Білім • 19 Мамыр, 2020

ЕҰУ салалық журналистика мамандарын даярлайды

392 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті журналист мамандарын даярлауда жұмыс берушілер сұранысын ескере отырып, жаңашыл бағыттағы тілшілерді оқытып келеді. Биыл оқу орны ақпараттық жүйелер, дизайн, журналистика сала мамандары бірлескен «Цифрлық медиаменеджмент» оқу бағдарламасы бойынша алғашқы түлектеріне диплом береді. 

ЕҰУ салалық журналистика мамандарын даярлайды

Қазіргі ақпараттық қауіпсіздік мәселесінің қоғам үшін маңызын ескерсек, аталмыш білім беру бағдарламасының бітірушілері медиа саласында цифрлық технологияның мықты мамандары ретінде сұранысқа ие. Тіпті бүгінгі күні бітірушілердің көпшілігі арнайы шақыртумен тұрақты жұмысқа орналасқан.

2020-2021 оқу жылында журналистика және саясаттану факультетінде екі бірдей инновациялық білім беру бағдарламасы жүзеге асырылады екен. Атап айтар болсақ, магистратура бойынша халықаралық журналистика, бакалавриатта спорт журналистикасы білім беру бағдарламалары бекітілді. Білім беру бағдарламалары халықаралық қатынас, дене тәрбиесі мен баспасөз және баспа ісі, телерадио және қоғаммен байланыс кафедраларының ұсынысы негізінде дайындалды.

Журналистика және саясаттану факультетінің деканы профессор Қайрат Өмірбайұлы Сақ инновациялық білім беру бағдарламаларының ашылуы Қазақстан медиакеңістігінің кәсіби деңгейін көтеретінін атап өтті. Салалық журналистиканы дамытуда кәсіби мамандардың  біліктілігі аса қажет. Осы мәселені ескере отырып, халықаралық журналистиканы оқытуда геосаясат, әлемдік медиакарта, ақпарат берудің халықаралық тәжірибелері мен дипломатиялық қарым-қатынас салалары бойынша арнайы курстар жүргізіледі, - деді факультет деканы өз сөзінде. Айта кету керек, білім беру бағдарламалары сұраныс туындаған жағдайда үш тілде оқытылады.

Спорт журналистикасы білім беру бағдарламасы спорт теориясы мен практикасын қарастырып қана қоймай, түрлі спорт жарыстары мен олимпиада ойындарынан репортаж дайындау, ұлттық спорт түрлерін насихаттау және танымал спорт тілшілерінің шығармашылық шеберханасы жайлы толыққанды базалық білім береді.

Халықаралық журналистика білім беру бағдарламасы бойынша білім алушылар халықаралық шолушы, шетелдік ақпарат агенттіктерінің тілшісі, елшіліктің баспасөз қызметінің маманы, халықаралық ақпарат агенттіктерінің тілшілері, халықаралық басылым редакторы біліктілігін алады.

Бір сөзбен айтқанда, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті алдағы уақытта әлемдік ақпарат нарығына заманауи талаптарға сай маман даярлап, ұлттық журналистиканың аясын кеңейтпек.