28 Қыркүйек, 2013

Президент Монако Князі Альбер II-мен кездесті

220 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

28 09-Президент-1Салтанатты рәсімнен кейін мемлекет басшылары келіссөздер жүргізіп, оның барысында саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелерін қарастырды. Бұл туралы Ақорда.kz хабарлады.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев пен Альбер II серіктестіктің барлық спектрін дамыту жөніндегі келісімдерді іске асыру үдерісін, екі мемлекет басшысының Бірлескен декларациясында көрініс тапқан басты бағыттарды талқылады.

Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстан Монаконы Оңтүстік Еуропадағы перспективалық серіктесі ретінде қарастырады және экономикалық, инвестициялық өзара іс-қимыл аясын кеңейту үшін барлық алғышарттар бар.

Монако Князінің екіжақты ынтымақтастықтың негізін қалаған, өткен жылы қарашада Қазақстанға жасаған алғашқы ресми сапарынан кейін екі ел арасындағы іскерлік байланыстар жандана түскені атап өтілді.Дегенмен, сауда-экономикалық байланыстар деңгейі әлі де екі мемлекеттің әлеуетіне сай емес. Оны дамыту жолының бірі Қазақстан-Монако Іскерлік кеңесін құру болып табылады.

Монако компанияларын Қазақстан инновациялық жобаларға, әсіресе, энергиялық жағынан тиімді құрылыс, жаңартылатын энергетика, туризм индустриясы, сервистік индустрия, фармацевтика және электроника салаларын қамтиын, мемлекет тарапынан бәсекелестік артықшылықтарға ие салаларға тартуға мүдделі.

Қазақстан Кеден одағына мүше бола отырып, өз кезегінде Монако бизнесі үшін ауқымды нарықтық перспективалар ұсынады.Монака инфляцияның, сондай-ақ жұмыссыздықтың іс жүзінде нөлдік деңгейі сақталуы жағдайында жалпы ішкі өнімнің өсуінің орнықты қарқынын көрсете отырып, тиімді экономика құрудың және қолайлы әлеуметтік орта қалыптастырудың үлгісі болып саналады. Шектеулі көлемдегі ресурстар жағдайында қуатты экономикалық көрсеткіштерді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін қолайлы іскерлік ахуал қалыптастырудағы Монаконың тәжірибесі зор қызығушылық тудырады. Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім тәрізді индикатор жөнінен Монако көшбасшылық орынның біріне ие (2012 жылы 163 мың доллар).

Бұл мемлекет үшін қоршаған ортаны қорғау – ерекше басымдық. Осы саладағы өзара іс-қимыл Қазақстан Президенті мен Монако Князі тарапынан «жасыл экономика» саласындағы «Жасыл көпір» серіктестік бағдарламасымен, сондай-ақ Астанада ЭКСПО-2017 көрмесіне даярлық және оны өткізу мәселелерімен қоса талқыланды.          

Екі елдің туризм саласындағы ынтымақтастығы Қазақстан әзірлеп жатқан жобалар мен аталған саладағы Монаконың бірегей тәжірибесін ескергенде, зор қызығушылық туғызады. Бұған қоса, келіссөздер барысында тараптар мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту мүмкіндігін қарастырды. Оған «Монако Ханымы Грейс Келлидің дәуірі» көрмесінің Астанада ашылуы серпін берді. «Астана опера» опера және балет театры мен «Опера Монте-Карло» арасындағы ынтымақтастық оны бұдан әрі нығайту бағыттарының бірі болып табылады.Сонымен қатар, Монако тұрғындары келесі жылы Қазақстанның Франциядағы мәдениеті маусымы аясында қазақ мәдениетімен танысу мүмкіндігіне ие болмақ.

Кездесу кезінде халықаралық ұйымдар, ең алдымен БҰҰ аясында өзара іс-қимылды дамыту мәселесі де қаралды. Екі мемлекеттің негізгі халықаралық проблемаларға көзқарасы ұқсас екендігі атап өтілді.Сондай-ақ, мемлекеттік наградалар алмасылды. Альбер II Қазақстан Президентіне Әулие Карл орденін тапсырды. Өз кезегінде Монако Князі I дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды. 

Кездесу қорытындысында Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Монако Княздігі Үкіметі арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

 

28 09-Назарбаев-1Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Монакоға ресми сапары аясында Князьдіктің урбанистикалық және қаржылық дамуының таныстырылымына қатысты.

Таныстырылым барысында Мемлекеттік министр М.Роже, Экономикалық даму және қаржы министрі М.Кастелини, Әлеуметтік мәселелер мен денсаулық сақтау министрі С.Валери, Қоршаған ортаны қорғау және қала құрылысы министрі М.П.Грамалия Мемлекет басшысына тиісті саланы дамытудың жай-күйі мен келешегі туралы ақпаратты, атап айтқанда, Грейс Ханымы емханасының құрылыс жоспарын, сондай-ақ шектеулі аумаққа ие Князьдіктің қала құрылысын одан әрі жүргізудің бағыттарын таныстырды.

Қазақстан Президенті таныстырылымның мейлінше мазмұнды болғанын атап өтіп, осы сапарға шақырғаны үшін тағы да алғысын айтты.– Альбер II-нің өткен жылғы сапары, Грейс Ханымға арналған Қазақстандағы көрме және менің биылғы сапарым – біздің халықтарымыз бен мемлекеттеріміздің өзара қарым-қатынастарының алғашқы  тарихи беттері, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.      

Мемлекет басшысы білім беру, денсаулық сақтау салаларына баса назар аударудың, сондай-ақ құрылысты белсене жүргізудің екі елге де ортақтығын атап өтті.– Бір ерекшелігі, бұл мәселелерді Монако екі шаршы шақырым, ал Қазақстан екі миллион жеті жүз мың шаршы шақырым аумақта жүзеге асырады. Монаконың көпғасырлық тарихы бар, бүкіл әлемнің тәжірибесін жинақтап отыр, біз болсақ енді ғана өз даму жолымызды бастап отырмыз және үйренетін нәрселеріміз жетерлік, – деді Қазақстан Президенті.      

Нұрсұлтан Назарбаев Монаконың сыртқы қарызы нөлдік деңгейде екеніне тоқталды. Қазақстанның қазіргі уақытта жалпы ішкі өнімінің 4-5 пайызы көлемінде мемлекеттік қарызы бар және бюджет тапшылығы 3,5 пайыз көлемінде. Бірақ бұл ретте елдің ұлттық резерві 90 миллиард долларды құрайды, бұл бюджет тапшылығының және қарызының жоқтығы туралы айтуға да мүмкіндік береді.Осы орайда Мемлекет басшысы Монаконың банк жүйесін зерттеу қажеттігіне назар аударды, ондағы шетелдік банктер үлесі 95 пайыз және бұл оның орнықты әрі қарқынды дамуына кедергі келтірмейді.

Қазақстан Президенті екі елдің ынтымақтастығын ұлғайтудың өзара тиімді әлеуеті зор екенін атап өтті.– Аумағы аса үлкен емес шағын мемлекеттің осындай орасан міндетті шешуге ұмтылып отырғаны сүйсінтеді. Біз Монакомен әсіресе медицина, білім беру, сондай-ақ құқық жүйені дамыту саласындағы ынтымақтастық аясын кеңейтуге ұмтылатын боламыз, – деді Мемлекет басшысы.Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев Монаконың Мемлекеттік министрі М.Рожемен келіссөздер жүргізе отырып, онымен екіжақты қарым-қатынастардың өзекті мәселелерін талқылады. 

    

Соңғы жаңалықтар