Аймақтар • 25 Мамыр, 2020

Ақмолалық студенттер жұмыс істегісі келеді

150 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында қалалық жұмыспен қамту орталығы ақы төленетін қоғамдық жұмыстарға қабылдауды жүзеге асырады.

Ақмолалық студенттер жұмыс істегісі келеді

Бүгінде ниет білдірген студенттердің қарасы көп. Сәуір айынан бастап жұмысқа орналасуға 30-дан астам жас өтінім берген. Олардың барлығы да келісілген мемлекеттік мекемелерде жұмыстарын бастап кетті.

– Студенттер өтінім беру үшін жеке куәлігін, оқу орнынан анықтама және банктен есепшот ашқандығы туралы арнайы қағазын ғана тапсыруы қажет. Жұмысқа орналасу үшін арнайы білімнің қажеті жоқ, олар көмекші ретінде мемлекеттік мекемелерге құжаттарды өңдеу жұмыстары бойынша қызметке орналаса алады,–дейді Көкшетау қалалық жұмыспен қамту орталығының маманы Гүлнәр Тәтенбаева.

Томирис 1-курс студенті. Нұр-Сұлтан қаласында Еуразия Ұлттық университетінің ғылыми география мамандығында оқиды. Жазғы демалысын тиімді өткізейін деген мақсатпен жұмыспен қамту орталығына өтінім берген. Мемлекеттік тапсырыстар жөніндегі  басқармаға жұмысқа орналасқан.

– Кеше өтінім беруге келіп, бірден келісімге отырдым. Ертең жұмысқа кірісемін. Бұл мен сияқты қарапайым студент үшін үшін бір жағынан үлкен тәжірибе,  екіншіден болашақта кез-келген салада қызмет атқара алатын маман болуыма да көмектеседі деп ойлаймын,–дейді студент Томирис Муталлапова.

Қоғамдық жұмыстардың мерзімі – 7 ай. Еңбек ақысы 57375 теңгені құрайды. 16 мен 18 жас аралығындағы студенттер немесе жоғары сынып оқушылары ата-ананың келісімі көрсетілген хаттаманы тапсырулары қажет.