Спорт • 20 Мамыр, 2020

Хабиб Нұрмагомедов UFC-де көш бастап тұр

237 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әлемге әйгілі ESPN телеарнасы қазіргі кезде ең белді промоушен – UFC-де өнер көрсетіп жүрген ең үздік ережесіз жекпе-жек шеберлерінің рейтингін жариялады.

Хабиб Нұрмагомедов UFC-де көш бастап тұр

Үздіктер көшін 31 жастағы ресейлік Хабиб Нұрмагомедов бастап тұр. Жеңіл салмақта күш сынасатын Дағыстанның дүлдүлі осы күнге дейін 28 кездесу өткізіп, соның барлығында басымдық танытты. 18 қарсыласын ол мерзімінен бұрын ұтты.

Жартылай ауыр салмақтағы Джон Джонс екінші орынды иеленуде. 32 жастағы АҚШ-тың саңлағы 28 рет октагонға шықты. 2009 жылы Мэтт Хэмилге рұқсат етілмеген әдіс қолданғаны үшін оның шердогына жеңіліс жазылды. Ал осыдан үш жыл бұрын Даниеэль Кормьеге қарсы өткізген кездесудің нәтижесі есепке алынбады. Қалған жекпе-жектерінің барлығында Джонс жеңіске жетті. 16 қарсыласын ол есінен тандырды.

Үшінші орында – Генри Сехудо. Аса жеңіл салмақтарда бақ сынап жүрген 33 жастағы америкалық арлан 18 бәсекенің тек екеуінде ғана есе жіберді. Сол жеңістерінің тең жарысын мерзімінен бұрын аяқтады.

Сондай-ақ Стип Миочич (Хорватия/АҚШ. 19 жеңіс, 3 жеңіліс), Даниеэль Кормье (АҚШ. 22 жеңіс, 2 жеңіліс, 1 кездесудің нәтижесі есепке алынған жоқ), Исраэль Адесанья (Жаңа Зеландия. 19 жеңіс, 0 жеңіліс), Камару Усман (Нигерия/АҚШ. 16 жеңіс, 1 жеңіліс), Деметриус Джонсон (АҚШ. 30 жеңіс, 3 жеңіліс, 1 рет тең есеп), Александр Волкановски (Аустралия. 21 жеңіс, 1 жеңіліс) және Джастин Гэтжи (АҚШ. 22 жеңіс, 2 жеңіліс) сынды саңлақтар үздік ондықтың қатарына еніп отыр.