Қиын сәтте елмен, халықпен бірге екендіктерін көрсеткен әскерилер блок-бекеттерде тәртіпті күшейтіп, залалсыздандыру жұмыстарына атсалысты. Қалалық полиция өкілдерімен бірге мөлтек аудандарда патрульдік қызмет атқарды. Облыс әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов әскери міндеттілерді арнайы жиынның аяқталуымен құттықтап, облыс әкімінің Алғыс хатын табыс етті. «Арнайы жиын бір ай ішінде ауқымды жұмыстар атқарды.
Атап айтқанда, Мақтаарал ауданында болған техногенді сипаттағы төтенше жағдайдың салдарын жою үшін тартылған Мақтаарал, Жетісай, Сарыағаш, Келес, Шардара аудандарындағы бөлімшелерінің сарбаздары ерлікпен әскери қызметін атқарды. Жиын кезінде, әрқайсыңыз жанқиярлық пен әскери дисциплинаның үлгісі болдыңыздар», деген облыс әкімінің орынбасары, бірқатар жауынгерге Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Н. Ермекбаевтың арнайы Грамотасын, Оңтүстік өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор К. Қарақұловтың Алғыс хатын табыстады.
Жалпы, облыс бойынша 230 әскери міндетті тіркелген, оның 50-і Түркістан қаласына жұмылдырылды. Оларға тұрақты жұмысында берілетін жалақы мөлшері өзгеріссіз беріліп отырды. Ал, жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар 42500 теңге көлемінде айлық алған.
Түркістан облысы