Парламент • 20 Мамыр, 2020

Н.Нығматулин: Мәжіліс депутаттары әзірлеген заң жобаларының саны артты

555 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттардың бастамасымен қолға алынған халықаралық автомобиль тасымалдарын қадағалап отыру мәселелеріне қатысты заң жобасы мақұлданды.

Н.Нығматулин: Мәжіліс депутаттары әзірлеген заң жобаларының саны артты

Заң жобасында талқылау барысында Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин депутаттардың заң шығарушылылық жұмысына баса назар аударды.

– Біз депутаттарымыздың бастамасымен әзірленген тағы бір заң жобасын мақұлдадық. Ерекше айту керек, біздің депутаттардың заң шығару бастамашылығы осы сессияда өте жоғары. Мысалы, 41 Заң жобасына депутаттар өздері бастамашы болды. Алдымызда тағы да он шақты заң жобасы бар, – деді Нұрлан Нығматулин.

Мақұлданған құжатта Үкіметке халықаралық тасымалдарды қадағалап отыру жүйесінің ұлттық операторын айқындау бойынша құзыреттілік беру ұсынылады. Сонымен қатар халықаралық автомобиль тасымалдарын жүзеге асыру кезінде электрондық сәйкестендіргіштерді (навигациялық пломбаларды) пайдалану бөлігінде тасымалдаушыларға қойылатын талаптарды белгілеу қарастырылған.

Осылардың қатарында электрондық сәйкестендіргіштерді қасақана бүлдіргені немесе жойғаны үшін әкімшілік жауаптылықты енгізу және электрондық сәйкестендіргіштерді пайдалану тәртібін салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органның бекітуі көзделеді.