07 Сәуір, 2010

РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚҚА ҰЙЫТҚЫ БОЛЫП ОТЫР

633 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Тілшілер қосынына белгілі айтыскер ақын, әнші-термеші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қатимолла Бердіғалиев келді. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін ол “Егеменді” тұрақты түрде жаздыртып алдыртып келе жатқанын, басылымда халқымыздың дәстүрлі ән-күй мұрасының кейбір толғағы жеткен мәселелері жөнінде де материалдар жарияланып жүргенін жеткізді. Осы ыңғайда өзі де тілші қосынына тектен-тек келіп отырмағанын айтып, соған құлақ қоюымды өтінді. – Мен жақында Алматыға барып қайттым. Бұл сапарға қозғау салған оңтүстік астанадағы “Ел” продюссерлік орталығының директоры, ұлттық музыка өнерінің белгілі жанашырларының бірі Ғалым Доскен, – деді ол айтар әңгімесінің етек-жеңі кең екенін аңғартып. – Республикамызда “Қазақтың музыкалық антологиясы” жасалғанын білетін шығарсыз. Сөйтіп, ел өміріндегі елеулі оқиға саналған “Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі” жарық көрді. Осы жоба аясында енді мың әнді өнерсүйер қауымның қолына тигізу үшін үлкен жан­ашыр­лықпен жұмыс істеп жатыр екен. Рухани ұмтылысқа сүйсіндім.  Орталық менен де сексен үш ән жазып алып қалды. Оның алпыс үші домбырамен қосылып айтылатын дәстүрлі сипаттағы әндер.  Мұнда мен тек батыстық ән дәстүрі үлгісіндегі әндермен шектеліп қалмай, Арқаның әндерін, Ақан сері мен Біржан салдың шығармаларын, Жетісу өңірінің ойнақы да сазды әуендерін қамтуға тырыстым. Мұның сыртында жиырма ән оркестрдің сүйемелдеуімен орындалады. Осы аудиожинақ  бұйыртса, жазға салым тыңдаушылардың қолдарына тиіп қалар деген ойдамын. Осы еңбектері үшін “Елдегілер” менен көк тиын қаражат сұраған жоқ. Тіпті Алматыға барып қайту шығындарын өздері көтеріп алды. Әңгіменің ашығын айтқанда мен оларға шексіз риза болып қайттым. Мен мұны біріншіден өзімнің жеке басыма емес, халқымыздың дәстүрлі ән-күй мұрасын келешек ғасырларға жалғау ниетінен туған тағылымды бастама деп қабылдаймын. “Ел” продюссерлік орталығында қызмет жасайтын өрімдей жастардың қазақтың ән-күй мұрасының тылсым сырын ұғынғысы келетін құштарлықтары да қанаттандырды мені. Менің ойымша, мұндай ойшыл да өрелі жас толқын өкілдеріне халқымыздың қайталанбас ән-күй өнерін, оның дәстүрлі музыкасын сеніммен табыстауға әбден болады. Олардың Бейбіт, Шынар, Талғат, Гүлзат, Ақмарал деп есімдерін де  атайын. Бұған қосарым, тіпті “Елдегі” есеп қызметкерлері де қазақтың ән-күй өнеріне ерекше ілтипатпен қарай біледі екен. Соны аңғардым . Осындай ұйымшыл ұжымды қалыптастыра білген белгілі өнер қайраткері Ғалым Доскен де парасат пен пайымнан жаратылған жан ба дерсің. Менің “Егеменге”  келген шаруам осы, інім. Осылайша жақсының жақсылығын “Егемен” арқылы айтуды қажет деп тауып отырмын. Біз Қатимолла Бердіғалиевке музыкалық мұрамыздың жоқтаушысы “Ел” продюссерлік орталығы жөнінде айтқан ризашылыққа толы сезім-күйін сол күйінде жеткізбекке уәде бердік те, ол кісіге бірер сауал қойдық. – Сіздің есіміңіз өнерсүйер қауымға жақсы таныс. Алайда соңғы уақытта сіздің не істеп, не тындырып жүргеніңізді оқырман біле бермейді. Сондай-ақ олар сізді айтыскер ақын ретінде де жоғалтып алған секілді. Бұған не дейсіз? – Ойыңды түсіндім. Тікелей сұраққа тікелей жауап қайтарған дұрыс болатын шығар. Мен ең алдымен айтыскер ақын емеспін. Кәсіби тұрғыдағы әншімін. Алған мамандығым да осы бағытта. Вокал класы бойынша арнаулы оқу орнын бітіргенмін. Содан кейінгі менің бүкіл шығармашылық жолым осы әнмен байланысты болып келеді. Рас, республикалық, халықаралық ақындар айтыстарына қатысқан кездерім болды. Оған еш өкінбеймін. Сол арқылы елге танылдым. – Мұхит мектебінің жалғастырушысы ретінде болашағынан үміт күттіретін дарынды жастарға сабақ беріп жүргеніңізді де білуші едік. – Мен ұзақ жылдар бойы өзім оқыған Орал музыка колледжінде дәстүрлі әннен шәкірттер әзірлеп келдім. Қазір Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясында әнші болып қызмет атқарамын. Қатимолла Бердіғалиев бұдан елу сегіз жыл бұрын жиырма тоғызыншы ақпаны бар кәбиса жылы, дәл сол жиырма тоғызыншы ақпан күні дүниеге келіпті. Енді екі жылдан кейін құдай қаласа туған күні де, туған жылы да дөңгелек датаға сәйкес келмек. Бұй­ырт­са, биыл жарық көргелі отырған аудиожинақ сол ал­дағы мерейтойдың алдында біткен үлкен іс бо­латынын ол бүгінде жан-жүрегімен түйсінгендей. Біз оған “Егеменнің” тілшілер қосынынан шығып бара жатқанда сондай бір жақсы күндерде кездесе берейік деген тілегімізді жеткіздік. Оны құп алған Қатимолла ба­рша егеменқазақстандықтарға оның тұрақты оқырманы ретінде менің шын ықыласты сәлемім мен тілегімді жеткізерсің деді риясыз көңілден. Темір ҚҰСАЙЫН. ОРАЛ.