Аймақтар • 20 Мамыр, 2020

Шымкентте биыл 6 840 түлек ҰБТ-ға қатысуға ниет білдірген

393 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Шымкентте биыл 8 470 түлек мектепті бітіргелі жатыр. Оның ішінде 6046-ы қазақ тілінде, 1545 оқушы орыс тілінде, ал қалған 879-ы өзбек тілінде аяқтайды. 

Шымкентте биыл 6 840 түлек ҰБТ-ға қатысуға ниет білдірген

Шымкент қаласы білім басқармасының мәліметінше, қала мектептеріндегі 6 840 түлек ұлттық бірыңғай тестке қатысуға ниет білдірген.

–Оқушылар биыл 4-тоқсанды қашықтан дәріс ала отырып аяқтайды. Яғни, 9(10) сыныптардың білім алушылары үшін қорытынды бітіру, ал 11(12) сыныптардың түлектері үшін мемлекеттік бітіру емтихандарын тапсырмай-ақ, жылдық баға қорытындысымен білімін аттестаттандыру енгізіліп отыр. Түлектер өздерінің 11 жыл білім алған алтын ұяларымен қоштасса, ұстаздар өздерінің сүйікті шәкірттерін үлкен өмірге қанаттандырады. Енді алдымызда мектеп бітіру кештері және Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу секілді жауапты шаралар тұр, – дейді Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева.

Шаһардың бас ұстазының сөзінше, білім сынағын тапсыруға өтініш білдіргендер жалпы түлектердің 80,7 пайызын құрайды. 

Айта кетерлігі, соңғы қоңырау 3-4 маусым күндері мектеп ауласында, ашық аспан астында мектеп бітіруші түлектердің ғана қатысуымен өтпек. «Аста-төк дастархан, қызылды-жасылды киім-кешек, кортеж жасап, қыдыру секілді басы артық шығынға биыл жол жоқ», – дейді білім басқармасының басшысы. 

Түлектерге білімін растайтын аттестат соңғы қоңырауда табыс етілмек. Ал оған түлектер тек мектеп формасымен келулері тиіс. Тәртіпке бас имегендерге қатаң шара қолданылады. 

 

Шымкент