Аймақтар • 25 Мамыр, 2020

Ақмолада «Бастау бизнес» жобасы өз жемісін беруде

282 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекеттен қайтарымсыз қаржы алып, кәсібін дөңгелеткендер көпке үлгі. Мәселен, зеренділік Дамира Битенова «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, жеке косметологиялық кабинетін ашқан.

Ақмолада «Бастау бизнес»  жобасы өз жемісін беруде

Ал, Айгүл Рзаева болса, тапсырыспен ас дайындау ісін жолға қойған. Жалпы, жыл басынан бері ауданда 22 азамат өз ісін дөңгелетуде. «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Еңбек» бағдарламалары аясында талпынып тіршілік жасайтындар саны біртіндеп көбейіп келеді..

–Сүйікті ісін табыс көзіне айналдырып, кәсіпкер атану оңай емес. Ол үшін кәсіпкерлік негіздерін меңгеру қажет,–дейді кәсіпкер Дамира Битенова. Медбике ретінде 20 жылға жуық еңбек өтілі бар ол жеке косметологиялық кабинетін ашып, кәсіпкер атану үшін алдымен «Бастау бизнес» жобасы аясында білім алған. Сол білімінің арқасында бизнес жоспарын жасап, грант иегері атанады.

Грант қаржысына косметологиялық комбайн мен стерилизатор сатып алды. Сөйтіп, шағын кабинеттің қызмет көрсету аясы кеңейе түседі.

–2019 жылы  51 миллион теңгеге 132 зеренділік азаматқа грант берілді, ал жалпы «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша 250 адам оқудан өтті.  Нәтижесінде жеке кәсіптерін дамытуға 88 адамға жалпы сомасы 350 миллион теңге көлемінде шағын несие берілді. Біздің басты мақсатымыз жеке кәсіпкерлікке бет бұрып, қаржы алған азаматтарға қолдау көрсету. Бір жыл бойы біз оларға бизнес-жоспар бойынша жұмыс істеуге көмектесеміз, бухгалтерлік есеп, салықтық есеп беруді үйретеміз,–дейді аудандық кәсіпкерлерді қолдау орталығының кеңесші менеджері Раушан Омарова.

Жеке кәсібін ашуға зеренділіктердің құлшынысы жоғары. Биыл «Бастау бизнес» аясында оқудан өтуге 300-ден астам өтініш келіп түскен. Коронавирус індетіне байланысты кәсіпкерлік негіздері бойынша оқыту онлайн-режимде өтеді деп жоспарланып отыр.