 млрд теңге шамасында жеңілдетілген грантқа ие болды. 2019 қараша айы мен 2020 жылдың наурыз айы аралығында 40,5 млрд теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілді. Бұл банктердің алдындағы 106 млрд теңге мөлшеріндегі қарызды есепке алмағанда», - деген ойын білдірді Фейсбуктегі парақшада Д.Кривошеев.

Компания басшылығының айтуынша, келісімдегі міндеттердің орындалмауына қалыптасқан ахуалдан бөлек, теңгенің үш мəрте құнсыздануы ықпал етсе керек. Тек былтырдың өзінде «Азия Авто» 97 млн доллар жоғалтқан.

«Брінші тоқсандағы өндіріс көлемінің артуы бізге 70 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Бұл шамамен 10% - дан асатын өсім көрсеткіші. Сонымен қатар еліміздегі коронавирустық инфекцияға қарсы күреске үлесімізді қосып жатырмыз. Компания тобы Қазақстан аймақтарындағы жедел штабтар мен волонтерлік топтарға 80 автокөлікті пайдалануға берді. 200-ден астам қызметкеріміз волонтерлік штабтардың жұмысына қатысып жүр. Бұған қоса ауруханаларды медициналық маскалармен қамтуды қолға алдық. Оның өндірісі біздің кəсіпорында жолға қойылды», - деді «Азия Авто» АҚ бас директоры Ерік Сағымбаев.

Индустрия жəне инфрақұрылымдық даму министрлігі «Азия Авто» АҚ компаниясы көлік құралдары өндірісін, сол секілді «Азия Авто Қазақстан» АҚ толық циклді зауыт құрылысын жалғастыруға құқылы екенін жеткізді. Жауапты ведомста тиісті міндеттемелер орындалғаннан кейін келісім жасап, жеңілдіктер ұсыну мүмкіндігін қарастыруға дайын деп нақтылады ИИДМ баспасөз қызметі.