«Биыл қасиетті Рамазан айы карантин жағдайында өткенін жақсы білесіздер. Бұл жағдай сауапты амалдар мен игі шараларға кедергі келтірмеді. Мешіт тарапынан көмекке мұқтаж отбасыларға қайырымдылық жасалды. Ауызашар асы тегін таратылды. Мақтаарал ауданындағы жерлестерімізге гуманитарлық және қаржылай көмек көрсеттік. Сауаптар еселеніп жазылатын берекелі айда игі іске атсалысқан барша азаматқа айрықша алғысымды білдіремін», деді Бас мүфти.
Сондай-ақ ол Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төтенше жағдай кезінде қабылдаған шешіміне түсіністік танытқан қазақстандықтарға алғыс айтты.
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төтенше жағдай кезінде қабылдаған шешіміне түсіністік танытып, оразаны оқшау түрде өткізіп, үйде құлшылық жасаған жамағатқа өз атымнан тағы да алғысымды жеткіземін. Алла қабыл етсін!
Ораза айт мерекесі құтты болсын! Раббымыз дұға-тілегімізді, қасиетті айда жасаған қайырлы амалымызды, берген зекет пен пітір садақамызды қабыл еткей! Әр отбасына амандық, жақсылық тілеймін. Оразадан оразаға дейін аман-есен жете берейік! Жер бетінен жұқпалы дерт жойылып, мерекелі, берекелі сәттерде жүздесуді жазғай! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!» деді ол.