Қоғам • 20 Мамыр, 2020

СЭС жұмысы неге ақсап тұр?

5871 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Бұрын СЭС деген мекеменің сесі сұмдық еді. Сонау кеңес заманынан тәуелсіз елімізге аман-есен өтіп, атын сәл-пәл өзгерткені болмаса СЭС қызметі жұмысын сол күйі жалғастыра берді. Үстелдің үстін сипап өткенде саусағының ұшына шаң ілінсе, кез келген басшы мен қызметкердің шаңын қағып алатын бұл мекемеден жұрт ығып жүретіні белгілі.

СЭС жұмысы неге ақсап тұр?

Яғни тазалықты талап ететін СЭС қаптаған мекемелер үшін алатаяқты «МАИ»-дай көрінетін. Бірақ дәл осы қызмет болмаса кез келген мекеме салдыр-салақтыққа салынып, қауіпті індеттің бұрқ ете қалуы мүмкін екенін елдің бәрі мойындайтыны анық.

Ал енді қазір СЭС қызметі қайда? Әрине атам заманнан жұрттың санасында жатталып қалған СЭС-тің жұмысын аты басқа бір мекеме жалғастырып келе жатқаны анық. Аты ғана емес, бұл саланың құрылымы, жұмысы түбегейлі өзгеріп кетті. Енді осы қызметтің арғы-бергі тарихынан сөз өрбітіп көрейікші.

1930 жылы еліміздің Ден­сау­лық сақ­тау министрлігінің жанынан сани­тарлық-эпидемиялық басқарма құрылады. Арада 71 жыл өткенде, яғни, тәуел­сіздік алғанымызға 10 жыл толып жатқанда осы басқарма Санитарлық-эпидемиялық бақылау департаменті деп өзгерді. Бір жылдан кейін комитет боп құрылып, Денсаулық сақтау министрлігіне бағынды. 2013 жылы Президенттің Жар­лығымен Тұтынушының құқын қорғау жөніндегі агенттік боп қайта құрылды.

 Аты өзгергенімен заты баяғы ғой. «Торғай сойса да қасапшы сойсын» деген қағидамен СЭС қызметінің бас­шылығына осы саланың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген ма­мандар тағайындалатын шы­ғар деген үміт болған. Бірақ агент­тік­ке бұған дейін Қызылорда облы­сы­ның әкімі қызметін атқарған Болатбек Қуандықов басшы болып та­ғайындалады. Оның мамандығы эко­номист еді. Жеті айдан кейін елі­міз­дегі 19 агенттіктің біреуі ғана қалып, басқалары комитетке айналды. Соның ішінде Тұтынушының құқын қорғау жөніндегі агенттік те комитет болып қайта құрылып, бұл жолы Ұлттық экономика минис­тр­лігіне қосылып кетеді. Енді министр Ерболат Досаев комитет төра­ғасы етіп Әлиакпар Матишевті та­ғайындайды. Оның мамандығы – ин­женер-механик, кейіннен алған мамандығы – экономист. Былайша айт­қанда, Қуандықов та, Матишев те санитарлық-эпидемиялық қызметтен мүлдем хабары жоқ басшылар еді. Әрине, екеуі де қол қусырып қарап отырды деуге болмас. Олар да шамалары келгенше еңбек етті. Бірақ, дәл осы жылдар­дан бастап ойда-жоқта лауазымды жұмысынан босап қалған шенеуніктер мамандығы сәйкес келмесе де Тұтынушының құқын қорғау жөніндегі комитетке бағынышты мекемелерді басқаруға кірісіп кетіп жатты.

Ал Денсаулық сақтау кодексінде Тұтынушының құқын қорғау жөнін­дегі комитет басшылығына сани­тарлық профилі бойынша меди­ци­на­лық жоғары білімі бар мамандар ғана тағайындалуы тиіс деп тайға таңба басқандай етіп жазылған. Әйтеуір, Қуандықов пен Матишев бұл комитетке басшы болып келгеннен кейін облыстардағы филиалдарды да заңгер, экономист, СЭС-ке қаты­сы жоқ мамандық иелері басқара бас­та­ға­ны жасырын емес.

Қош, сонымен... 2014 жылдың жазында Денсаулық сақтау министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қосылып, екі үлкен салаға Тамара Дүйсенова министр болып тағайындалды. Міне, осы кезде ғана Т.Дүйсенова СЭС саласын жақсы білетін, медицина ғылымдарының докторы, профессорлар Кенжебек Шайсұлтанов пен Анатолий Белоногты өзіне шақырып алып, ақыл сұрайды. Дәл сол кезде Қарағанды облысының Шет ауданында сібір жарасы шығып, Үкімет басшысы К. Мәсімов «Тұтынушының құқын қорғау жөніндегі комитетті Ұлттық экономика министрлігінен қайтарып алыңдар» деп тапсырма берген болатын. «Міне, сол комитетті қандай негізге сүйеніп сұрап аламыз, соны түсіндірсеңіздер» деп ақыл сұрайды ғой Т.Дүйсенова. Ақыл сұраған адамнан айналып кетпейсің бе? Шынында өзі білмейтін тірлікті білетіндерден сұрау, білу, кеңесу ақылды адамның тірлігі ғой. Қысқасы, көп ұзамай ұзын столдың бір жағында Тамара Дүйсенова бастаған топ, бір жағында Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев бастаған топ бетпе-бет отырады. Обалы не керек, Бишімбаев бұл комитеттің жұмысын жақсы білмейтінін бірден мойындап, «бұл комитетті ертең бөліп алып кетсеңіздер де ризамын» дейді. Бұл кездесу 2016 жылдың 27 шілдесінде өткен еді. Осылайша 2017 жылдың басында Тұтынушының құқын қор­ғау жөніндегі комитет Денсаулық сақ­тау министрлігіне қайтарылып, Жандарбек Бекшин төрағасы болып та­ғай­ындалады.

Алайда министрлік СЭС қыз­ме­­тіне тағы да жеңіл-желпі қарап, осы жолы екі комитеттің басын қо­сып жібереді. Яғни Тұтынушының құ­­­қын қорғау жөніндегі комитет енді Меди­циналық бақылау ко­ми­­тетімен қосылып, Қоғамдық ден­­­саулық сақтау комитеті болып құ­ры­лады. Реформа жасау мұ­ны­мен де тоқтамай, 2019 жылы бұлар­ға Фар­мацевтикалық бақылау коми­те­ті қо­сылып енді Тауарлар мен көр­се­­тілетін қызметтердің сапасы мен қа­уіп­­сіздігін бақылау жөніндегі комитет болып шыға келді.

– Осылайша, 2013 жылдан бері қарай бұл құрылым 5 рет өзгеріске ұшы­­рап, оның қазіргі деңгейі сын көт­ер­мейтін хәлге жетті, – дейді біз­бен әңгімесінде медицина ғы­лым­дарының докторы, профессор Кенжебек Шайсұлтанов. – Енді коронавирус әлемді әлекке салып, баяғы СЭС қызметінің қадірі анық бі­лінген кезде ғана Денсаулық сақ­тау министрлігі Санитарлық-эпи­демиялық бақылау және меди­ци­на­лық тексеру комитетін құру туралы жобаны қолға алғалы отыр екен. Ал шет мемлекеттерде СЭС жұмысы қалай ұйымдастырылған? 2017 жыл­дың аяғында дамыған елдердің тәжі­ри­бесін көру үшін шетел­ге барып қайттық. Ол жақта биз­нес­тің дамуына үкіметтік органдар еш­қан­дай кедергі жасамайды. СЭС қыз­метіне келетін болсақ, шетелде әр сала бойынша арнайы ассоциация құрылған. Тек солар тексереді. Мысалы, Мерилэнд штатына қа­рай­тын Балтимор қаласындағы бір стоматологияға кіріп әңгімелестік, дәрігерлер СЭС, Денсаулық сақтау министрлігі дегенді мүлдем білмейді. Ассоциацияға жарна төлеп мүше болған. Үкіметтік органның қызметін атқаратын сол ассоциация бәрін есепке алып, мамандарды үйретіп, оқытып, семинар өткізеді екен. Егер шағым түсіп жатса, тексереді. Дәлелденсе, айыппұл салады. Егер тіптен шектен шығып бара жатса мүшеліктен шығарып, лицензия­сынан айырады. Яғни, ол фирма жұмыссыз қалады деген сөз. Осылайша АҚШ-та әр сала бойынша барлығы 45 мыңнан астам ассоциация бар екен. Сол жолы шетелдік қауымдастық басшылары «Егер сіздерде осындай ұйым құрсаңыздар, көмектесеміз, жеңілдікпен дәрі-дәрмек береміз» деп айтқан соң екі жақты қарым-қатынасты нығайтуға ниет­тенген едік. Алайда біздің ұсы­ны­сымызды сол кездегі Үкімет жетек­шісі Б. Сағынтаев қолдамады.

Дегенмен де 2015 жылы СЭС саласында аудит жұмысы жандана бастады. 2016 жылы «Қазақстанның санитарлық-эпидемиялық ауди­тор­лардың республикалық Қауым­дастығы» ЖК және ЗТ бірлес­тігін тіркедік. Сол жылы бірле­сіп жұмыс істеу жөнінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау жө­нін­дегі комитетпен меморандум жа­са­­дық. Этикалық кодекс бекіттік. Әри­­не, тексерудің де өз ережесі бар. Біз алдымен келісім-шарт жасаймыз. 2015-2019 жылдар аралығында аудитор компаниялардың көмегімен 17,5 мың жарым нысанға тексеру жүргізіліпті. Сөйтіп биылғы жылдың басына дейін 92 аудиторлық компания тіркелді. Мұндай компания­лар барлық өңірлерде жұмыс істеп жатты. Бірақ, бұл аудиторлық ком­па­нияларға Тауарлар мен көрсе­тіле­тін қызметтердің сапасы мен қауіп­­сіздігін бақылау жөніндегі коми­­тет алғашқы күннен-ақ қарсы болды. Қазір 92 компанияның 37-сі ғана мүше (40%). Яғни АҚШ-тың тәжі­рибесінен алынған «Өзін-өзі бас­қаратын мекеме» (СРО) құру туралы ұсыныстарымыз 2018 жылдан бері министрліктен қолдау таппай отыр. Негізі, дамыған елдердің бәрінде осындай қызмет өрістеп тұр. Өз істеріне өздері жауап береді. Болмаса тұтынушылар сотқа беріп, айқай-шу шығарып, фирмаңды жауып тастайды. Ия, соңғы жылдары біздің қауымдастыққа байланысты 7-8 шағым болды. Бірақ, сотта бәрін жеңіп шықтық. Ассоциациядағы мамандардың бәрі жоғары санатты. «Атамекен» бізді түсініп, қолдау көрсетуде.

– Негізі реформалардың бар­лы­ғы жұмысты жақсарту үшін жа­са­­лады ғой. Осы жылдар ішінде Ден­саулық сақтау министрлігінің Коми­тетке байланысты жасаған рефор­маларын қолдайсыздар ма?

– Үзілді-кесілді қолдамаймыз. Бұл ғылыми негізі жоқ, қоғамдық тал­қы­лау­лардан өтпеген және шенеу­нік­тердің кабинетінде жасалған реформалар. Мысалы, 2015 жылы Ұлттық экономика министрі Е.Досаев эко­но­микалық дағдарысқа қарамай «Ұлт­тық сараптама орталығын» ашып, бір экономисті бас директор етіп тағайындап тастады. Содан бұл орта­лық­тың облыстардан филиалдары да ашылды. Бұрын аудандық СЭС облыстық мекеменің филиалы еді. Енді облыстық мекеменің өзі филиал болып қалды. Алайда бас мекемеде, яғни Ұлттық сараптама орталығында зертхана болмады. Мысалы, КВИ болғанда облыстарда анализ алынып, соны дәлелдеу үшін орталыққа жібер­уі керек. Ондай орталық бұларда жоқ. Алматыда санэпидсараптама және мониторинг деген орталық болған. Сол облыстардың ұйым­дас­тырушы-методикалық орталығы еді. Одан бөлек салауатты өмір сал­тын қалыптастыру орталығы болды. Қысқасы, гигиеналық-эпи­де­миология жөніндегі ғылыми орта­лық, салауатты өмір салтын қа­лып­тастыру орталығының басын қосып, Қоғамдық денсаулық сақтау Ұлттық орталығы дегенді ашты. Ал лабораторияға бір акушер гинекологты басшы етіп тағайындады. Ол бұл саланың жұмысын біле ме? Мысалы, эпидемиолог дәрігерлер гинекологтардың жұмысын білмейді, олар біздің жұмысымызды білмейді. Жалпы жағдайды білуі мүмкін, те­ре­ңірек білмейді ғой. Осылайша бұл Комитет бұрынғы өз саласындағы жұмыс мекемелерінен жұрдай болды. Сараптама орталығынан басқа ештеңе қалған жоқ. Осымен баяғы СЭС-тің аты мен заты да өшті.

Былтыр Атырауда дау шығып, перзентханада жүздеген бала шеті­неп кетті. Негізі перзентханалар тә­уекелдігі жоғарғы індет оша­ғы саналады. Оны ай сайын СЭС де­пар­таментінің өзі тексеріп оты­руы тиіс. Бұл перзентханада тексеру жұмыстары жүрмеген. Ақы­рын­да облыстық денсаулық сақтау бас­қармасының басшысын кінәлі қылып шығарып, ол жұмысынан кетті. Одан да басқа қызметкерлер жұмысынан босады. Бірақ, СЭС-тің бастығына ештеңе болған жоқ. Басшылық грамота беріп, екінші жерге басшы етіп жібере салды. Дәл осылайша Алматыдағы №12 аурухананы да уақытында тексергенде қызметкерлері жаппай қауіпті індетті жұқтырып алған сорақы жағдай болмас еді.

– Осы саланың мамандарын дайындау ісі де сын көтермейтіні соңғы кездері жиі айтылып жүр...

– СЭС мекемелерінде 500-ден астам вакансия тұр. Ал жергілікті СЭС басқармалары кодекске қайшы келетін басқа мамандарды, солардың ішінде химик, биолог, эколог, экономист, заңгерлерді жұмысқа алуда. Тіпті, мейірбикелерді де алып жатыр. Шалғай ауылдарда бірде-бір санэпидемиолог дәрігер жоқ. Бір кездері өзім еңбек еткен Көкшетау облысының Қызылту ауданында бас санитар дәрігерден басқа бес дәрігер болатын. Қазір бас дәрігердің міндетін атқарып, бір-ақ дәрігер жұмыс істеп жүр. Сосын баяғыда Алматыдағы медициналық институтың санитарлық-гигиеналық деген факультеті болатын. Кейіннен оны жауып, Қазақстанның орталық аймағы Қарағандыдағы мемлекеттік медициналық институтын ашты. Жылына 200 мамандық дайындап отырды. Содан кадр тапшылығы болған жоқ. Жалпы СЭС қызметіне байланысты 15-ке жуық мамандық бар. Алайда алдымен педиатрия, кейіннен санитарлық-гигиеналық факультетін жапты. «Болон жүйе­сіне кіреміз, шетелден қалып қой­ма­уымыз керек» деп «Медико-про­филактикалық», содан кейін «Қо­ғамдық денсаулық сақтау» деген факультеттер ашып, бес жыл оқытып мамандар дайындап жатыр. Бірақ, олар гигиена, санитария, эпидемиология, вирусология, инфекциялық аурулар және т.б. курс­тардан өтпегеннен кейін жұмыс таппайды. Осы мамандықтар бойынша оқуды бітірген 800 маманның 50-і ғана жұмыс істеп жүр. Бар-жоғы 6,5 ғана пайыз.

Сондықтан Қарағандыдағы баяғы факультетті ашып, дәрежесін көтеру керек. Тіпті, Қарағандыдағы академиядан санитарлық-гигиеналық институтты неге ашпасқа? Бұл оқу орнының базасы өте мықты, әлі күнге сақталып қалған. Әзірге бес облыстағы академияларда кадр да­йындап жатыр, олардың ешқандай материалдық-техникалық базасы да, тәжірибелі мамандары да жоқ.

– Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әрбір дағ­дарыс­тың өз сабағы болады. Оны ескеру керек. Біз қазіргі дағдарыс пен пандемиядан сабақ алып жатырмыз. Шын мәнінде, соңғы жылдары са­ни­тарлық-эпидемиялық қыз­­мет жүйесін дамытуға және оны қолдауға тиісті дәрежеде көңіл бөлін­беді. Әрине, оның белгілі бір себептері бар. Оны сіздер жақсы білесіздер. Біз қазір Денсаулық сақ­тау министрлігінің жұмысын қайта қалыптастырып жатырмыз. Қа­жетті реформалар жүргізілетін бо­лады. Атап айтқанда, Бас са­ни­тарлық дәрігердің өкілеттігі кү­шейтіледі» деп санитарлық-эпи­де­миялық қызмет жүйесін рефор­­малау мәселесі жайлы айтты.

– Шынында бұл қызметті дамыту қажет, бірақ қалай? Меніңше са­нитарлық-эпидемиялық жү­йе­­сін бақылайтын қызметті Ден­саулық сақтау министрлігінің құра­мын­да қалдыруға болмайды. Өз алды­на агенттік етіп құру қажет. Неге? Өйткені СЭС-тің барлық ереже-талаптары Денсаулық сақтау минис­трлі­гінің қолымен бекітіледі. Одан кейін республикалық дәрежедегі ауруханалардың барлығы Денсаулық сақтау министрлігіне бағынады. Яғни, СЭС бұл ауруханаларды дұ­рыстап тексере алмайды. Өзі ми­нис­трлікке бағынып отырған Комитет сол саладағы нысандарды тексеріп, кемшіліктерді ашық айтады деп ойлайсыз ба? Яғни, қазіргі Комитеттің құзырында ешқандай билік жоқ. Мысалы, осыдан 15 жыл бұрын Ресейдің СЭС қызметі де Денсаулық сақтау министрлігінің құрамында болатын. Кейіннен осы саланың майын ішкен әйгілі маман Г. Онищенко Адам саулығы және тұтынушылардың құқын қорғау жөніндегі федеральдық қызмет деп қайта құрды. Бұл ұйым тікелей үкіметке бағынды. Өзбекстанда да СЭС қызметі жақында екіге бөлініп, Агенттік болып ашылды. Ал бізде осы уақыт ішінде бес рет реформа жа­салды. Бесеуінен де ештеңе өзгерген жоқ. Комитетке қарайтын 500-ге жуық мекемелер бар. Сонда қаншама рет құжат, мөр, мекеменің атын ауыстыру сияқты жұмыстарға миллиондаған теңгелер жұмсалды деген сөз.

Қысқасы СЭС саласының жағ­да­йы осындай. Біз министрліктің жасап жатқан іс-әрекеттерінен әб­ден түңілген жанбыз. Осының бәріне жаның ашиды. Әттең, еркек болған соң жылай алмайсың. Әйтпесе, қанша реформа болса да санитарлық-эпидемиялық жағдай түзелмеді. Қысқасы, бұл салада «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа қалмады. Енді Президент Қ.Тоқаев­тың Комитетті күшейту туралы ұсы­ны­сы үмітімізді оятты. Біздің Қа­уым­дастық Президенттің бұл ұсы­ны­сын қо­л­дайды және жұмыс топтарымен талқыға салуға дайын.