Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Ел ішінде жақсылықтар мен жаңалықтар жеткілікті. Оның оң мысалдары біздің Темір ауданында да табылады. Соның ішінде бәсекеге қабілеттілікті көтеретін нақты жобалар қолға алынуда.
Бәсекеге қабілетті ел болуы үшін біз ең алдымен ежелгі төл мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді және отаншылдық сезімді сақтай білуіміз керек. Мұның бәрі туған жерге деген сүйіспеншіліктен бастау алады деп білемін. Ауылдастарымның бойында осындай қасиеттердің тоғысуы мені әркез ризашылық сезімге бөлейді.
Ауыл – ұлттық рухтың қуат алар қайнар көзі, ұлттың ұйытқысы емес пе?! Өркениетті елдер көшінің қатарында болуымыз жолында ауылдың арқалайтын жүгі қашан да ерекше.
Бұдан 2-3 жыл бұрын Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қабылданған «Ауыл – ел бесігі» жобасы барлық жердегідей Темір ауданында да қызу қолдау тапты. Әрі аталған жоба аясында әжептәуір істер қолға алынды. Мұнда қордаланып қалған басты проблеманың бірі – жол қатынасы болса, өткен жылы 90 млн теңгеге жуық қаражатқа
аудан орталығы Шұбарқұдықтағы көшелерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ ұзындығы 3 километрге жуық автомобиль жолы салынып, ел игілігіне пайдалануға берілді.
Аудан орталығында бұған дейін арнайы орын болмағандықтан, күреспен шұғылдануға белді бекем буған жастар жаттығуды мәдениет үйімен жапсарлас орналасқан бөлмеде жасап келген еді. Ал екінші күрес залының орнын халыққа қызмет көрсету орталығындағы кабинеттердің бірі атқарды.
Жергілікті атқарушы орган жетекшілері мен ел тұрғындарының өзара ауызбірлігі және ортақ іс-қимылдары нәтижесінде бұл мәселе де «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде шешімін тауыпты. Сөйтіп «Қызылжар» деп аталатын шағын ауданда денешынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстары басталды. Биылғы жылдың басында оған республикалық және облыстық бюджеттен тағы да қосымша 130 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Саламатты өмір салтын қалыптастыру мен бұқаралық спортты дамыту ісіне үлкен септігін тигізетін келісті кешеннің жалпы құны 580 млн теңгені құрайды. Оны пайдалануға беру биылғы жылдың аяғына белгіленген. Мен саналы ғұмырымды қаржы саласына арнағандықтан да осындай нақты деректерді алға тарта сөйлегенді жаным қалап тұрады.
Темір ауданында бұдан өзге де атқарылып жүрген іс-шаралар мен жобалар баршылық. Сондықтан да бұл бағыттағы жұмыстар бас басылым бетінде жарық көріп жатса, қуанышты болар едік.
Мұхит Қабылұлы,
қаржы саласының ардагері
Ақтөбе облысы,
Темір ауданы