Парламент • 21 Мамыр, 2020

Сенатта ЕАЭО аумағында тауар айналымын қадағалауды күшейтетін заң жобасы қаралды

253 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының жалпы отырысында «Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінген тауарларды қадағалап отыру тетігі жөнінде келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды.

Сенатта ЕАЭО аумағында тауар айналымын қадағалауды күшейтетін заң жобасы қаралды

«Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінген тауарларды қадағалап отыру тетігі жөнінде келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы жөнінде Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндама жасады.

– Қадағалау импорттық тауарлар бойынша жүзеге асырылады. Қадағалауға жататын тауарлардың тізбесін Еуразиялық экономикалық комиссияның Кеңесі бекітеді. Әрбір мемлекет өзінің Ұлттық қадағалау жүйесін құруы қажет, сондай-ақ салық төлеушілердің өздерінің ілеспе құжаттарын осы жүйеде ресімдеуін бақылауды қамтамасыз етуі тиіс. Құжаттар осы жүйеде ресімделмесе, тауарларды Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде тасымалдауға тыйым салынады. Келісімде Еуразиялық экономикалық одағына мүше мемлекеттер арасында қадағалау жөніндегі ақпарат алмасу бойынша талаптар айқындалған. Тауарлар айналымын қадағалау тетігін енгізу кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. Келісімді барлық мүше мемлекеттер бекіткеннен кейін әрбір мемлекет 120 күнтізбелік күн ішінде қадағалау тетігін үйлестіруге және іске асыруға жауапты, мемлекеттік билік органдарын айқындауы тиіс, – деді министр.

Келісім күшіне енген күнінен бастап 12 айдың ішінде пилоттық жоба іске қосылмақ. Жобаның нәтижелері бойынша қадағалау жүйесінің тұрақты жұмыс істеуіне көшу туралы шешім қабылданады.