Саясат • 25 Мамыр, 2020

Партиялардың партиясы қашан шырқалады?

690 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

Президенттің пәрменді тапсырмалары саяси жүйені жаңғыртуға соны серпін беріп, сең қозғала бастады. Митинг мәдениетін қалыптастыру, көппартиялық жүйені дамыту және парламенттік оппозиция институтын құру бастамаларының заңмен бекіту ұмтылыстары – соның айғағы.

Партиялардың партиясы қашан шырқалады?

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, EQ

Саяси бәсекелестік  енді қыза түседі

Мұның бәрі Парламент Мә­жі­лісі мен мәслихаттар сайлауы ал­дында партиялар бәсекесінің көрігін қыздырмақ. Осы ретте көп­тің көкейінде бұл жолы да ал­ты партияның додасына куә боламыз ба, әлде жаңа пар­тия­лардың дебютін көріп қаламыз ба деген сұрақтың тұрғаны анық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел тізгінін ұста­ғалы азаматтық қоғамды күшей­туге басымдық беріп, бұқара мен билік арасындағы диалогты дамытуға барынша ден қойып келеді. Бұл қоғамдағы сірескен мә­селелердің сеңін қозғап, шеті шыққан шетін жағдайды ше­шудің нақты іс-шаралары қолға алынуда. Осы ретте саяси жүйені реформалаудың маңызы артты.

Президент жаңа кезеңге бағыт-бағдар болатын Жол­дау­ында өзі уәде еткен саяси жаң­ғыру үдерісі азаматтар мен мемлекеттің мүддесіне сәйкес біртіндеп үздіксіз жүзеге асырылатынын алға тартты. Оның саяси реформалауға қатысты идеялары өзі құрған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің аясында жандана түсті.

Осы Кеңестің отырысында тегеурінді қадамның алғашқысы ретінде митинг туралы заңнаманы жетілдіру назарға алынды. Өйткені кейінгі кездері наразылығын білдіріп көшеге шыққан жұрттың қарасы көбейгені қоғамдық санаға митинг өткізу мәдениетін сіңіретін уақыт келгенін аңғартты. Сол себепті қазіргі заңнамаға жай ғана өзгеріс енгізу емес, бейбіт жиынның барлық түрін өткізу, ұйымдастыру мәселелерін реттейтін концептуалды жаңа заң қажет болды. Қазір осы мақсатта Парламентте арнайы заң жобасы қаралып жатыр.

Әлбетте, Мемлекет басшысы қоғамды толғандырып отырған негізгі мәселелердің көшеде емес, Парламентте және азаматтық диалог аясында талқыланып, шешімін табуына баса мән беріп отырғаны сөзсіз. Сол үшін халық үнінің елеусіз қалмауы, оны билікке жеткізетін депутаттардың бел­сенділігі, партиялардың әлеуеті ал­дыңғы қатарға шықты. Президенттің «Әр алуан пікір – біртұтас ұлт» ұстанымы көппартиялық жүйені дамытуға да ұстын болып тұр. Себебі партиялардың бәсекесі ең алдымен халықтың проблемаларын шешуге, елдік мүддеге негізделеді.

Жаңа партиялардың пайда болуына кедергі келтіретін талаптарды жеңілдету тетігі де қарастырылып жатыр. Атап айтқанда, Президент саяси партия құруды жеңілдетудің бір алғышарты ретінде партияны тіркеу үшін оның мүшелері санын екі есеге азайтуды ұсынды. Яғни саяси партияның кем дегенде 40 мың мүшесі болуы керек деген бұрынғы талап келмеске кетіп, енді жаңа партия құру үшін 20 мың қол жинау жеткілікті болмақ.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы партия қатарына сайланатын азаматтар тізі­мінде әйелдер мен жастар үшін мін­детті 30 пайыздық квотаны енгізу туралы бас­тама көтерді. Бұл нормалар атал­ған санат­тағы тұлғаларды елдің қоғам­дық-сая­си үдерістеріне белсенді ара­ласуға мүм­­кіндік бермек. Жалпы пар­тия­лық ген­дер­лік квоталар Еуропа ел­дерінде кеңінен қол­данылады. Мысалы, осын­дай ережелер Гер­мания, Норвегия, Фран­ция және Бельгияда сайлау туралы заң деңгейінде бекітілген.

Бүгінде көтерілген ұсыныстар бойын­ша Парламентте заңнамаға арнайы өзге­ріс­­тер мен толықтырулар енгізіліп жатыр. Сай­­лау туралы және Саяси партия­лар тура­­лы заң жобалары алдымен Мә­жілісте тал­­­қы­ланып, мақұлданды. Бұл заң жо­ба­­­ла­рында саяси партия құру кедер­гі­­­­лерін азайту, әйелдер мен жастарды сая­­­­­сат­­қа белсенді қатыстыру жөніндегі Пр­е­­­­­зи­­­­дент­тің тапсырмалары толықтай қамтылды.

Заңдардың қабылдануымен жастар­дың, жас болғанда нақты 29 жасқа тол­маған азаматтардың ел ісіне араласып, Пар­ламентте және жергілікті өкілетті орган­дарда қызмет етуіне зор мүмкіндік туып тұр. Көпшілік бұл өзгерістерге оң көзқараспен қарап, қазірдің өзінде әлеу­меттік желілерде кеңінен талқылап, айна­ласындағы белсенді жастардан өкілетті орындарға кімдерді лайықты көретіні туралы пікірлерін ортаға салып жатыр.

Аталған заңның Парламент Мәжілі­сінде қаралуы барысында палата Төрағасы, Nur Otan фракциясының жетекшісі Нұрлан Нығматулин де жастар квотасына ерекше назар аударды.

«Шынын айту керек, бұл мәселе қоғам­да және жұмыс тобында көп талқы­ланды. Бі­рін­шіден, көптеген елде сайлау кезінде пар­тиялық тізімде жастарға арналған квота мін­­детті түрде бекітілген. Екіншіден, қай кез­­де болса да, қандай қоғам­да болса да жас­­тарға деген сенім өте зор. Әрине жас­тар­­дың өмірлік тәжірибесі аздау болуы да мүм­­кін, бірақ олардың заманға сай идеяла­ры, олардың заманға сай ұсыныстары өте көп. Қазақ халқы осындайда «Асыл – тас­­тан, ақыл – жастан» дейді. Меніңше, жас­­тар квотасы партиялық тізімде заң бо­­йын­­ша міндетті түрде болуы керек. Әри­не 29 жас­­ты біреулер жастау дейді, бі­реу­­лер жа­сы жетті дейді. Бірақ олардың заман­­ға сай жа­ңа креативті идеялары бар, ұсы­ныс­­­­тары бар. Сон­дықтан мұндай батыл қадам­дар­дан қо­рықпауымыз керек», деді Мәжіліс Спикері.

Жақында Сайлау туралы және Саяси партиялар туралы қос заң Сенат депутаттары тарапынан да қолдау тапты. Содан кейін іле-шала Президенттің кеңесшісі Ерлан Қарин Facebook-тегі парақшасында арнайы жазба қалдырып, бұл заңдардағы жаңа нормалар Мемлекет басшысының саяси реформалар пакеті аясында қолға алынғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, мәслихаттардағы 3 335 орынның тек 740 орнын ғана әйелдер алып отыр. Жал­пы республика бойынша 53 депутат – 29 жасқа дейінгі жастар. Олардың 44-і аудандық мәслихаттарда, ал облыстық мәслихаттарда жастар мүлдем жоқ деп айтуға болады. Сондықтан бұл нормалар әйелдер мен жастардың елдегі қоғамдық-саяси процестерге бұдан да кеңірек әрі белсенді қатысуына ықпал етеді.

Енді заң бойынша саяси партиялардың құрамында әйелдер мен жастардың үлесі 30 пайызды құрауы қатаң қадағаланады. Олай болмаса, Орталық сайлау комиссия­сы партиялардың ұсынған тізімін тір­кеу­ден бас тартады. Партиялардың бел­сенділігін күшейтуге арналған мұн­дай ілкімді бастамалар көп­пар­тиялық жүйе­нің дамуына ықпал етуді көздейтіні түсі­нікті. Осылардың ішінде парламенттік оппо­зицияның орны ерекше.

Оппозиция рөлі «Ақ жолдың» еншісіне тие ме?

Балама көзқарастар күрмеуі қиын кез келген күрделі мәселеге жан-жақты қарап, түйінін тарқатуға септігін тигізеді. Бұған кейінгі кездері өз ұстанымдарын ашық байқатып жүрген, ой-пікірі қалып­тасқан, көпшіліктің сеніміне ие болған азаматтардың өзекті мәселелерді шешуге белсене араласуы дәлел бола алады. Дәл осылай партиялар арасындағы сындарлы, ашық саяси бәсекелестік қыза түссе, қоғамның олқы тұстары кеңінен тал­қыланып, оның оң шешілуіне де жол ашылады. Бұл ретте Президенттің парла­менттік оппозиция институтын құру туралы бастамасы саяси жүйенің бойына айтарлықтай қан жүгіртпек.

Аталған идеяны да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында ұсынды. Сол алқалы жиында ол:

«Біз балама пікірлер мен қоғамдық талқылау тоқыраудың бастауы емес, керісінше, дамудың басты талаптарының бірі екеніне көз жеткіздік. Сондықтан Пар­ла­менттегі саяси азшылықтың негізін заң жүзінде бекіту керек. Бұл үшін «Парламент туралы» заңды саяси азшылыққа кепілдік беретін нормалармен толықтыру қажет. Мысалы, басқа да партиялардың өкілдері Пар­ламенттегі кейбір комитеттердің төр­ағасы лауазымдарын иелене алатындай жағдай жасау керек. Бұл биліктің заң шы­ғару тармағындағы баламалы қыз­мет­тің жүйелі жұмысын қамтамасыз етуге мүм­кіндік береді» деген еді.

Парламенттік оппозиция институтын құру идеясы көппартиялықты дамытуға айтарлықтай серпін береді. Бұл – біздің елдің саяси жүйесіндегі соны қадам. Өйткені Қазақстанның заң кеңістігінде бүгінгі таңға дейін «оппозиция» деген ұғым мүлдем болмаған. Оның сыртында өз­дерін оппозиция тұтып, аттандағандар да басы бірігіп, бүтін бір үлкен күшке ай­нал­маған. Сондықтан ел арасында қайсысы нақ­­ты оппозиция екені туралы сыңаржақ пікір­лер әлі күнге толастаған емес. Ал атал­ған бас­тамадан кейін көпшілік бұл жағ­дай қалай құбылады, шын мәнінде пар­тиялардың бәсекесі күшейе ме дегендей қызығушылық таныта бастады.

Қазір тың бастаманың іске асырылуы заңмен нақты бекітіліп жатыр. Арна­йы заң жобасы әзірленіп, Парламент Мәжі­лісінде мақұлданып та үлгерді. Бұл құжат бо­йынша оппозиция бірнеше құқық­тық артықшылыққа ие болмақ. Атап айт­қанда, Мәжіліс комитеттерінің біріне төраға­лық ету, екі комитеттің хатшысы лауазымдары, әр сессия кезінде парламенттік тың­да­улар мен үкімет сағаттарын бекіту құ­қығы, үкіметтің заң жобасына оппозиция келіспейтін қарсы балама заң жобасын ұсыну, Парламенттің кез келген іс-шара­ларында, Мәжіліс пен Сенаттың бірлес­кен оты­рыс­тарында сөз сөйлеу сияқты кепіл­діктер беріледі.

Парламенттік оппозиция туралы заң жобасын «Ақ жол» демократиялық пар­тия­сының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев ұсынды. Оның айтуын­ша, «Ақ жол» партиясы 2013 жылы пар­ламенттік оппозиция туралы заң жобасын дайындап, ол Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демо­кратия инс­титуттары және адам құқық­тары жөніндегі бюросының оң бағасын алған екен. Содан аталған партия Прези­денттің былтырғы желтоқсандағы тапсырмасына сәйкес заң жобасын қазіргі кезеңге келтіріп, қайта әзірлеп шыққан.

Заң жобасында Еуропадағы қауіпсіз­дік және ынтымақтастық ұйымы­ның қорытындысын және Еуропа демо­кратия­лық Комиссиясының «Демо­кра­тия­лық пар­ламенттердегі оппозиция­ның рөлі туралы» баяндамасы­ның ұстанымдары қол­данылыпты. Бұл еуропалық құжат­тың 23-тармағында «Парламенттік оппо­зицияның құқықтық шарттары кез келген саяси жүйенің демократиялық жетілуін бағалаудың эталоны болып саналады» деп көрсетілген. Сонымен қатар баяндаманың 11-тармағында «Парламенттік оппозиция деген – парламентке енген, бірақ үкіметтің мүшелері жоқ саяси партиялардан тұрады» делінген.

«Қабылданып жатқан заң парламенттік көп­­шіліктің оппозиция құқықтарын бұ­зуына жол бермейді. Мысалы, егер оп­по­з­ицияға бөлінген комитетке азшы­лық­­тың үміткері қажетті дауыс жинай алмаса, сол лауазымға оппозиция басқа да кан­ди­даттарын ұсына алады. Өйткені бұл кво­та тек оппозицияға берілген. Егер пар­­ла­менттік көпшілік пікірталасты тоқ­тату ту­ралы шешім қабылдаса да, бәрі­бір оп­по­зи­цияға сөз беруге міндетті. Менің­ше, бұл оппозицияға ешқандай қатысы жоқ­­­тарға ғана ұнамауы мүмкін. Сенат жо­­баны қолдаса, заң 2021 жылдан бас­тап кү­шіне енеді. Яғни, бұл заң қазіргі фрак­ция­лар үшін емес, болашақ парламентке ар­налған», деді Азат Перуашев.

Қалай дегенмен, демократияға дем бе­ретін бұл бастаманың құптарлық қадам екені даусыз. Осылайша біздің ел­дегі оппозиция туралы түсінік бірте-бір­те өзгере түсер. Өйткені қоғамда оппо­зи­­цияға үрке қарап, одан бойын аулақ ұс­тау­ды жөн көретін қатып қалған қасаң көз­қарас қалыптасқан. Оның үстіне өз­дерін оппозициямыз деп санайтындар жік-жікке бөлініп, қырғи-қабақ болып, бір-бірін белгілі бір тараптың сойы­лын соғады деп айыптап жатады. Яғни жаңа бірлестік­тердің құрылуына осындай кедер­гі­лердің де бары рас. Егер оппо­зиция шын мә­нін­де атына заты сай болып, халықтың жа­най­қайын демократиялық жолмен жеткізсе, бюджеттің тиімді жұмсалуынан бастап қажетті бағдарламалардың толық орындалуы, маңызды заңдардың дұрыс қабылдануы сияқты мәселелерді жіті қадағаласа, қоғамдық-саяси өмірдің жандана түсері анық. Әрі партиялар арасында нағыз бәсеке басталады.

Партиялардың әлеуеті қандай?

Сайып келгенде, саяси бәсекелестікті, пар­тиялардың белсенділігін күшейтуге бағыт­талған ұсыныстардың заңмен бекі­тіліп, жүзеге аса бастауы алдағы Пар­ламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауы үшін маңызды болып тұр. Қазірдің өзінде партияны тіркеудің кедергілері азайғаны жаңа саяси бірлестік құруға талаптанғандарды біраз ынталандырды. Мысалы, Әділет вице-министрі Наталья Пан өткен жылдарға қарағанда елімізде саяси белсенділіктің жоғарылағанын мәлімдеді. Әділет министрлігі өкілетті орган ретінде саяси партияларды мемлекет тіркеуінің статистикасын жүргізеді. Ведомство өкілінің айтуынша, бүгінде 7 ұйым тіркеуден өте алмай қалыпты.

«Тіркеуден бас тартудың себебіне тоқталсақ, жетеудің бесеуі бастамашы топтардың тізімін ұсынбауына қатысты. Біреуінде ұйымдастыру комитеті қызметінің мерзімі өтіп кеткен, заңда алты айлық мерзім қарастырылған. Бұл тұрғыда Әділет министрлігі тіркеуден бас тартуға мәжбүр болады. Тағы бір бірлестік тексеруден өтіп жатыр, яғни оның мүшелері шетел азаматтары, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әскери қызметші, судья болмауы керек. Осындай шектеулер бар. Бұл тұрғыда жалпы жеті бірлестік бар», деді Наталья Пан.

Партияны тіркеудің рәсімдерін жеңіл­дететін бастамалар қолға алынғаны­мен, аталған сайлауларға дейін жаңа партиялар құрылып үлгермеуі де мүмкін. Мұндай пікірді Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, саясаттанушы Расул Жұмалы білдірді. Ол жаңа партия құру үшін 20 мың қолдың өзін жинау оңай болмайтынын, мысал ретінде 140 миллионнан аса халқы бар көрші Ресейде жаңа партия тіркеу үшін кемінде 5 мың мүшесі болуы керек екенін алға тартты.

«Жаңа партия тіркеудің бұдан да басқа кедергілері баршылық. Дегенмен тиісті заңдардың қабылданғаны – жетістік. Енді оппозицияға лайық орта – қозғалыстар, партиялар, жекелеген тұлғалардың Пар­ламентке енуінің негіздері жасалуы керек. Қазір «Ақ жол» демократиялық пар­тиясы және Қазақстан коммунистік ха­лық партиясы Парламенттегі оппозиция саналады. Бірақ оларды толыққанды оппо­зицияға жатады деп ойламаймын. Себебі Парламентте депутаттар арасында АҚШ, Еуропадағыдай қызу пікірталастардың болып жатқанын көрмейміз. Айталық, оппозиция деген бюджеттің дұрыс бөлін­беуі­мен келіспеу сияқты белгілі бір мәсе­леге қатысты өткір пікір білдіріп оты­ру керек. Заң жобаларына дауыс бер­уге кел­генде еш қар­сылықсыз 100 пайыз­бен қабыл­данып жата­ды. Содан соң тағы түзету­лер енгізу керек болып, Пар­ла­мент­­ке қай­тарылғанда депу­тат­тар қалай бай­қа­ма­ғанбыз деп өз­дері таң­ғалып жатады», деді Расул Жұмалы.

Сондай-ақ саясаттанушы әйелдер мен жастардың үлесі мұнша пайыз болуы керек дегенге қатып қалуға болмайтынын, тіпті Парламентте түгел әйелдер отырсын, бастысы ол орынға білікті, қабілетті, нағыз лайықты тұлға келуі керек деп санайтынын жеткізді.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, саясаттанушы Ерлан Саиров та әлеу­­меттік желіде Парламент депутат­тары мен мәслихат депутаттарына қатысты біраз сынын айтты. Ол депутаттардың өздерін халықтың өкілінен гөрі заң шығарушы деп есептейтінін, ал мәслихат депутаттары бюджетті бекітетін әкімдердің жеке конторын елесететінін атап өтті.

«Заң шығарғанда біздің депутаттар «мемлекет мүддесі» тұрғысынан қарауға тырысады. Ал сол мемлекетте азаматтардың тұратындығын, азаматтарсыз мемлекеттің болмайтындығын, заңның азаматтарға қолайлы болуы керек екенін ойларынан шығарып алады. Мәселе – осында. Тағы бір мәселе, депутаттар моральдық беделі бар, алғыр болуы керек. Шетелде депутаттар әртүрлі ұсыныстарын білдіріп жатады. Ал бізде жоқ. Заң шығарушы тармақтың халық алдында беделі бар, ықпалды тұлғалардан, өзінің ойын ашық жеткізуге қабілетті азаматтардан құралғаны жүйеге қажет. Егер Парламент мығым, мықты болса, жүйе орнықты болады. Парламент шын мәнінде Үкіметке әсер ете алатын болса, әділеттілік принциптері орнайды. Парламент саяси әртарапты болса, көше стихиясы саябырсиды. Саяси әсіре ағымдар азаяды. Сондықтан Парламенттің рөлін арттыру керек. Жергілікті мәслихаттың да рөлін күшейтіп, депутаттарға кәсіби түрде жұмыс атқаруға мүмкіндік берген дұрыс. Мәслихаттың төрағасы функциясын енгізу маңызды», деді Ерлан Саиров.

Жалпы алдағы саяси додаға дайындық туралы сөз қозғалғанда оның қашан өте­ті­ніне қатысты да біраз долбар жаса­лып жатыр. Әсіресе ел арасында бұл сай­лау­дың мерзімінен бұрын өтетіні көп айтыл­ды. Мұндай ойға жетелейтіні – осы­ған де­йін­гі сайлаудың көбі кезектен тыс өт­кені. Алайда Елбасы да, Мемлекет бас­шы­сы да парламенттік сайлаудың конс­титу­ция­лық мерзімде өтетінін айтқан еді. 2016 жылы сайланған алтыншы шақырылым депу­тат­тарының өкілеттік мерзімі – 5 жыл. Яғни, ендігі сайлау 2021 жылы өтуі керек.

Ал енді бұл сайлауда партиялар бәсе­­кесі қалай өрбитіні қызық болмақ. Ал­ды­­мен дәл қазір елімізде алты сая­си партия тіркелгенін айта кетейік. Олар – Nur Otan партиясы, «Ақ жол» демо­­­­кра­тиялық партиясы, Қазақстан комму­нис­тік халық партиясы, «Ауыл» халық­тық-демократиялық партиясы, «Бір­лік» саяси партиясы, Жалпыұлттық социал-де­мо­кратиялық партиясы (ЖСДП). Бұлар­дың алдыңғы үшеуі қазір Мәжіліске орнық­қан. Парламент палатасындағы көппартия­лықты құрап отырған бұл үштік келер сайлауда түгел орнын сақтап қала ала ма?

Әрине Nur Otan-нан кейін «Ақ жол»-дың атқа қонатыны айқын. Өйткені Пар­ламенттік оппозиция туралы заң әзірлеп, саяси бәсекелестікті күшейтуге атсалысып жатқан партия бұл додада бұғып қал­мас. Ал Қазақстан коммунистік халық пар­тия­сының Парламентке қайта енуі оңай болмайын деп тұр. Бүгінде бұл партия­ның көзқарасы ескірген деп санайтын қара­пайым жұрттың қарасы көбейген. Оның үстіне тәуелсіздік жылдары дүниеге келген, жаңаша ойлайтын жастар өсіп келеді.

Қанша жерден қарыштап дамып, қалаларымыз құлашын жая түскенімен, ауылдан тамыры ажырамаған ағайын көп. Бұған қоса қазіргі тар кезеңде азық-түлік­тен тарықпау үшін ауыл шаруа­шы­лығы саласын ілгерілетудің маңызы арта түсті. Осы ретте «Ауыл» партия­сы­­ны­ң аты жиі атала бастады. Аталған пар­­тия­­­ның төрағасы, Парламент Сенаты­ның депу­таты Әли Бектаев ауыл шаруа­шы­лы­­ғы­на басымдық беріліп отырған қазір­гі жағ­дайды ескере отырып, өз пар­тиясы ал­да­ғы сайлауларға белсенді дайын­далып жат­­қанын, сондай-ақ саяси бәсеке­лестік күшей­ген кезде Парламентке жаңа пар­тия­лар­дың енуі әбден мүмкін екенін айтты.

«Қазақстан халқының 40 пайызы ауыл тұрғындары екенін ескерсек, электоралды әлеуетімізді аса жоғары деп бағалауға болады. Бұл – ірі қалаларға көшіп келген, әлі де ауылдың құндылықтарынан ажырамаған отандастарымызды қосып есептемегенде айтып отырғаным. Өйткені еліміздегі урбанизациялық процестердің ауылдан ірі қалаларға көшіп келіп жатқан ауыл тұрғындарының есебінен жүріп жатқанын жақсы білесіздер. Соның нәтижесінде қазір Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент сияқ­ты миллиондық қалаларымыз бар. Жа­қында бұлардың қатарына Ақтөбе мен Қарағанды қосылуы мүмкін. Егер пар­­тия­ның жұмысын дұрыс жолға қоя біл­сек, бұл электораттың барлығын өз тара­­пы­мызға тартуға мүмкіндік бар. Көп­партия­лық сайлау жүйесі түптеп келгенде пар­тиялар арасындағы идеологиялық күреске құрылады. Әр өткен сайлау са­йын саяси алаңдағы мұндай идеологиялық текетірестің белгілері айқындала түсері анық. Болашақ сайлаудың нәтижесі бойынша Парламенттегі партиялық коньюктура өзгеруі мүмкін. Парламент құрамына жаңа партиялар енуі ықтимал. Тіпті жоғар­ғы заң шығарушы органның құрамы жаңа партиялармен толығуы тиісті деп ойлаймын. Бұл – қазіргі қоғам үшін өте қажетті өзгеріс», деді Әли Бектаев.

Ал былтырғы Президент сайлауында бой көрсетпеген «Бірлік» пен ЖСДП партияларының биылғы сайлаудағы әлеуеті туралы айту қиын. Бір білетініміз, өткен жылы ЖСДП тарапынан Парламент сайлауына дайындаламыз, бұл халықтың, біздің сайлау болады деген мәлімдеме жасалған. Не де болса, осы жолғы сайлауға дейін жаңа партиялар құрылып, саяси өмірге жаңа леп келсе, сайлау кезінде оянатын партиялардың қимылы ширап, әжептәуір сергіп қалатын шығар.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, демократиялық бетбұрысқа негізделген елеулі өзгерістер Парламент Мәжілісі мен мәс­лихаттар сайлауы кезінде саяси бәсе­ке­лестіктің көрігін қыздыруға ықпал етеді. Тиісті заңдардағы қисынсыз нормалар­ды алып тастау, белсенді азаматтардың құ­­қы­­ғын қорғау, жаңа партияларды тір­кеу­­ді жеңілдету сияқты қадамдар ар­қы­­лы қоғамда пікір алуандығы кеңінен си­пат алады. Бұл өз кезегінде сайлау­шы­л­ар­­­дың өздері мүдделі болған мәсе­ле­­ле­р­­ді шешуге қауқарлы деген қала­ған пар­­тия­сын таңдауына мүмкіндік бере­­ді. Осылайша халықтың саяси сауаты ар­тып, таңдаған партияларының уәде­лері­не қаншалықты берік болғанын ұда­йы бақы­лап отырады. Партияларға сенім күшей­се, шетін мәселелерді көшеде толқу ұйым­дастырмай-ақ шешуді мақұл көре­­тін жұрттың қатары көбейер еді. Қа­лай болғанда да алдағы сайлау кезінде шы­мыл­­дығы түрілетін саяси сахнада пар­­тия­­лардың партиясы шырқалып, жаңа пар­тиялардың дебютін көреміз деп үміттенеміз.