Өнер • 21 Мамыр, 2020

Сұрапыл Салехетдин

456 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Осы бір сұрапыл суретші туралы қайта бір қалам тербеуге көптен бейілді едім. Тақауда иін қандырып жазып жүретін азаматтардың бірі – Жанғали Жүзбай мен Оралхан Дәуіттің «Egemen Qazaqstanda» жарық көрген жазбалары осы тақырыптың кілтін тауып берді.

Сұрапыл Салехетдин

Мезгіл бет қаратпас күздің қара суығы еді. Шамамен 80-жыл­дардың басы болуы керек. Оның шеберханасына күнара соғып кету дағдыма айнала бастады. Кездесу мүмкін емес. Қайда жүр­генін тірі жан білмейді. Сонда да үмітімді үзбеймін. Бір күні тік жа­ға жұқалтаң күртешесіне басы мен мойны сұғына кіріп кеткен, шашы дудыраған, сақалы бурыл тартқан, темекісін құшырлана сорған ол әлтек-тәлтек басып ке­ле жатты. Салқын амандасты. Сәл аялдады. Кеудесін тіктеп алды да тәкаппар сөйледі.

«Мен өз деңгейімді өзім жақ­сы білемін. Аулақ жүріңдер».

Мен бұл сөзге селт еткенім жоқ. Өйткені аса тарпаң, аса да­рын­ды адамның, ақсүйек сурет­кердің бұл сөзін қалыпты жағдай ретінде қабылдадым. Онысынан ешқандай әдепсіздік көргенім жоқ. Сол күннен бастап ол маған сурет өнеріндегі Сүлейменов (Асқар) секілді көрінді. «Маған бір музыкалық этюд, ия фантазия жазу үшін құстың бір түш­кіргені жетіп жатыр» деп М.Глинка айтқандай, осының өзі де маған жеткілікті болды да, ол жөнінде өзімдегі бар деректерді базаршылауға, қанағат етуге ден қойдым. Менің журналистік жолымда сірә жүзбе-жүз кездеспеген екі кейіпкерім болды. Соның бірі осы Салехетдин Айтбаев болса, екіншісі Әнуар Мол­дабеков еді. Бірақ екеуі жө­нінде де жаздым. Өйткені ішкі сезім қуаты, құш­тар­лық өз дегеніне жетпей қоймайды.

Алдымен тақырыбымызға тұздық бола ма, әлде бір соны сер­­­пін бере ме, қоғамда көп тал­қылан­баған, мүлдем назарда бол­ма­ған бір пікірге иек артып, сипай қамшылап ой толғап көрелік.

Жанғали Жүзбай былай деп жазады:

«Белгілі бір жайттың сауалына төрелік айту үшін орыс де­рек­темелеріне жүгіну дағдысы бізде әлі бар. Ол түсінікті де. Өйткені біздің ғылымда орыс өнертану мектебінің күші әлі ықпалды, әлі өктем». («Egemen Qazaqstan», «Қазақ қыздарының әншілік мәдениеті», 24.04.2020.).

Жанғали мырза, орыс дерек­теріне, дәйектемелеріне сүйене отырып, аталмыш тақырыпты иг­еріп шыққан. Менің назарымды аударғаны «...орыс өнертану мек­тебінің күші әлі ықпалды, әлі өктем» деген пікірі. Дұрыс. Бұл өктем­діктің бүгін ептеп сейіл­ген түрі байқалатын шығар, ал то­қырау деген жылдары төбемізге шығып кеткен.

Салехетдин өнертанушы­лар­ды шеберханасына неге жолат­пағанына, әлгі бір тәкаппар сөзінің сырына осы тұста терең бойлай түсесіз. Кезінде «Молодая гвардия» деген Мәскеуден шығатын журналда былай депті.

«...Известный казахский жи­вопи­сец А.С. в картине «Мо­ло­дые казахи» нескольких молодых казахов одел в одежду бывших казахских баев и феодалов. Ин­тересно, что этим самим хотел сказать автор?..».

Салехетдин өзі «Ломоносов» деп қағытатын белгілі суретші, қаламгерлігі де бар Саламат Өте­місұлы онымен сырлас, пікір­лес еді. Суретшіге қолымыз жет­пе­­гесін осы кісі арқылы көп жайт­­қа қанықтым. Сәкең Ал­ма­­ты­дағы Горький демалыс пар­­кінің түбінде тұратын еді. Әң­­гіме-дү­кен құруға өте қолай­лы жер. Бір­де бұл кісіден әлгі жур­налдағы ма­қалаға байланысты сұрадым.

Әңгімені бірден сол «Жас қазақтардан» бастады.

– Бұл Қалжанның салмақты туындыларының бірі еді. Алдың­ғы шепте ұлттық киім киген ой үстін­дегі жастар, ар жақтағы кө­­рі­ністе жылқы қайырып келе жат­қан кісі бейнеленген.

Мен сенің бұл композицияңды білемін ғой, жақсы туынды, біреу бірдеңе айтты екен деп несіне рен­жисің, көтер басыңды, – деп едім:

– Білсең, менің сол жұмыс үс­тіндегі ой төркінімді тапшы, – деп орнынан тұрды, – не айтқым келді сол жұмыс арқылы?

– «Ереуіл атқа ер салмай, егеу­­лі найза қолға алмай...» деп шұбыртып ала жөнелдім.

– Дәл таптың-ау, жаным-ай! – деп жарқылдап келіп қолымды алды.

Сондағы Салехетдиннің «Ме­нің «Жас қазақтарымды» қатты сынға алыпты. Құдай-ай, бұларға не деуге болады? Бетіме басып, ер­кін жұмыс істетпейді. «Жас орыс­тар», «Жас грузиндер» деуге болады. Сонда не «Жас қазақтар» деуге болмай ма?» деген сөзіне қосыла жылап жібере жаздадым», – деп еді Саламат аға.

Міне, бұл Жанғали айтқан ойдың бір беті ғана. Мен бұл тақы­рыпты кезінде әжептәуір қау­­задым-ау деймін. Әсіресе ер­те­­ректегі Салехетдин суретші ту­ра­лы жазбада бұл ойымыз қоса қа­бат өріліп отырды.

Саламат ағамыз айтқандай, «кенеп бетіне бояуларды дауылпаз соққандай зіркілдеп түсіретін» ол болмысы мүлдем бөтен суретші еді. Суретшінің ішкі айқайын, күрделі көзқарастарын мен түрлі көркемдік ағымдармен бетпе-бет келгенде түсіне бастағандай болдым. Егер біздің қазақ суретшіні ақын-жазушыдай біледі десек, ақиқаттан алыстап кетеміз. Бұл жағдайды көбіне қазақы қалпымызбен байланыстырып, суретшіні бояушы ғой деп жатады. Келісуге де, келіспеуге де болады. Қазақта бір өзі бір дәуірге айналған ақындар бар. Мәселен, Мұқағали. Ал қазақ бейнелеу өнерінде Мұқағалиға, Төлегенге, Жұмекенге, Жұма­тайға бара-бар суретшілер де болған. Осы саладағы аға буын суретшілерді алыңыз. Ә.Қастеев, О.Таң­сық­баев, Ә.Ысмайылов, Қ.Тел­жанов, С.Мәмбаев, С.Романов, М.Кен­баев болып кете береді. Біз осы алып­тарды ешқашан бейнелеу өне­ріндегі Әуезов, Мұқанов, Мү­сірепов деп таныған жоқпыз.

2

Есімнен әлі күнге кетпейді. Бала күнімізде үйге «Огонек» журналы келетін. Шамасы 6-7 сыныпта болармын. Сол журналдың әр нөмірінде Игорь Долгополов деген кісінің суретшілер туралы көлемді дүниесі шығатын. Ол кезде ондай дүниені оқып, түсіну деңгейі жоқ. Сол балаң қызығушылық, әсершілдікпен шектелетінмін. Осы әсершілдік студент болған жылдары қайта оянған іспетті. Бір күні қара базардан Игорь Долгополовтың «Рассказы о художниках» («Изо­бра­зительное искусство», Мәс­кеу, 1982 ж.) атты кітабын сатып алдым. Онда әлем, орыс сурет­­шілерінен жазылмағаны жоқ-ау. Осы кітаптың ықпалы өте күшті болды да суретшілер тура­лы арагідік жазып жүрдім. Тіпті өзімізді былай қойғанда қай­та өрлеу дәуірі (ренессанс) сурет­шілері туралы да бірнеше ма­қала жазылды. Айтпағым, сол тұста біздің даңқты сурет­шіле­ріміз осылардың бірде бірінің қаламына ілінбейтін.

Осы тұста Жанғали айтқан ой атойлап бас көтереді. Сурет­шілерді білу, білмеу – халықтың кем­шілігі емес. Әдебиет, театр сыншылары өзінің рухани мұ­ратына адал болып, белгілі бір деңгейде жетістікке жетті. Ал енді бейнелеу өнеріндегі кемшілікті қазақ өнертанушыларының атына заты сай болмауынан деп түсіну керек. Ұлты қазақ өнер­танушылар болды, бірақ олар негі­зінен орыстілді еді, жан дү­ниесі, танымы қазақы қасиетті, бол­мысты тануға келгенде алыс жататын және оны білуге ниетті емес те болатын. Себебі олардың басым көпшілігі алған білімі мен тәрбиесіне сай орыстық, еу­ро­палық деңгейде ойлайтын, бағалайтын. Салехетдинге маза бермейтіні де біздің дү­ние­та­нымымыздағы осы бір жетімсіздік еді. Бәлкім ол қазақтан да өзге халықтардың өкіліндей (орыс, еврей) өнертанушы қашан туар екен деп армандап өткен шығар. Өзі орыстілді болса да тұла бо­йын­дағы қазақылықты тап басып танитындардың бол­мағанына кө­кі­регі қарс айырылып өкінгені хақ. Күні бүгінге дейін Мәскеудің Третьяков галереясында тұрған су­ретшінің «Бақыт» атты кең ты­­нысты туын­дысын білетін болар­сыз. Осы картинаға байыппен қа­раған адам не байқар еді? Енді оны қан­ша орыстілді десең де ұлтшыл демей көр. Сырт көзге салтанатты көрінетін картинаның айтар ойы, идеясы сұрапыл ғой. Кейде тіпті ол қырағы көздерден қалай аман қалды деп те ойлаймын.

Егер картинаға ұзақ-ұзақ көз талдырып қараған кiсi өз ұлтын әп-сәтте сүйiп, оған тең келер ұлт таппас едi. Бұл картинаның ке­ре­метi, маңыздылығы сонда – ке­ңестiк кезеңде бiр ғана ұлт­қа артықшылық берiлген кезде жа­зылуы. Бұл кезеңге қар­сы­лық едi. Кезеңнiң қатып қал­ған қағи­да­ларына, өзге ұлт ту­ра­лы кем­ба­ғал түсiнiктерiне нара­зылық едi.

Құс қанаты талатын, ат қол­тығы терлейтiн кең дала. Сол кең даланың иесi қазақтың ұлы мен қызы қандай кең, қандай тә­каппар! Қандай сұлу, қандай сымбатты! Не деген салтанатты көрiнiс! Не деген асқақ патетика! Қазақ қандай болған, қазақ қандай болуы керек деген сауалға бұдан артық жауап болмас едi. Егер кеңес тiлiмен сөйлесек, бұл картинада еңбекқор, бақытты кеңестiк жас семьялардың бiрi суреттелген деп еш ойланбастан сырғыта айтып шыққан болар едiк. Жоқ, бұл шын мәнiнде ұлттың бекзат болмысын, елдiң iрiлiгiн, рухын көрсеткен кесек туынды болатын. Ал ол заманда мұндай туынды жазу дегенiң керек болса ерлiкпен бара-бар едi.

Ерлік демекші, сол тұста Қ.Тел­жановтың «Ата-баба жерін­де» («Атамекен»), Ә.Ысмайы­лов­тың «Кенесарысы» да жазылды ғой. «Кенесарының» тағдыры қиын болғаны белгілі.

Әзірбайжан Мәмбетовтің жез­десі Әубәкір аға өте әңгі­ме­шіл, әргі-бергі тарихты жақ­сы білетін (бишілігін былай қойыңыз) керемет шежіре кісі еді. Өзі өр мінездің адамы бола тұра, Кенесары туралы аса айта қоймайтын. Заманның әділет­сіздігі ғой, сол тұста орыс­тар «Үш батырды» жиырма бес жыл салып, барлық оқулықтарға енгіз­генде, И.Глазунов секілді аса ұлт­­шыл суретшісі «ХХ ғасыр мис­териясын» жазып жатқанда қазақ суретшілеріне батырлар мен хандар, билер бейнесін бедерлеу­ге тыйым салынып, жүрегі қан жылағаны да жасырын емес қой.

Ал енді Телжановтың «Атаме­кені» сол заман шенеу­нік­терінің суретті түсінбегені зор бақыт бо­луы­нан аман қалды. Тың және ты­ңайған жерлерді игеру нау­қанына орай жазылып, жыртылған жер­дің үстіне ат ойнатып, көкпар тарт­қызған, Махамбеттің мінезін алып келген Телжановтың бұл сол кезеңге деген ішкі қарсылығы еді.

С.Айтбаев әсершілдік-ассо­циативтік бағытты ұстанды. Не­бәрі сурет училищесін бітірсе де ол ешкімге ұқсамаған, өзін өзі қалып­тастырған кесек суретші болды. Ерболат Төлепбай айт­қандай, кейбіреулер бір нәрсеге қалыптасып қалады да, басқа қалыпқа кіре алмай жүреді. Ол жаңаның бәрін тез түсініп, тез қабылдайтын. Ой, пікір білдіруге аса талғампаз.

Сірә, тағдырдың тоқсан түрлі тауқыметі талантты адамның маң­­дайына жазылатын болуы керек. Талант ұғымының бір баламасы тағдыр дейтініміз де содан. Талантты адам тағдырлы, сан қырлы келеді. Олар біреуге жа­ғымпаздана, жарамсақтана ал­майды. Тіпті мына өмірдің өзін­де қарапайым нәрселерге аса бейімсіз келеді, керек болса газ жағып шай қоюды да білмей кетеді. Олар керек болса атақты да қажет етпейді. Оның болмысына тек еркіндік керек. Атақ демек­ші, қайсыбір жылы атақты Гүлфайруз Ысмайыловадан сәті түсіп осы суретші туралы пікірін сұрағаным бар еді.

– Өмiрде өкiнiш көп болады. Осындайда өмiрден ерте кеткен суретшiлердi ойласам, көкiрегiм қарс айырылады. Халыққа рухани демеу болатын талантты адамдардың ортамызда көбiрек жүргенi қандай ғанибет. Бiрақ олай емес, өмiрдiң заңы, тәңiрдiң жазуы басқа. Мен үшiн шынайы өнер адамдары бiр кәусар бұлақтай. Нұрдан жаралғандай көрiнедi. Ал бұлақтың таза болуы, нұрдың жүзiн көлеңке шалмауы өзiмiзге де, өзгеге де байланысты. Қалжан қандай дарынды жiгiт едi. Ондай суретшiлер сирек туады. Бiрде Зақашқа (Ка­малиденов) «Осы балаға атақ бергiзiңiз» дедiм. Обалы не­шiк, бергiздi. Талантты аяудан, мүсiр­кеуден асқан қорлық жоқ. Мен Қалжан iштi деп, оны кi­нәлаудан аулақпын. Бұл өзi де сол қоғамның дертi едi ғой. Сол дерт қазiр асқынбаса, саябырси қойған жоқ. Дүние жүзiнде iш­пейтiн ел жоқ шығар, бiрақ бiздiң адамдардай iшкенi кем де кем. Соның iшiнде өнер адамдарының тағдырын тәлкек еткен де осы арақ. Ал, тамырын ащы су жайлап кеткен қоғамның алды – жар, арты – құз.

Дарынды адамдарға қай заманда да өмiр сүру оңай болмаған. Өзiмен өзi қалған тұстарда оған мүлдем ауыр едi. Салехетдиннiң де өзiмен өзi арпалысқан кездерi аз болмаған. Мен суреткермiн ғой, сондықтан да оны iштей сезiнетiнмiн. Адамға, тiптi, жай адамның өзiне кейде дүниенiң өзi тар көрiнедi. Ал, талантты кiсiге қай кезде де солай. Менiң бiр тiлегiм: осы секiлдi суретшiлердi халық бiлуi керек, – деп еді сонда апай. Оны әріптестері Қалжан деп атайтын. Неге олай атағанын білмесек те, Қалжанның қалыпқа сыймай кеткені енді анық.

Маңына жолатпайтын тәкап­парлықтың сырына, әлгі бір сұра­пыл сөзінің маңызына осы тұста терең бойлауға тура келеді. Олар сөзге жоқ, айтса бір ауыз сөзге сыйдырып айтады. Біздің ақын-жазушылардың ішінде интеллектуалдары, эрудиттері аса көп деп айта алмас едім, ал суретшіде бұл жағы басым. Кешегі Т.То­ғы­с­­баев, М.Аманжолов, Сале­хет­диндер, одан берідегі Е.Тө­леп­бай, Б.Түлкиевтер – осы ба­ғыт­­тағы суретшілер. Бұлардың ой те­реңдігі сонша, тіпті кей тұста картинадағы айтпағын тілмен жеткізе алмайды.

«...Сіз бәлкім, сенерсіз, сен­бес­сіз, кейбір елдер картина сатып, қарыздарын жап­пақ та болған. Осыдан 5-6 жыл бұрын француз үкіметі Лео­нар­до до Винчидің «Лувр» кол­лекциясындағы «Мо­на Лиза» картинасын сату мүм­кіндігін талқылады. Мұндай қадамға фран­цуз билігі екі триллион еуро құрайтын мемлекеттік қарызын жабу үшін бармақ болған» деп жазады Оралхан Дәуіт («Қазақ суретшілерінің кар­­­тинасы қаншалықты құнды» «Egemen Qazaqstan», 30.04.2020).

Біздің қазақта да бір ел бол­маса да бір аудан, облысты қарызынан құтқаратын сурет­шілер табылады. Егер шын бағасын білсе, сұрапыл Сале­хет­диннің бір «Бақыты» мен «Жас қазақтарының» құны одан да асып кететініне шүбә жоқ. Орыс бейнелеу өнерінің «алтын ғасырының» орыс әдебиетінің дамуына өлшеусіз әсері болғаны тәрізді, қазақ әдебиетіне де зор ықпалы болған қазақ бейнелеу өнерінің «алтын ғасыры» да өтіп кеткенін біз білмей қалдық. Соның жуан ортасынан сұра­пыл Салехетдиннің сарыны, Айтбаевтың ақиқат болмысы да анық көрініп, көз тартып тұрады.

 

Қали СӘРСЕНБАЙ