Аймақтар • 25 Мамыр, 2020

Батыс Қазақстанда балабақшалар қызметі 15 маусымға дейін тоқтатылады

326 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында карантин режімі 15 маусымға дейін ұзартылғанын айтқан едік. Соңғы күндері ауру жұқтырғандар саны артуына байланысты балалардың қауіпсіздігі үшін карантин режимі аяқталғанша балабақшалар қызметін тоқтату туралы шешім қабылданды.

Батыс Қазақстанда балабақшалар қызметі 15 маусымға дейін тоқтатылады

Бұған қоса өңірдегі бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысымен «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б.в.» компаниясы аумағында 5 маусымға дейін карантин режимі енгізілді. Кеніш аумағына көлік құралдарының кіріп-шығуы шектеледі, компания жұмысшыларына вахталық қалашықта кешкі сағат 19.00. бен таңғы 07.00. арасында жүріп-тұруына тыйым салынды. Мұнда санитарлық-дезинфекциялық жұмыс жүргізіліп, барлық тазалық және сақтық шаралары қолға алынды.

Өңірде коронавирус дертінің өршіп тұрғанын айтып, халықты сақтандырған оралдық инфекционист-дәрігер Әділбек Нұрымбет әлеуметтік желіде жазба жариялады. Ол сәуір айының соңында Батыс Қазақстан облысында COVID-19 індетін жұқтырған науқастарды емдеуге шақырылған екен. Ауруханада барлық сақтық шараларын жасағанына қарамастан бірнеше медициналық қызметкер коронавирус жұқтырған.

«...Содан үш күн өткенде дене қызуым 37.3°С қа жоғарылап, басым, белім, буындарым қатты ауырғаны соншалық, жаным көзіме көрінді. Түнімен құсып шықтым. Ертеңіне менен тағы коронавирусқа анализ алды. Анализ қорытындысында менде коронавирус бары анықталып, жұқпалы ауруханаға әкеп жатқызды. Қызуым 37,2-37,3 градус айналасында болды. Басым, буындарым, белім ауырғаны күшеймесе басылмады. Басымды көтере алмадым. Шынымды айтсам 5 күн нәр татпадым. Тамаққа тәбетім мүлдем болмады. Өзім инфекционист болып жұмыс жасағанда қанша вирусты ауруларды емдей жүріп, арасында тұмаумен өзім де ауырдым. Бірақ дәл осындай ауруды көрген емеспін. Температура 38,0-38,5 градус болғанда да парацетамол ішіп, жұмысымызды жалғастырып жүре беруші едік. Ал мына ауруда 5 күн басымды көтере алмадым. Оған жөтел мен кеудедегі қатты ауырсыну қосылды. Өкпені КТ түсіргенде екі жақты пневмония анықталды. Қосымша тағы ем қосылды. 15 күн дегенде толық өзіме келдім. 24 күн жатып, екі рет анализ тапсырып, анализім таза болған соң бүгін ауруханадан шығып отырмын. Карантин басталғанда келіншегімді балалармен ауылға жіберген болатынмын. Келіншегімнің аяғы ауыр. Коронавирус жұқтырып алғанымды әке шешеме де, келіншегіме де айтпадым. Тек контактыда болғаным үшін карантинде жатырмын деп айтып келдім. Себебі олар не істей алады. Құр босқа уайымдағаннан басқа. Тек бүгін шыққан соң ғана ауырып емделгенімді, уайымдаудың қажеті жоқ екенін айттым. Соның өзінде уайымдап жатыр.

...Айтайын дегенім, коронавирус басқа жұқпалы ауруларға ұқсамайды. Өте ауыр өтеді, және ұзақ емделуді қажет етеді. ...Сондықтан бұл ауруға немқұрайды қарауға болмайды» деп ескертеді дәрігер.

Соңғы мәлімет бойынша Батыс Қазақстан облысында COVID-19 індетіне шалдыққандар саны – 386 адамға жеткен. Қазір олардың 242-сі жазылып шығып, өз үйіне жіберілген. Бірақ олар одан әрі үй жағдайында 14 күндік оқшаулану тәртібін сақтауы тиіс.

 

Батыс Қазақстан