Ең бастысы, бейбіт жиындар өткізілетін орындардың санын шектемеу туралы ұсыныс өте орынды. Сонымен қоса ол орындардың қала не елді мекен орталығынан алыс болмауын ескеру қажет. Арнайы орын белгіленеді деп халыққа ыңғайсыз, қала сыртындағы алаңдарды белгілеу дұрыс емес. Орындарды белгілемес бұрын да халықпен талқылануы керек. Яғни сол орынды пайдаланатын халық болғандықтан жергілікті билік олардың пікірін сұрап, ойымен санасуы керек.
Одан кейін ұйымдастырушыларға жүктелетін міндеттердің санын қысқартқаны да жақсы шешім. Өйткені ұйымдастырушы жиналған халықтың барлығы үшін жауап бере алмайды. Мұндайда құқық қорғау органдары бар. Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге құзырлы органдардың өкілдері де атсалысуы керек.
Мемлекеттегі сөз бостандығы – заңды нәрсе. Халықтың бейбіт жиынға да құқы бар. Әрбір азамат өз ойын еш кедергісіз жеткізе алуға құқылы. Сондықтан бұл заң да халық үшін тиімді әрі қолайлы болуы керек.
Жібек АХМЕТОВА,
«Маңғыстау облыстық Азаматтық альянсы» ЗТБ төрағасы