Руханият • 22 Мамыр, 2020

«Ел іші – өнер кеніші» концерті өтті

772 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні – туған жеріміздің рухани дамуына және бай мәдени мұрамызды дәріптеуге зор үлес қосып жүрген жандарды біріктірген шығармашылық адамдарына деген айрықша құрметтің белгісі. Осы орайда Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясының қызметкерлерінің қатысуымен  «Ел іші – өнер кеніші» мерекелік онлайн концерт өтті.

«Ел іші – өнер кеніші» концерті өтті

Карантинге байланысты көптеген мәдени шаралар көпшілікпен бір алаңда тойланбаса да, заманауи технологиялардың көмегімен онлайн түрде көрмендері мен тыңдармандарына тарту етілуде. Салтанатты кеште филармония ұжымы барша үзеңгілес әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтап, жырдан шашу шашты.

– Мәдениет – адам жасаған «екінші табиғат». Мәдениет – жеке адамның өмір сүру мақсаты мен құндылық жүйесі, адамның өмір сүрген ортамен қарым-қатынасы. Ол - өзара қарым-қатынас нәтижесінде қалыптасатын ерекше құбылыс, өнер. Сондықтан өнер мен мәдениет – егіз ұғым. Бүгінде мәдениет қызметкерлері – айналасын думанға бөлей білетін сан қырлы талант иесі және жан дүниесі бай, нағыз өз ісінің майталман шебері ретінде өнерге берілген азаматтар. Мерекеге орай өткізген думанды кешімізді барша қазақстандықтарға арнаймыз, – деді ансамблтдің көркемдік жетекшісі Тоғжан Жахин. 

Кеште Құрманғазының «Балбырауыны» асқақтап, Н. Тлендиевтің «Аққуы» мамырлады. Сонымен бірге Ш. Қалдаяқовтың «Студенттер әні», К. Күмісбаевтің «Биші қайыңы», Ә.Бейсеуовтің «Шақырады Көктем» әні шырқалып, әнсүйер қауымның көңіліне қанат бітірді.

Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Ең сенімді валюта – адамның еңбегі, мұны есте сақтау керек» деген болатын. Тарихымыздың өткені мен бүгінін сабақтастыра біліп, келешекке рухани-мәдени мұрамызды жеткізіп, одан әрі гүлденуіне, өнеріміздің асқақтауына қызмет етіп жүрген ортаның бірі – Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясы. Мәдени ошақ 11 бағыттағы шығармашылық топты қамтиды.  Қазақ оркестрі, симфониялық оркестр, үрмелі оркестр, ішекті квартет, камералық хор, «Сарыарқа» фольклорлық ансамблі , «Шалқыма» халық би ансамблі, 75 шығарманы үзіліссіз орындап, «Гинннес»рекорттар кітабына енген – «Қорқыт» этно-ансамблі, классикалық және эстрадалық вокал бөлімі, дәстүрлі халық әні бөлімі, «Әлем» эстрадалық би ансамблі елімізге танымал өнер майталмандарынан құралған.