Рамазан айы келеді. Ауыл тұрғындары ораза ұстайды. Жаңа имамды олар кезектесіп ауызашарға шақырысады. Содан бір күні кезегі келіп, ауыл ұстасы да ел қатарлы имамды шақырады. Ұстаның әйелі, ерінің «сақтап қой» деп берген біршама ақшасын қонақ бөлмедегі шай ішуге арналған сөренің үстіне қойып, дастарқан әзірлігімен жүргенде ол туралы ұмытып кетеді.
Дастарқан дайын болып, қонақтар асқа отырады. Ауыз ашылып, шай ішіледі. Кейін үй иесі имаммен бірге құптан намазын өтеу үшін мешітке кетеді. Әйелі дастарқанды, үйді жинап жүріп, кенет сөренің үстіне қойған ақша есіне түседі. Қараса қойған орынында жоқ. Іздейді, бірақ таппайды. Бір уақытта ері келеді. Жағдайды баяндай келе, «Алла біледі, ақшаны имам алды, себебі, бұл үйге одан басқа кірген-шыққан жан баласы болған жоқ» деп әйел өз ойын айтады.
Мұны естіген үй иесі имамға қатты ренжіп, ашуланады. Дін адамының мұнысы несі, атына лайық па деп көңілі қалады. Имамға ештеңе демейді, бірақ барынша одан алшақ жүреді.
Күндер өтіп, келесі жылы да Рамазан келеді. Әдетінше, ауыл тұрғындары молданы кезек-кезек үйіне шақырып ауызашар береді. Сөйтіп, кезек өткен жылы ақшасын жоғалтқан үй иесіне келеді. Үй иесі: – «Ханым, әлбетте мен имамға өте ренжулімін, бірақ, пенде ғой, мүмкін бір мұқтаждығы болған шығар, бізге айтудан тартынған шығар, ақшаны мұқтаждықпен алған шығар. Садақамыз болсын, біз оны бұл жолы да ауызашарға үйге шақырайық», – дейді.
Әйелі де солай ойлайтындығын айтып, имамды үйіне шақырады. Ауыз ашылып, тамақ желінгеннен кейін шай үстінде үй иесі: – «Ұстаз, бір жылдан бері өзіңізге деген салқын қандылығымды байқап жүрсіз бе?» – деп сұрайды. Имам: – «Иә, байқап жүрмін, бірақ себебін әлі күнге дейін түсіне алар емеспін» – деп жауап береді. Үй иесі: – «Ұстаз, өткен жылы сізді Рамазанда ауызашарға үйге шақырған едік. Сол ауызашарда сізді қонақ еткен бөлменің шай ішуге арналған сөресінің үстінде біршама ақша қалып қойған еді, кейін таппай қалдық. Егер ақшаға мұқтаждығыңыздың бар екендігін бізге айтсаңыз да берер едік қой. Міне, сол себепті Сізге ренжулімін» – дейді.
Бұл сөзді естіген имам егіле жылапты. Үй иесі ыңғайсызданып, айтқанына өкініп, сасқалақтай бастағанда, имам: – «Құрметті, бауырым, мен сенің ұры еткеніңе жылап отырған жоқпын, бір жылдан бері анау төрде ілулі тұрған қасиетті Құран Кәрімді бір рет те ашып оқымағандығыңа жылап отырмын. Себебі, сол кеште сіздер бөлмеде жоқ кездеріңізде терезеден соққан жел ақшаларыңызды жерге ұшырып түсірді. Мен оларды жерден алып, жинап-бүктеп ілулі тұрған Құранның ішіне салып қойған едім» – деген екен.