Төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта елімізде қандай істер атқарылатынын рет-ретімен баяндаған. Жауапты тұлғаларға тапсырмалар жүктелді. Расында, төтенше жағдай режімі аяқталғанымен, карантиннің жалғасқаны өте орынды болды. Өйткені індеттің қаупі әлі де бар.
Төтенше жағдай режімін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия ауқымды жұмыс атқарды. Ал Президенттің шешімімен қолжетімді несие беру, көктемгі егіс науқанын жүргізу, жұмыс орындарын ашу және сақтау үшін айтарлықтай қаражат бөлінді. Мұның барлығы да ел игілі үшін істеліп жатқан шаруалар. Сарапшылар жаһан экономикасы соңғы жүз жыл ішінде болмаған деңгейге түсетінін болжап отыр. Осындай жағдайға қарамастан, еліміз бірқатар басымдыққа ие болып отырғанын айтқым келеді.
Президент өз мәлімдемесінде бүгінгі күнге дейін Қазақстан бойынша 4 миллион 250 мың азаматқа қаржылай көмек, 570 мыңнан астам адамға азық-түлік берілгенін айтты. Жұмыстары тоқтап, үйлерінде отыруға мәжбүр болғандардың әрқайсысына 42 500 теңгеден берілуі халықты қуантып, сенімдерін нығайтып тастағаны белгілі.
Мемлекет басшысы өз мәлімдемесінде сәуір-мамыр айларында 1,6 миллионнан астам адамға коммуналдық төлем көмегі көрсетілгенін айтты. Сонымен бірге шағын және орта бизнеске де қолдау көрсету жалғаса беретіні Президенттің осы мәлімдемесінде анық айтылды. Мысалы, бизнес өкілдеріне несиелерін кейін төлеу мүмкіндігінің жасалуы да экономиканың негізгі бір буынының әлсіремей, нығая түсуіне оң әсер етері де анық.
Еліміздің індет өршіп тұрған өңірлерінде карантин жалғасады. Сондықтан елдегі коронавирус қаупі сейілмей бірқатар шектеулер күшінде қала бермек. Қауіпсіздік ережелерін сақтап, адам көп шоғырланған орындарда мұқият болайық.
Бахадыр НАРЫМБЕТОВ,
Nur Otan партиясы Шымкент қаласы филиалы төрағасының бірінші орынбасары