– 1994 жылы Үндістанда обаның өкпе арқылы тарайтын өте қауіпті түрі пайда болды, – дейді бізбен әңгімесінде медицина ғылымдарының докторы, профессор, 2009-2011 жылдар аралығында Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік санитарлық-эпидемиялық бақылау комитетінің төрағасы – Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер қызметін атқарған Кеңес Оспанов. – Арнайы мәліметтерге қарағанда Үндістанда сол жылы осы індетке байланысты 693 дерек тіркелген. Карантин 1994 жылдың 26 тамызынан 18 қазанына дейін созылды. Шынын айту керек, бұл індеттен дүние жүзі есінен танып қалды. Барлық ел Үндістанмен барыс-келісті бірден тоқтатты. Ұшақ рейстерінің бәрі ауыстырылды. Кейіннен бұл ауру үй тышқандары арқылы тарағаны белгілі болды. Ең қауіптісі, жұрт арасында ауру жұқтырып аламын деген үрей басталып, Үндістанның Сурат деген қаласынан екі күнде 300 мың адам қашып шыққан. Қазіргі пандемияда жұртты оқшаулап үлгерді ғой. Ал ол кезде оқшаулау мүлдем мүмкін болмады. Елдің ішінде айқай-шу, үрей, қорқыныш басталды. Бұл шетелге шоп-тур енді басталып жатқан жылдар еді. Сондықтан біздің Үкімет те Үндістанмен қарым-қатынасты тоқтату туралы қаулы қабылдауға мәжбүр болды.
Жасыратыны жоқ, ол жылдары шетелге шығатындар негізінен тауар, киім-кешек алып келетін. Осылайша сауда-саттық шаруасымен жүрген Қазақстанның 70-ке жуық азаматы дәл сол кезде Үндістанда қалып қойыпты. Яғни СЭС қызметінің тыйым салғанына қарамастан сол елге барып, бері қарай шыға алмай қалған. Енді не істеуіміз керек? Ол кезде Орталық Азия обаға қарсы зерттеу институты, қазіргі Масғұт Айқымбаев атындағы Аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығының директоры профессор Владимир Степанов деген кісі еді. Қазір де көзі тірі, жасы сексеннен асты, елге еңбегі сіңген азамат. Мен республикалық СЭС-те аса қауіпті жұқпалы аурулар бөлімінің меңгерушісімін. Сол Степанов екеуіміз еліміздің Сыртқы істер министрлігіне бардық. Ол кезде министрдің бірінші орынбасары Қасым-Жомарт Тоқаев болатын. Бізді сол кісі қабылдады. Риза болғанымыз –орнынан тұрып, жылы жүзбен қарсы алды. Шаруамызды айттық. Әңгіме арасында институттың ғылыми жетістіктері туралы да сұрады. Сонымен Үндістандағы адамдарды алып келу мәселесін ақылдастық. Бұл Кеңес Одағы жаңадан тараған кез. Ел экономикасы нашар, баяғы байланыстар жоқ. Әйтсе де Сыртқы істер министрлігі бұл мәселеден хабардар екен. Тіпті олардың ақпараты бізге қарағанда молдау болып шықты. Біз Үндістанда 70-ке жуық азаматымыз қалып кетті деп жүрсек, олардың саны 114 екен. Сөйтсек, кейбір қазақстандықтар шектеу қойылғанына қарамастан «Үндістанның сауда үйлері арнайы курсқа шақырып жатыр» деген жалған құжат толтырып, шекара асып кете беріпті. Сонымен Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселені жоғарғы жаққа баяндап, шешемін деп уәде берді. Шынында Тоқаев уәдесінде тұрды. Бір күннен кейін Үкімет бір ұшақты Үндістанға жіберді. Айтпақшы осы тұста бір қиыншылық көлбеңдеді. Алғашында бірде-бір ұшқыш және стюардесса індет тарап жатқан елге ұшып баруға көнбеді. Өйткені індет адамдарға ауа арқылы тарап жатқандықтан шынында өте қауіпті еді. Ұшқыштармен, стюардессалармен жеке-жеке сөйлестік, түсіндірдік, вакцина ектік. Алып келетін адамдар бұл індетті жұқтырмағанын айттық. Сонымен қысқасы, ертеңінде ұшақ Үндістанға бет алды. Ол жақтан келген азаматтарды СЭС, Төтенше жағдай, ІІМ қызметкерлері қарсы алып, арнайы үш автобусқа мінгізіп, МАИ көлігі жол бастап, Алматы қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына алып келдік. Барлығы ауруханада алты күн жатып, дәрігерлердің бақылауында болды. Профилактикалық дәрілер бердік. Алла жарылқап, көшіп келушілердің арасынан бірде-бір ауру табылған жоқ. Сөйтіп ел Үкіметінің осы іске жауапкершілікпен қарауының арқасында бұл індетке уақытында тосқауыл қойылды. Сондай-ақ бұл мәселені Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің бақылауында ұстап, сәтімен аяқталуына зор үлес қосты.
– Елімізде тәуелсіздіктің Көк туы желбіреген алғашқы жылдардан-ақ шетелде жүрген қандастарымыз елге орала бастады. Шекарадан бері өткен бұл көштің екпіні сұмдық еді. Әрине, елге ел қосылса – құт. Дегенменде бұл істе санитарлық-эпидемиялық жұмыстар жағы қалай болды?
– Иә, 90-жылдардың басында шетелдегі қандастар елге келе бастады. 1993 жылы Ираннан Түркіменстан арқылы 4 мың қазақты көшіріп алып келу жұмысының басы-қасында жүрдім. Бұл кезде де республикалық СЭС-те бөлім меңгерушісі едім. Сол жылы бес мәрте Түркіменстанға барып, Иран шекарасынан бері өткен қандастар арасында жұқпалы аурудың болмауын қадағаладым. Әлі есімде, шекарадан бері өткен бір қазақ жігіт тоқсандағы әкесін арқалап алыпты. Негізі қарияның жолға шығуына рұқсат бермеуіміз керек еді. Өйткені әлсіз, аяқ-қолы істемейді, жолға жарамайды. Күн өте ыстық. Иран елінің ауруханасына жатқызу қажет. Бірақ баласы әкесін тастап қалай кетеді? Қария жетпіс жыл бойы туған еліне қайтуды армандапты. Сонымен Еңбек, Сыртқы істер министрліктерінің өкілдері, бәріміз ақылдасып, рұқсат бердік. Бұл шешімге олар қатты қуанды. Ақсақалдың бар арманы – туған жердің топырағын басу еді. Алайда туған жерін тірі көру қарияның маңдайына жазылмапты. Ираннан Түркіменстанға өткен қандастарымыз автобуспен «Қызыл Арбат» стансасына жетіп, әрі қарай ел үкіметі арнайы жіберген пойызға отыруы керек еді. Автобуста ақсақалдың жүрегі шыдамай, бірнеше сағаттан кейін жолда қайтыс болды. Амал жоқ, Түркіменстанда бір қазақ ауылы бар екен, кешке сол ауылдың моласына жерледік. Тағы бір есімде қалғаны ақсақал көзі тірісінде қажылыққа баруға денсаулығы жарамай, Меккеге барған адамдарға қаржы беріп, өз атынан қажылық жасатып, сол жақтан аппақ ихрам киімін алдырған екен. Ақсақалдың соңғы өтініші бойынша марқұмды сол киіммен жерледік. Бұл жолы да құдай жарылқап, Ираннан көшіп келушілердің арасынан бірде-бір жұқпалы ауру жұқтырғандар болған жоқ. Қандастарымызды дәрігерлік бақылауға алып, сырқаты барларын емдеп жаздық.
Содан кейін 1996 жылдың қыркүйек айында Денсаулық сақтау министрлігі мені аяқ астынан Моңғолияға жіберді. Осы елдегі қандастарымыз көштің басын бері қарай бұрғанда Моңғолиядан тырысқақ ауруы шыққан ғой. Сонымен көш тоқтап қалған. Министрлік «Көшіп келушілерді барып көр, тексер, жағдайды біл, мәселені сол жерде өзің шеш, елге жұқпалы ауру өтпесін» деді. Содан Алматыдан Өскеменге, әрі қарай Баян-Өлгейге ұшып бардым. Барсам, аэропортта қаншама қазақ ошарылып отыр. Үйлерін, дүние-мүліктерін сатып, жүгін жинап, Қазақстанға көшуге бел байлаған қазақтар ғой. Бәрі шарасыз. Біздің елден барған екі самолет қаңтарылып тұр. Сонымен жергілікті СЭС-тің мамандарымен ақылдастым. Негізі індет ошағы басқа өңірде екен. Содан ойлана келе көшуге рұқсат бердік. Себебі тырысқақ әрине, аса қауіпті жұқпалы ауру, бірақ, оған қарсы біздің елдің дайындығы жақсы еді. Дәрі-дәрмек жеткілікті. Сонымен бүкіл жауапкершілікті өз мойныма алып, рұқсат бердім. Көшіп келгеннен кейін оралмандарды біздің дәрігерлер бес күн бойы қадағалауға алды. Құдайға шүкір, ешқандай ауру шықпады.
– Қайбір жылы қазақстандықтарды конверт арқылы тарайтын індет те бір шошытты емес пе?
– Иә, сондай жағдай болған. 2001 жылы Америкада әйгілі теракт орын алып, аспанмен тірескен екі биік ғимарат жермен-жексен болғаннан кейін бұл елде конвертке салынған ұнтақ тарай бастады. Бұл да терактінің бір түрі болса керек. Яғни қаскөй біреулер түйнеме, Сібір жарасының штамы бар ұнтақты конвертке салып, АҚШ-тың құзырлы органдарына жолдай бастаған. Кейіннен бұл лабораториялық штамм екені анықталды. Әйтпесе, ондай ұнтақты үй жағдайында істеу мүмкін емес. Содан Америка әбігерге түсіп жатқанда біз де қарап отырмай, әзірлікті бастап кеттік. Барлық өңірлерге «әзірлікті күшейтіңдер, осындай жағдай бізде де болуы мүмкін» деген хабар тараттық. Айтқандай бір күні Алматыдағы бір банктен конвертке салынған ұнтақ табылды деген хабар түсті. Барсақ, кеңсенің бір бөлмесінде екі қызметкер келіншек отырады екен. Соның бірі Жаңа Зеландиядан келген бір конвертті әдеттегідей мән берместен аша салған ғой. Ішінен көк ұнтақ шығыпты. «Қорықпаңыздар, бәрін тексереміз, бірақ, бәрі анықталғанша үйге бармайсыздар, оқшауланасыздар» деп, екеуін жұқпалы аурулар ауруханасына жатқыздық. Біздің мамандар күні-түні жұмыс істеп, тексеру жұмыстарын бір-екі күнде аяқтады. Әйтеуір, конверттен шыққан ұнтақта ешқандай жұқпалы аурулардың қоздырғыштары табылмады. Бірақ қауіпті ұнтақпен «қорқыту» мұнымен тыйылмады. Сол жылдары Алматының өзінде осыған ұқсас 60 шақты оқиға тіркелді. Кейбір еріккендер кіреберіске әртүрлі ұнтақ төгіп кетіп, оны көрген тұрғындар қатты дүрлігіп, бізге хабарлады. Барлық ұнтақты тексердік, бірақ ешқандай жұқпалы ауру анықталмады.
Одан 2010 жылы Орталық Азия елдерінде балалар арасында полиомиелит кеңінен тарап кетті. Бір өкініштісі, көрші елдерде вакцина салынбаған 600-ден астам балаға өмір бойы мүгедек болып қалды. Біздің елдің балаларын қосымша егудің арқасында бұл қауіпті ауруға шалдыққандар болған жоқ. Бұл жұмыс еліміздің барлық өңірінде жедел жүрді. Халық жас ұрпаққа қатер төніп тұрғанын жақсы түсінді. Сөйтіп 2010 жылдың 5-7 мамыр және 6-10 қыркүйегінде 1 млн 636 мың балаға қосымша вакцина егілді. Яғни, 6 жасқа дейінгі балалардың 98,9 пайызы қамтылып, ешқандай тосын жайттар кездеспеді.
– Рас болса Қазақстанда кездесетін кейбір аса қауіпті жұқпалы аурулардың қоздырғышы жүздеген жылдарға дейін сақталатын көрінеді.
– Басқасын қайдам, Сібір жарасының қоздырғышы жүз жылға дейін топырақта сақталады. Мұны ағылшын ғалымдары дәлелдеген. Сондықтан осы індеттен өлген малды өртеп көмгенде бетін бетондап тастайды. Сөйтіп ол маңда мал жайылмау керек. Мал қалай ауырады? Күн ыстық болғандықтан шөп көтерілмейді, сондықтан мал көкті жегенде топырақты араластырып жеп, ернін жаралап алады. Ал аурудың қоздырғышы сандаған жылдар бойы топырақтың арасында «скафандр» киген күйінде сақталып жатады. Малдың организміне түскеннен кейін «сыртқы киімін» шешініп, қауіпті микроб ретінде қанға таралады, өседі, көбейеді. Дәл сол сияқты Қырым қанды безгегі де өте қауіпті. Кезінде құмның арасында отырған ел көктем шыға неге жайлауға көшкен? Себебі күн ыстықта құмда кене, бүрге, тышқандар көбейеді. Денесінде түрлі аурулардың вирусы бар кенелер малға жабысады. Малдан адамға жұғады. Әлі есімде, 1989 жылы Жамбыл облысы, Сарысу ауданында осы індет көп тарап кетті. Жұрт қой қырыққан. Сөйтіп қырықтықпен жүннің арасындағы кенені де қырқып жіберіп, оның қаны жұққан. Ешқандай залалсыздандыру жұмыстары жүргізілмеген. Осының салдарынан 72 адам ауырып, 6-уы қайтыс болды. Бұл Кеңес өкіметіндегі ең көп тараған ауру ошағы болғандықтан халық қатты үрейленді. Жалпы соңғы 20-30 жылда шетелден шыққан жұқпалы аурулардың біздің елге сіңіп кеткенін білмеймін. 2003 жылы атиптік пневмония, 2005 жылы құс тұмауы, 2009 жылы шошқа тұмауы, эбола, зика ауруларына қарсы бірталай шаралар қолға алынды. Жалпы біз дүние жүзіндегі жұқпалы ауруларға қарсы күресу тәсілдерін біліп, соған әрдайым дайын болуымыз қажет. Ең бастысы – өз өлкесінде қандай жұқпалы аурулар бар екенін жергілікті тұрғындардың өзі жақсы білуі керек. Соны жеткізу біздің міндетіміз.
– Айтпақшы, қайбір жылы Қырым қанды безгегі түркістандықтардың да үрейін ұшырды емес пе?
– Бұл оқиға 2009 жылы болды. Қазір халықтың жеке басының гигиенасын сақтау мәдениеті жоғары ғой. Дегенменде әр уақытта білместік, бейғамдық құртады. 2009 жылы түркістандық 4 дәрігер және жүкті әйел баласымен Қырым қанды безгегін жұқтырып қайтыс болды. Яғни, ауруханада жатқан екіқабат әйел өзінің қауіпті індетті жұқтырып алғанын білмеген. Нәтижесінде босандырып алуға кіріскен дәрігерлер де індетті жұқтырып, соңы қайғылы аяқталды.
Әңгімелескен
Оралхан ДӘУІТ,
«Egemen Qazaqstan»