Наурыз айының 23-29 аралығында Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының бір топ студенттері мен ұстаздары Түркия елінің Ескішеһир қаласында өткен V балалар мен жастар театрлары және Анкара қаласында болған ІV халықаралық театр фестивальдеріне қатысып қайтты. Аталмыш оқу орынының театр өнері факультетінің 4 курс студенттері бұл өнер сайысында қазақтың ұлы жазушысы М.Әуезовтің “Айман-Шолпан” пьесасы негізінде сахналанған қойылымды көрсетіпті. Он жеті студентті бастап бұл сапараға академия оқытушылары Д.Тұранқұлова, Л.Алтыбаева, Т.Көбеков барыпты.
Өнердегі өрелі табыспен, мол қуанышпен оралған академия студенттерінің Түркиядан алған әсерлері жетерлік. Бауырлас елдің төрінде шалқыта күй шертіп, төгілте ән айтып, мың бұралтып би билеген. Фестивальге қатысқан Болгария, Франция, Голландия, Румыния, Ресей, Татарстан сынды мемлекеттермен иық тірестіре өнер көрсетіпті. Түркия елінде өткен осы театр фестиваліне академия студенттері “Түрксой” халықаралық ұйымының президенті Дүйсен Қасейіновтің колдауымен қатысып, үлкен табысқа қол жеткізіпті.
Талантты жастардың ұстазы, профессор Д.Тұранқұлова: “Бұл сапарда біз өнер көрсетумен қатар, Түркия елінің мәдениетімен, руханиятымен,тыныс-тіршілігімен, салт-дәстүрімен таныстық.
Біз өнер көрсетер тұста алты жүз орындық театр залында ине шаншар орын болмады. Кіре алмаған көрермендер сыртқа қойылған экраннан тамашалады”, – дейді.
Өнер әлеміне қанат қаққан озық ойлы шәкірттер сапардан алған әсерлерін жарыса баяндайды. Екатеринбург қаласында өткен ғылыми конференцияның жеңімпазы, талантты жас Мақсат Сәбитов: “Түрік жерінен алған тағылым алдағы уақытта біздің шығармашылығымызға зор шабыт сыйлайды деп сенеміз. Түрік жастарының өз ана тілдеріне, салт-дәстүрлеріне деген құрметтері орасан екен. Мысалы, ұмыт болған тоғызқұмалақ ойынына арналған ғимаратты үш түрік азаматы өз қаражаттарына салып, ұлттық құндылықты жаңғыртыпты. Осы орайда, орта ғасырларды Қазақстанда “Ербу” атты суға сурет салу өнері болғандығын сол жақтан естіп келдік. Енді неге бізге “Ербу-емірену”деген өнерімізді қайта жаңғыртпасқа!? Үш түрік жігітінің қолынан келген іс біздің қазақтың қолынан неге келмесін?” – дейді.
Анкараның алаңында Мәриям Жагорқызының “Дударай” әнін шырқап, барша әлеуметті аузына қаратқан Сырымбет Бибосынов: “Халық әнді ұйып тыңдады. Аллаға шүкір, әннен кейінгі халықтың қошеметін көрсеңіз. Бұл курс жетекшісі, айтулы өнер қайраткері, профессор М.Байсеркеновтің еңбек жемісі дер едім. Бір сөзбен айтқанда, сапардан алған әсеріміз өте керемет!” – деп, сөзін қысқа қайырды.
Жастар осы сапардың жүзеге асуына бірден-бір септігін тигізген академия ректоры А.Мұхамедиұлына және оның ұсынысын қолдаған Түрксой халықаралық ұйымының президенті Д.Қасейіновке шексіз ризашылықтарын білдіреді.
Сәтті сапарлар таусылмай, тәтті сырлар үзілмесін!
Сүлеймен МӘМЕТ.