Аймақтар • 21 Мамыр, 2020

Мақтааралдағы судан құрғатылған ауылдар күл-қоқыстан тазартылуда

173 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мақтаарал ауданындағы су басқан елді мекендердің барлығы судан тазартылды. Аз уақыт ішінде Сардоба суын арық-атыздар мен коллекторларға бұрып, тұрғындардың қалыпты өмірге оралуына жағдай жасалды. Енді зардап шеккен 5 ауылда санитарлық тазалық жұмыстары жүргізілуде. Бұл орайда әр аудан өзіне бөлінген елді мекен аумағына жауапты.

Мақтааралдағы судан құрғатылған ауылдар күл-қоқыстан тазартылуда

Мысалы, Сарыағаш ауданына бекітілген Жаңатұрмыс ауылында жалпы 4 арнайы техника мен 30 қызметкер жұмылдырылған. Олар ауыл көшелеріндегі тасқыннан жиналған күл-қоқыстар мен тұрмыстық қалдықтарды сыртқа шығаруда. Тазалық жұмыстарына ауыл тұрғындары да белсене атсалысуда. Сондай-ақ Достық елді мекеніндегі тазалық жұмыстарына Сарыағаш ауданынан 3 арнайы техника, 20 қызметкер жұмылдырылған.

Ал, Келес ауданына бекітілген Фирдоуси елді мекенінде 170 -тен аса үй арнайы сараптамадан өтіп, бұзу жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда аталған елді мекендегі Нұрдала көшесінде 14 үй бұзылып, 4 үйдің алаңы тазартылған. Әр үйден орта есеппен тәулігіне 20-25 тонна қоқыс шығарылуда. Дәл осындай жұмыстар Өргебас пен Жеңіс ауылдарында да атқарылуда. Бұл аймақтардағы тазалық жұмыстарына Жетісай мен Шардара аудандары жауапты.

1