Тарих • 22 Мамыр, 2020

Бір әулеттің тағдыры

610 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

Большевиктердің қисынсыз революциялық қайта құруларының кесірінен ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ халқының әжептәуір бөлігі Қазақстаннан басқа жаққа көшуге мәжбүр болды. Біздің отбасымыз, менің аталарым мен ата-анам осы қасіретті басынан өткізді. Олар Ресеймен шекаралас өңірде тұрғандықтан елдегі заңсыздық пен дүрбелең басылғанша бала-шағасын аман сақтау үшін Сібірге бас сауғалады...

Бір әулеттің тағдыры

Алғашында әке-шешем Омбы облысын паналаған. Ол жақта ешкім күтіп отыр­ған жоқ еді: не жұмыс жоқ, не бас­па­на жоқ, не мал жоқ. Олар деревняларды аралап қаңғып жүрді. 30-жылдардың соңында қазақтарды күштеп Қазақстанға қай­та­рады екен деген сыбыс шыққан. Содан Түмен облысына қарай көшіп, мен 1941 жылы сол жерде дүниеге келіппін.

Анамыз текті әулеттен шыққан, бай отба­сының қызы болған соң ба, өте бір­бет­кей кісі еді. Көзі жұмылғанша өзінің тілін, ділін бермей кетті жарықтық. Заман ра­йынан шошыды ма, әлде жат жерде жүр­ген ұрпағым азып, орыстанып кетеді деп қорықты ма, әйтеуір, бәріміздің басы­мыз­ды қосып, өткен дәуір, ата-бабамыз туралы жиі әңгіме қозғайтын. Соның ішін­де әулетіміздің тағдырында ерекше із қал­дыр­ған оқиғалар жөнінде айтқандары әлі күн­ге дейін есімде...

– Біздің атажұртымыз Солтүстік Қа­зақ­­­стан­дағы «Құртай ауылдары» де­ген же­р­де (қазір Тимирязев және Шал ақын аудан­дарының жері – автор). 50-жыл­дар­дың ортасында тың игерушілер қоныс­та­нып, атын өзгерткенге дейін солай аталып келді, – деп бастаушы еді анам әңгімесін. – Аталарың Мұқыш Құртайұлы 1866 жылы сол жерде дүниеге келген, малы мен жаны қатар өскен, тұрмысы күйлі, аса бақуатты адам болды. Бірінші әйелінен – Қасым (менің әкем, 1887 жылы туған – автор), Ғабдолла, Әлім, Оразбай атты төрт ұл мен Бибіш деген бір қыз дүниеге келген. Екінші әйелінен Уәли, Зүбәйда атты бір ұл, бір қыз сүйген. Балаларының бәріне білім беруге тырысты. Бірақ бес баланың іші­нен тек Ғабдолла деген қайным ғана оқуға икемді болып, орыс-татар мектебін толық аяқтап шықты. Қашан көрсең жан-жағын түрлі кітапқа толтырып, көміліп отыратын. Қалаға, одан беріде жатқан орыс селоларына жиі барып, қазақ, орыс тіл­деріндегі газеттер мен журналдарды арқа­лап әкелетін. Соларды оқып, білген-түйге­нін әкесіне, бауырларына айтып, түсін­діріп отырушы еді.

Ол кезде – Ақ патшаның дәуірі, орта­лық қазіргідей Мәскеуде емес, Петерборда. Елден жырақ жатыр демесең, онда болып жатқан оқиғалардың дүмпуі бізге де жетіп тұратын. Әлсін-әлсін «Өкімет өзіне қарсы шық­­қ­ан қара халықты түгелдей қырып тас­­тапты, қанға бөккен көшеде аяқ басар жер жоқ көрінеді», «Мемлекеттік Ду­маға қазақтар да сайланады екен», «Ала­пат соғыс басталыпты» деген хабарлар есті­ліп тұрушы еді. Солардың арасында елге қатысты болғаны да бар шығар, кей­де атқамінерлер ұзақты күн тыным тап­пай, ауыл арасын шаңға бөктіріп, ерсілі-қар­сылы сабылып жататын. Әсіресе «сол­датқа адам алады екен» деген сөз шық­қанда ел іші ерекше дүрлігіп қалды. Әр тайпаның тұтқасын ұстап, тірлігін бағып отырған ақсақалдар бір күн ана ауылға, бір күн мына ауылға жиналып, кеңес құрып жатты. Біреулері «Патша жарлығына қарсы тұрар не халіміз бар, көнейік» десе, басқалары «өлімге байлап берер баламыз жоқ» деп айтыс-тартыс ұлғайды.

Қазақ қай кезде де ел қамын жеген ерлерге кенде болмаған. Бұл жолы да солай болды. Әлихан, Ахмет, Міржақып деген есімдер, істеп жатқан жұмыстары жұрттың аузынан түспеуге айналды. Олардың жанашыр, қазақ елінің болашағы туралы пі­кір­лері ел ертеңін ойлайтын адамдардың кө­ңіліне қона кетті. Мұқыш аталарың да олардың жоспарларын, еңбектерін, жүр­гі­зіп жатқан істерін тізіп, сараптап оты­ратын. Қара жұмысқа алынған жі­гіт­тер­ге жасап жатқан жақсылығын айтып, заманға сай бірнеше жұрттың тілін білетін, білімі мықты, нағыз жаужүрек ерлер» деп отырушы еді.

Бір күндері «Патша құлады» деген ха­бар келіп, ауылдың үлкенді-кішісі «я, құдай, ақсарбас» деп қалысты. Бұған де­йінгі дүрлігу, дүрлігу ме, шын дүр­бе­лең енді басталды. Бұрын-соңды есті­ме­ген «Алаш туын қолға аламыз», «өз алдымызға мемлекет боламыз» деген ұран пайда болды. Міржақыптың «Оян, қазағын» ауылдың балаларына дейін сарнап айтып жүретін. Қалаға көп қатынап, қа­ғазға көп шұқшиятын Ғабдолла қай­ным­нан естуімізше, алашшыл азаматтар арнайы газет шығарып, Бүкіл қазақ құ­рылтайын шақырып жатқан көрінеді. Ғаб­долланың өзі де аяқ жететін жерге осы хабарды жеткізіп, таратушының бірі бол­ды. Кейіннен «Алаш» партиясы құ­рылып, «Алаш Орда» автономиясы ұйым­дас­тырылып жатыр деп естідік. Бізге бәрі – таң­сық, бәрі қызық. Соңы не болар екен деп елеңдеп жүрміз.

Сонымен бір күні «биылғы (1918) жыл­дың шілде айында «Алаш» басшылары елге келіп, халықпен кездеседі екен» деген хабар жетті. Кездесу бізге көрші жатқан Әлти Көкенұлының ауылын­да (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданының жеріндегі «Аққұсақ» ауылы – автор.) өтетін болыпты. Таңдаудың Әлти қажыға түскені де бекер емес. Осы өңір­дегі ең ірі байлардың бірі, қазақ пен орыс­қа сөзі де, беделі де өтіп тұрған, кісіге қайы­ры­мы мол, аса ауқатты кісі еді.

Сонымен жұрттың ендігі көрген-бақ­қа­ны сол кездесу болды. Жақын ағайын­дар Мұқыш атаның үйіне жиналып, алаш­ор­далықтардың келу мақсатын қызу тал­қы­лады. Әлихан Бөкейханның кісілік қа­сиет­терін, атқарып жүрген істерін жақсы біле­тін әрі оны қазақ халқының нағыз көсе­мі деп санайтын Мұқыш атамыз өз айна­ласына ғана емес, басқа ауылдарға бар­ғанда да «көзі ашық қазақ баласы «Алаш» пар­тиясын қолдауға тиіс, өйткені ол қазақ хал­қының азаттығы мен болашағы үшін кү­ре­сетін бірден-бір күш» деп айтып, үгіт­теп жүрді.

Аталарың елдің сөзін ұстаған, әр кез туралықтан таймаған, сонысымен сыйлы болған, аузы дуалы, алды кең шешендердің бірі еді (оның осы қасиеттерін С.Мұқанов өзінің «Өмір мектебі» атты трилогиясында сипаттайды (1-том, 473-бет. – автор.). Содан ба екен, кездесуді ұйымдастырушылар біздің өңір­дегі беделді адамдармен кеңесіп, ал­да­ғы жиында жергілікті халықтың атынан Мұқыш Құртайұлы сөйлесін деген ше­шім­ге келіпті.

Бұл жиынға алашордалықтардың қар­сы­­ла­с­тары да қатты әзірлік көріп, олардың қа­ла үлгісінде киім киген өкілдері атама келіп, «Алаш» партиясына қолдау көр­­­сетпе, не болмаса сөз сөйлеуден бас тарт» деп талап етіпті. «Осыдан көн­бе­сең, өзіңмен қоса балаларыңның көзін құр­та­мыз» деп қорқытыпты. Келесі күні Ғаб­­дол­ланы аңдып жүріп қолға түсіріп, бай­лап әкетеді. Көрші орыс селосына апа­рып кепіл ретінде ұстайды. Онымен қой­май, кеңес болардан бір күн бұрын жол үс­тін­де келе жатқан Мұқыш атаңды да ұс­тап әкетіп, әбден соққыға жығыпты (С.Мұқа­нов жазғандай «дүрелепті» – автор.). Ғабдолланы өлтіреміз деп қорқытып, «ха­лық­тың атынан алашордалықтардың сая­са­тын қолдаудан бас тартамын деп айт, кез­десуге келген «Алаш» басшыларының бар­лық ұсынысына қарсы шық» деп шарт қо­йыпты.

Мұқыш ата «Басымды кесіп алсаңдар да, бұл ұсыныстарыңды қабылдап, сенім артқан жұртыма сатқындық жасай алмаймын. Мұндай масқараға барғанша өлгенім артық. Мен жиналыста өзімнің жеке ойым­ды емес, сөз сөйле деп тапсырған басым көпшіліктің пікірін айтуға тиіспін» депті. Әрі-бері айтысып, ұзақ ырғасқан соң Мұқыш ата олардың Ғабдолланы бо­сат­­пайтынына, оған анық қатер төніп тұр­­ға­нына көз жеткізеді. Сөйтіп екі жақ­қа да ыңғайлы бірден-бір дұрыс жол ұсынады. «Менің бұл жиналыста халықтың атынан сөй­лейтінімді жұрттың бәрі біледі. Ал егер мені жиналысқа жібермей, халықтың сөзі айтылмай қалса, оның арты үлкен саяси жанжалға ұласады. Сондықтан кеңеске барып, екі көзқарасты да айтайын», – дейді ол, – оның біріншісі, жергілікті халықтың атынан мәлімдейтін пікір, ал екіншісі, – осы жерде отырған кісілер мен олардың ар­тында тұрған адамдар талап етіп отыр­ған көзқарас». Біраз кергілескеннен кейін олар да осы пікірге тоқтап, таңға таяу Мұқыш атаны босатады.

Мұқыш ата «Әлти Көкенұлының ауылына келгенімде халықтың көптігіне көзім тұн­д­ы. Ауыл іргесінің адамдарға толғаны сонша, жұрттың қарасынан көкжиек көрінбей қалды. Бұрын-соңды халықтың мұнша көп жиналғанын көрмеппін», деп отырушы еді. Алашордалықтармен кез­десуге келген жұрт арнайы тігілген жүз­ден аса үйге сыймай, ашық далаға ер-то­қы­мын төсеп, емін-еркін жайғасыпты. Ұйым­дастырушылардың айтуынша, сол ке­ңеске «Алаштың» отыз мыңнан астам жақ­таушысы жиналған екен.

Сонымен көптен күткен кеңес өз жұ­мы­сын бастайды. Оған «Алаш» қозғалысы мен партиясы көсемдерінің бірі Міржақып Дулатов пен партияның Орынбордан кел­ген басқа басшылары (оның ішінде «Алаш» партиясының Омбы облыстық коми­те­тін басқаратын Ережеп Итбаев пен Айдархан Тұрлыбаев, Қызылжар ояздық комитетін басқаратын Жұмағали Тілеулин мен Салмақбай Күсеметов, Көкшетау ояз­дық комитетінің басшысы Ерқосай Мұ­қы­шев – автор.) және партияның басқа да ондаған жауапты қызметкері қатысады. Күн тәртібіне «Алаш» партиясының бағ­дарламалық міндеттерін халыққа түсін­ді­ру, елді большевиктердің өктем саясатынан қорғау, «Алаш Орда» үкіметінің әске­ри бөлімдерін құру және басқа да өзекті про­б­лемалар қойылады.

М.Дулатов пен «Алаштың» басқа басшылары сөйлегеннен кейін халықтың пікі­рін білдіру үшін Мұқыш атаға сөз беріледі. Мұқыш ата, ең алдымен, осы жиында сөйлеуге уәкілеттік берген және «Алаш» партиясы мен «Алаш Орда» үкі­метінің саясатын, міндеттері мен ұсы­ныс­тарын қолдайтын халықтың сөзін жет­кі­зіп, «менің өз басым да осы партияны қол­даймын, өйткені олардың айтқаны қа­зақ халқының түпкі мүдделеріне сай ке­ле­ді» дейді.

Сонымен бірге «қазақ жастарын «Алаш Орданың» халық милициясына алу мәсе­лесі бойынша бұдан басқа да пікір бар» дей келіп, белгілі бір саяси күштер тобы­ның «1916 жылы халқымыз патша билі­гінің қазақтарды тыл жұмыстарына алу жөніндегі жарлығына қарсы шығып, көте­ріліс жасады. Сол кезде қара халықты алдап соғып, майданға тек қарапайым шаруаның баласын жіберді. Қазір де сондай жағдай қайталана ма деп қорқамыз» деген пікірін жеткізеді. Әрине Мұқыш ата сол жерде алашордалықтармен жауласқан бан­диттердің өз баласын кепілге алып ұс­тап отырғанын, өзге балаларын да өлті­ре­міз деп қорқытқанын, өз отбасына нақты қа­уіп төніп тұрғанын айтпаған.

1970 жылы басылған қазақ кеңес әдебиетінің классигі Сәбит Мұқановтың «Өмір мек­те­бі» деп аталатын трилогиясында тұтас бөлім Әлти Көкенұлының ауы­­лында «Алаш» басшыларының халықпен кездесуіне арналыпты. Барша туыстары­мыз осы кітапта Мұқыш ата туралы жазылыпты деп сүйінші сұрады. Бәріміз сол кітапты бас алмай оқыдық. Мен де оның орыс тілінде шыққан нұсқасын, әсі­ресе атама қатысты тұстарын ерекше қызығушылықпен оқыдым. Басында кейбір жерлерде жазушының сөзі мен анам­ның айтқаны қиыспай жатқанына қатты ашуланатынмын. Бірақ бірнеше рет оқып, ойға салып сараптағаннан кейін мәтіннің артында қандай мағына жат­қанын түсіне бастадым. Жалпы, Әлти қажы­ның ауылында өткен кеңес туралы менің анам айтқан және С.Мұқановтың кітабында жазылған жайттар негізінен өзара сай келеді. Егер оқырман кітаптың осы тұсын саяси, идеологиялық бағасынан ажыратып, зер салып оқып шықса, бұған көз жеткізе алады.

Жазушы солтүстік өңір қазақтарының бұл кездесуге қызығушылығы шынында да зор болды деп жазады. Әлти қажы мен сол жердің басқа да беделді, елге қадірлі кісі­­­лері, ақсақалдар бастаған халық келе жат­қан қонақтарды қазақ халқының кө­сем­­дері, ұлттық Үкіметтің басшылары деп есептеп, құрметті қарауыл қойып, «Алаш» әнұранын («Арғы атам Ер Түрік») шыр­қап, бар сән-салтанатын жасап күтіп алды деп баяндайды.

Кездесуге алдын ала келеді деп бол­жан­ған елге белгілі, ақсүйектен шыққан 150-200 кісінің орнына 22 болыс елдің халқы (Қызылжар, Омбы, Көкшетау, Ақмо­лаға дейін жатқан және сол төңі­рек­тегі ауылдардың өкілдері) түгел жинал­ға­нын айтады. Бір жүз, бір мың адам емес, он­даған мың адам «Алаш» көсемдерін кө­ріп, сөзін естиміз деп, салт атпен 100-200 шақырым жол жүріп арнайы келген. Ол бұл жөнінде «Сол тұстағы бе­лес­тер­дің де, ойлардың да өн бойына адам сыймауға айналды…» деп жазады (С. Мұқанов, сонда, 1-том, 472-бет). «Алаш» пар­тиясының халық арасындағы беделі ора­сан зор бол­ға­нын ашық айтпаса да, кездесуге он мың­да­ған адамның жиналғанын айғақ­тай­ды.

Алайда жазушы кеңесте талқыланған тұтас проблемалар кешенін «Алаш Орда» үкі­ме­тінің халықтық милиция құру үшін жігіт беру жөніндегі жалғыз өтінішіне тіреп қояды. «Алаш» басшылары ондаған мың жақтаушысымен кездескен кезде бұдан басқа мәселелерді де талқылағаны анық, бірақ кітапта ол туралы ештеңе ай­тыл­майды. Жазушы жиынға келген «Алаш» басшыларын, сондай-ақ осы пар­тия­ның жергілікті белсенділерін жағымсыз жағынан сипаттайды. Мысалы, халыққа құрметті Абылай Рамазановты «шоқынған қажы» деп атайды. Ал «Алаштың» жа­уапты қызметкерлерін саясат жолында күні біткен адамдарға жатқызады.

Жазушы Мұқыш атама қатысты оқи­ға­ны былайша сипаттайды. «Жиналыстың қар­саңында қызық болды – Мұқыш жо­­­ға­­лып кетті» дейді. Оны бәрі жабылып, бүкіл жерден іздесе де, таба ал­мап­ты. Ұйымдастырушылар да, алашор­да­­лық­тар да, сол жердегі беделді кісілер де із­деп­ті. Бірақ ешкім оның қайда кет­кенін айта алмапты. Тек таң атар алдын­да арып-ашып, түсі қашып кеткен, сөй­леу­ге де әлі жоқ Мұқыш табылыпты. Жа­зу­шы оның жоғалып кету себептері мен оны «ұрлаушыларды» сол кездегі идео­ло­гияның талабына сай, өз болжауы бо­йынша жазған. Дегенмен, сол жиналыста Мұ­қыштың екі пікірді айтқанын растайды. Оның біріншісі – халықтың атынан сөйлеуге тапсырма берген жергілікті беделді кісілердің, ақсақалдар мен атқа­мі­нерлердің ұстанымы, ал екіншісі Мұ­қыш­қа оны ұрлап әкеткендер қорқыту мен бопсалау арқылы күштеп айтқызған ұста­ным­ды айтады.

Кейіннен Ғабдолла мен Мұқыш атаны қамауда ұстап, қорқытқандардың кім екені белгілі болады. Олар Омбы мен Петропавлдан келген, «қызылдармен» ұжымдасқан «Үш жүз» қазақ партиясының белсенділері екен. «Қызылдар» мен «Үш жүз» партиясының өкілдері халық арасында «Алаш» партиясының беделі артып бара жатқанын біліп, оның басшыларына қалайда күйе жағып, халыққа ұсынған саяси бағдарламасын қабылдатпау үшін «Алашқа» қарсы бүлдіргі әрекеттерін жүргізеді. Айтпақшы «Алаш» қозғалысын қолдағаны үшін қазақтың көрнекті ақыны Мағжан Жұмабайұлын абақтыға жап­тыр­ған да осылар. Осыны білетін жұрт өз баласы жау қолында жатса да, қорықпай сөз сөйлеп, халықтың пікірін жеткізген Мұқыш атаның ерлігін ұзақ уақыт жыр қылып айтып жүрді. Өкінішке қарай, большевиктер мен кеңес өкіметі оның бұл әрекетін кешірмеді, біздің атамыз да олардың кешпейтінін жақсы білді. Анамның айтуынша, Мұқыш ата елде жүрген кезде алашордалықтармен байланысын үзбеген. Олармен сөйлесу үшін Қызылжарға барып, қолдан келген көмегін беріп тұрған. Қазақстан тәуелсіздік алған­нан кейін бізге бейтаныс бір ақсақал «Жас Алаш» газетінде бұл туралы жазды да.

«Қызылдар» қанша жерден тыйым салса да, атаңның сол жиында сөз сөйлеуі кейін­нен біздің отбасымызды кеңестік жаза­лаушы органдардың өз қырына алуы­на себеп болды» дейтін анамыз. Содан кейін­гі оқиғалар осы сөздің рас екенін айғақ­тайды.

1928 жылы тәркілеудің алғашқы легі ірі байларға жүргізіледі. Сол кезде алдағы жағдайды анық болжаған атамыз өз балаларына «Кеңес өкіметі мұнымен тоқтап қал­майды, кезек бізге де жетеді, бәрімізді бұл елде қалдырмай, жер аударады» деп айтқан екен. Ол болашағын күні бұрын болжап, қолда бар малын жан-жаққа таратып, сата бастайды. Елдегі бассыздық пен заңсыздық тыйылғанша, көрші жатқан Ресей облыстарының біріне барып бас сау­ға­лай тұрып, кейіннен қайта оралу қажет деп санайды.

Сонымен тәркілеу кезегі 1930 жылдың жа­зында атамызға да жетеді. Мұқыш атамыз қалған азын-аулақ мүлікті түгелдей ке­ңес өкіметіне өткізеді. Ал оның өзі ресми жер аударуды күтпестен, Ұмытшақ әже­­міз бен Мұқан інісін алып, Ресейге бас сау­ғалайды. Барған бетте ыңғайлы жер таба алмай, жиі қоныс аударады. Қаш­қын адамда не күй болсын, 30-жылдары сол жерде қайтыс болып, Курган облысы Лебяжинск ауданының Лопаткино село­­сында жерленеді. Атамыздың моласын ұрпақтары 70-жылдардың басында іздеп тапты. Айтуынша, атамыз өле-өлгенше туған жерге жетуді арман­да­ған екен. Амал қанша, жат жерден топырақ бұйырды. Кейіннен немересі Сейіт Оразбаев атамыздың басына белгі қойды. Қазір қалған ұрпақтары тәу етіп, құ­ран бағыштау үшін ата бейітіне барып тұ­рады.

Мұқыш атамыздың балалары да тәр­кі­леу­ден тыс қалмаған. Анамның ай­туын­ша, әкем Қасым Мұқышұлы ауылда мал өсіріп, оған қоса 1917 жылғы рево­лю­ция­ға дейін және 20-жылдары сол кезде аса пайдалы кәсіп саналатын саудамен айналысқан. Өз көмекшілерімен бірге Қарқаралы (Қоянды), Атбасар жәр­меңкелерінен, сондай-ақ Орталық Қазақ­стан­ның ірі байларынан үйір-үйір жылқы, жібек, мата, кілем, басқа да өтімді та­уарларды сатып алып, оларды Ресейдің Қорған (Курган), Омбы (Омск), Селебе (Челябинск) қалаларына жеткізіп, екі-үш есе қымбатына сатқан не болмаса, ұнға, киімге не ауыл тұрмысына қажетті басқа тауарларға айырбастаған. Әкеміз Ресей­ден арнайы қиылған ағаш алғызып, ауыл­да үлкен ағаш үй тұрғызыпты. Орыс­ша сөйлеп, ежіктеп болса да жаза алған. Өзінің ұлдарын Ресейдің үлкен қала­ла­рында оқытуды армандапты. Бірақ аяқ­ас­ты құбылған дүние оны өз дегеніне жет­кізбеді.

Анам Мағрипа Омарқызы 1893 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданының Айымжан ауылдық округіне қарайтын жерде түп атасынан бері тұқымынан дәулет үзілмеген орташа бай Омар Көшерұлының отба­сында дүниеге келген. Әке-шешесі бетінен қақ­пай, ерке ғып өсірген екен. Жас күнін­де ауылдағы молдадан арабша хат танып, құран оқуды үйреніпті. Бізді бала кезімізден әкеміз бен Мұқыш атамызды мақтан тұтып, сый­лап-құрметтеуге тәрбиеледі. Содан ба екен әкемнің түрін көрмесем де, жас ке­зімнен бастап бала жүрегімде оған деген ерекше сәбилік махаббат пайда бол­ды. Әкем мен Мұқыш атама деген сол құрметті, олардың өміріне деген зор қызығушылықты өмір бойы сақтап келе­мін. 1960 жылы Қазақстанға оралып, Қызыл­жар (Петропавл) қаласындағы Сол­түс­тік Қазақстан педагогикалық институтына оқуға түсуіме де сол іңкәрлік түрткі бол­ған еді.

Тағдыр жолы талай қасіретін артып, қиындығын аямай үйіп-төксе де, анам 90 жасқа дейін өмір сүріп, 1982 жылы қай­тыс болды. Өмір бойы атажұртқа оралуды аңсап өтсе де, сәті түспей, Түмен облы­сында, әкеміз жерленген жерден жай тапты. Анамыздың есте сақтау қабілеті бәрімізді қатты таңғалдыратын. Кеңес өкіметі орнағанға дейінгі өмірін ерекше сағынышпен, бүге-шігесін қалдырмай айтып отыратын. Ленинді, Сталин мен Голо­щекинді жек көретін. 1950-60 жыл­дары Голощекиннің кім екенін онша көп адам біле бермеуші еді, бірақ анамыз оның аты-жөнін анық айтатын. Себебі тәр­кі­леу басталып, туған жерден кетуге тура келгенше, отбасында дәл сол жен­дет­тің аты мен саясаты талай қарғысқа себеп болған.

Анамыз бізге «Егер сол «оңбаған жа­уыздар» болмағанда, сендердің бар­лық­тарың ата-баба жерінде тамаша өмір сүретін едіңдер. Олар бізді өз жерімізден қуып қана қоймай, қазаққа тән бар нәрсені – ді­німізді, тілімізді, салт-дәстүр мен әдет-ғұрпымызды құртқысы келді. Соның сал­дарынан қазір мен әке-шешемнің, ата-енем­нің басына барып құран оқи алмай да отырмын. Біздің отбасымыз тартқан тау­қымет пен бейкүнә балапандарымның өлімі, біз сияқты сан миллион адамның көз жасы мен қарғысы Голощекинді жібер­меді. Ол нағыз «халық жауы» ретінде ату жаза­сына кесілді» деп отыратын. Өмірінің со­ңына дейін кеңес насихатына әсте мойынсұнған жоқ, өйткені оның көргені мен түйгеніне негізделген өз ақиқаты бар еді...

 

Түкірік ҚАСЫМОВА,

ардагер-ұстаз

 

(Жалғасы бар)