23 Қаңтар, 2017

Орны үңірейген үрмелі үндер

556 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Музыкамыздағы ата-бабадан жеткен қоңыр үндестік жайлы не айта алады екенбіз?! Бұл жерде, қоңыр үндестік дегенде, қазақтың төл музыкалық аспаптарының оркестрлердегі және ұлттық ансам­бль­дердегі естілу шегі мен мүм­кіндігін айтып отырмын.

Академик А.Жұбанов кеңестік қалыптасу кезеңінде ел ішінде таралған қобыз, домбыра, сыбызғы, дауылпаз музыкалық аспаптарын біріктіріп, 1934 жылы Қазақстан Орталық атқару комитеті атындағы оркестрді ұйымдастырғаны мәлім. 1944 жылы бұл оркестрге Құрман­ғазының есімі берілді. Қазақ оркестрі қазақтың ұлттық музыкалық аспап­тарының атаулары аз болуына байланысты 50-ші жылдардан бас­тап батыстың – литавра, бубен, флейта, кіші барабан, треугольник, ксилофон тәрізді аспаптарымен толықтырылды, сондай-ақ баян да енгізілді. Осылайша атауы қазақтыкі болғанмен, заты әр елдің аралас-құралас аспаптарынан құралған оркестр пайда болды. Иә, Құрманғазы атындағы оркестр әуелгіде осылай қанаттанды.

Болат Сарыбаев Алтын Орда заманынан және Қазақ хандығы дәуірінен бергі уақыттарда түрлі себептерге байланысты жоғалдыға саналған, пайдаланылудан қалған шертер, үш ішекті домбыра, жетіген, бұғышақ, ұран, керней, үскірік, саз сырнай, шаңқобыз, шың, шыңдауыл, даңғыра, дудыға, кепшік, дабыл, сылдырмақ, даңғыра, қоңырау, адырна, кіреуіш, ауыз сырнай, шіңкілдек, сақпан, тұяқ тас, желбуаз, нарқобыз тәрізді қазақтың музыкалық аспаптарын зерттеп қайтадан жаңғыртты. Ғалымның осы ғылыми еңбегінің арқасында бұл күндердегі оркестрлер мен ансамбльдерде шертер мен жетіген, асатаяқ пен шаңқобыз аспаптары, сазсырнай қосылып, оркестр үнін қазақыландырды, кеңестік, еуропалық топтандыру, бірлестіру үлгісіндегі ащы, жат үндестіктен ұлтымыздың өзіне ғана тән қоңыр үнділігін алып келді. Нақтылай айтқанда, қазақтың Тәуелсіздік рухына тән үндестікке айналдырды. Осы орайда Нұрғиса Тілендиев Болат Сарыбаев жаңғыртқан шертер мен жетіген аспаптарын, сондай-ақ, сазсырнай мен мессырнай, тұяқтас, шаңқобыз аспаптарын «Отырар сазы» оркестрін ұйымдастыру жолында пайдаланып, іске жаратқанын айта кеткеніміз абзал.

Әйткенмен қазақ оркестрлері мен ансамбльдерінде сыбызғыдан басқа үрлеп ойналатын музыкалық аспаптардың орны осы күндерге дейін үңірейіп бос тұр. Мысалы, керней, урра, қос саз, мүйіз сырнай аспаптарының үндері. Осы атал­ған музыкалық аспаптардың бәрі де өзбек, қырғыз, түрікмен, әзер­байжан ұлттық оркестрлерінде бар. Және музыкалық шығармалар орын­дағанда үрлеп ойналатын аспаптар үндері бірінші кезекте естіліп тұрады. Мен қазақ оркестрлерін сынаудан аулақпын. Әсіресе, Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптар оркестрі – халқымыздың жүрегінің лүпілі, табиғатының көркі, Тәу­ел­сіздігімізді музыка үнімен ұран­дайтын рухы биік деңгейге кө­терілген, әлемге танылған ұлы ор­кестр. Менің жанайқайым Б.Сары­баев әлдеқашан жазып дә­лел­деп кеткен ұран мен керней ас­пап­та­­рының бүгінгі таңға дейін қолға алынбауы, әлі күнге дейін оркестр­лерде болмауы.

Керней-сырнай тарттырып,

Даңғыра дабыл қақтырып,

Барып түсті Алпамыс,

Қаракөзайым үйіне, – деп «Ал­памыс батыр» эпосында жыр­­лан­ғандай, керней аспабын оркес­тр­лерімізге қоссақ, бабалар аманатын орындағанымыз болады. Осы бағытта кейінгі жылдары «Тұран» және «ХасСақ» этно-фольклорлық ансамбльдері бой көр­сетіп, біраз музыкалық ас­пап­тарды жаңғырту үстінде екені қуан­тады. Дегенмен, бұл аздық етеді. Әсіресе керней, ұран, мүйіз сырнай, қос саз музыкалық аспаптарын оркестрлерімізге қосу кезек күттірмейтін игілікті шаралар болмақ. Ол үшін кәсіби мамандар, музыка аспаптарын зерттеушілер, композиторлар, дирижерлер, музы­калық оқу орындарының ұстаз­дары мен шәкірттері бас қо­сып, осымен тікелей айналысулары, дамытулары қажет деп білемін.

Жарқын

ШӘКӘРІМ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері