Руханият • 20 Мамыр, 2020

«Ауыл – ел бесігі» Ауданда қызу қолдау тапты

448 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазіргі кезде еліміздің шалғай аудандары мен ірі елді мекендерінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында өрелі өзгерістер болып жатқанын ешкім де жоққа шығара алмайды. Әйтсе де «көрмес –түйені де көрмес» дегендей, мұндай өміршең жобалар мен ауқымды істерді көргісі, елегісі келмейтін адамдар да жоқ емес.

«Ауыл – ел бесігі» Ауданда қызу қолдау тапты

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Ел ішінде жақсылықтар мен жаңалықтар жеткілікті. Оның оң мысалдары біздің Темір ауданында да табылады. Соның ішінде бәсекеге қабілеттілікті көтеретін нақты жобалар қолға алынуда.

Бәсекеге қабілетті ел болуы үшін біз ең алдымен ежелгі төл мәде­ние­тіміз бен салт-дәстүрімізді және отан­­шылдық сезімді сақтай білуіміз ке­рек. Мұның бәрі туған жерге деген сүйіс­пеншіліктен бастау алады деп біле­мін. Ауыл­дастарымның бойында осындай қасиеттердің тоғысуы мені әркез ризашылық сезімге бө­лейді.

Ауыл – ұлттық рухтың қуат алар қайнар көзі, ұлттың ұйытқысы емес пе?! Өркениетті елдер көшінің қатарында болуымыз жолында ауыл­дың арқалайтын жүгі қашан да ерекше.

Бұдан 2-3 жыл бұрын Тұң­ғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың баста­масымен қабыл­данған «Ауыл – ел бесігі» жобасы барлық жердегідей Темір ауданында да қызу қолдау тапты. Әрі аталған жоба аясында әжептәуір істер қолға алынды. Мұнда қордаланып қалған басты проблеманың бірі – жол қатынасы болса, өткен жылы 90 млн теңгеге жуық қаражатқа
аудан орталығы Шұбарқұдықтағы көшелерге күрделі жөндеу жұ­мыстары жүргізілді. Сондай-ақ ұзындығы 3 километрге жуық ав­томобиль жолы салынып, ел игі­лігіне пайдалануға берілді.

Аудан орталығында бұған дейін арнайы орын болмағандықтан, күреспен шұғылдануға белді бекем буған жастар жаттығуды мәде­ниет үйімен жапсарлас орна­ласқан бөлмеде жасап келген еді. Ал екінші күрес залының ор­нын ха­лыққа қызмет көрсету орта­лы­ғындағы ка­би­неттердің бірі атқар­ды.

Жергілікті атқарушы орган же­тек­­шілері мен ел тұрғындарының өзара ауызбірлігі және ортақ іс-қимылдары нәтижесінде бұл мәсе­ле де «Ауыл – ел бесігі» жобасы шең­берінде шешімін тауыпты. Сөйтіп «Қызылжар» деп аталатын шағын ауданда денешынықтыру және сауықтыру кешенінің құ­ры­лыс жұмыстары басталды. Биыл­ғы жылдың басында оған республикалық және облыстық бюд­жеттен тағы да қосымша 130 млн теңге көлемінде қа­ражат бө­лінді. Саламатты өмір салтын қа­лып­тастыру мен бұқа­ралық спортты дамыту ісіне үл­кен септігін ти­гізетін келісті ке­шеннің жалпы құны 580 млн теңгені құрайды. Оны пай­далануға беру биылғы жылдың ая­ғына белгіленген. Мен саналы ғұмырымды қаржы саласына арнағандықтан да осындай нақты деректерді алға тарта сөйлегенді жаным қалап тұрады.

Темір ауданында бұдан өзге де атқарылып жүрген іс-шаралар мен жобалар баршылық. Сондықтан да бұл бағыттағы жұмыстар бас басылым бетінде жарық көріп жатса, қуанышты болар едік.

 

Мұхит Қабылұлы,

қаржы саласының ардагері

 

Ақтөбе облысы,

Темір ауданы