Аймақтар • 21 Мамыр, 2020

Маңғыстау: Бір жылда облыс аумағындағы жолдардың сапасына 490 рет тексеру жүргізілді

228 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Ұлттық жол активтері ұлттық сапа орталығы» Маңғыстау филиалының қызметкерлері 2019 жылдың 23 мамыры мен 2020 жылдың 18 мамыр аралығында жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарын салу, қайта жаңғарту, жөндеу және күтіп ұстау кезіндегі жұмыстар мен материалдар сапасын  сараптау мақсатында 490 рет тексеру жүргізіп, 1708 сынама іріктеліп алынды. Бұл туралы аталған филалдың баспасөз қызметі хабарлады.

Маңғыстау: Бір жылда облыс аумағындағы жолдардың сапасына 490 рет тексеру жүргізілді

Атап айтсақ, республикалық маңыздағы көлік жолдары 363 рет тексеріліп, 1058 сынама алынды. Мамандарымыз жергілікті маңыздағы трассаларға 115 рет бақылау жүргізіп, 636 сынамаларды алды. Сонымен қатар, қалаішілік жолдар 12 рет тексеріліп, бас-аяғы 14 сынама алынды.

Тексеру жұмыстарының нәтижесі бойынша, алынған сынамалардың 449-ы ҚР мемлекеттік стандартына сәйкес келмейтіндігі анықталды. Оның ішінде республикалық маңыздағы көлік жолдарынан алынған 223 сынама, жергілікті маңыздағы трассалардан алынған 212 сынама, қалаішілік жолдардан алынған 14 сынаманың сапасы талапқа сай емес. Бұдан бөлек, жолдарда жасалған жұмыстардан 246 ақау табылды. Оның 181 республикалық, 65-і жергілікті маңызға ие автомобобиль жолдарынан анықталып отыр.

Бақылау-тексеру жұмыстары жүргізілген қазіргі уақытта қайта жаңарту жұмыстары жүріп жатқан «Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан Республикасының шекарасы» бағытындағы жолдың 0-63 және 63-85 шақырымынан алынған сынамалардың дені талапқа сәйкес келмейді. Ал «Жетібай-Жаңаөзен-Кендірлі-Түрікменстан Республикасының шекарасы» бағытындағы трассаның 0-35 шақырымынан алынған сынамалар нәтижесі дұрыс болып шықты. Алайда осы жолдың 35-73 шақырымында жүрген тексерулер қорытындысын 8 кемшілік табылды.

Анықталған ақаулықтар мен талапқа сәйкес келмейтін кемшіліктерді түзеу үшін жол салушы мердігер компанияларға, оларға тапсырыс беруші мекеме-кәсіпорындарға қызметтік хат жолданды.