Спорт • 20 Мамыр, 2020

Шахматтан онлайн-турнир басталды

185 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шахматтан әлем чемпионы, норвегиялық Магнус Карлсеннің ұйымдастыруымен өтіп жатқан жүлде қоры 1 миллион АҚШ долларын құрайтын онлайн-турнирлер сериясы жалғасуда.  

Шахматтан онлайн-турнир басталды

Кеше «Lindores Abbey Rapid Challenge» деп аталатын турнирдің тұсауы кесілді. Айтулы дода Магнус Карлсеннен бөлек, америкалық Хикару Накамура мен Уэсли Со, ирандық Әлиреза Фиружа, ресейлік Александр Грищук, Сергей Карякин, Данил Дубов, армениялық Левон Ароян, польшалық Ян-Криштоф Дуда, қытайлық Лижэнь Дин, Вэй И және Юй Яньи сынды ойыншылар өнер көрсетуде.

Алғашқы төрт турдан кейін үш ұпайдан жиған төрт шахматшы көш бастады. Олар – Хикару Накамура, Магнус Карлсен, Сергей Карякин және Уэсли Со. Солардан жарты ұпайы кем Лижэнь Дин бесінші орынды иеленуде. Алтыншы және жетінші сатыға Александр Грищук пен Левон Ароян жайғасты. Олардың қоржынында екі ұпайдан бар. Сегізінші орындағы Юй Янъи (Китай) 1,5 ұпайды еншілеуде. Ал қалған ойыншылар әзірге жалқы ұпайды қанағат тұтуда.

Естеріңізге сала кетейік, алғашқы кезеңде гроссмейстерлер айналмалы жүйе бойынша рапидтен 11 партия өткізеді. Солардың арасынан озып шыққан сегіз саңлақ плей-офф сайыстарында бақ сынап, өзара бәсекелер арқылы жарыс жеңімпазын анықтайды.