Әлем • 25 Мамыр, 2020

WSJ: Facebook онлайн режімге көшуі мүмкін

198 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Марк Цукерберг келесі онжылдықта Face­book компаниясын қа­шықтан жұмыс істеу режіміне көшіре­тінін мәлімдеді. Бұл шешімін ол жұмыс­шы­ларымен өткізген онлайн конферен­цияда хабарлады. Технологиялық алып өз операцияларын пандемия салдары­нан қалыптасқан жаңа құрылымға негіз­дей­тінімен бөлісті.

WSJ: Facebook онлайн режімге көшуі мүмкін

Facebook басшысының бей­сен­біде жасаған мәлімдемесі бизнес көш­бас­шыларының дағдарысқа бейімделуінің жақсы мысалы болды. Компания менед­жерлері қазірде жұмыс орнынан бастап стратегиясына дейін ойластыруда. Жаңа өзгерістер алдымен АҚШ-та қолданысқа енбек, әзірге бұл жаңалық тек жетекші ин­женерлерге қатысты.  Топ жетекшілері жаңадан қосылған қызметкерлердің жұмы­сын бағалағаннан кейін оларға үйден жұмыс істеу таңдауы беріледі. Одан кейін әлемнің түкпір-түкпіріндегі жұмысшылар жаңа режімге өтуге өтініш бере алады.

Марк Цукерберг 10 жылдың ішін­де компаниядағы 45 мыңға жуық жұмыс­шының жартысы онлайн режімге көшеді деген үмітін жеткізді. Бір қызығы, онлайн кездесу бір сағаттан кейін ақау­ларға байланысты үзіліп кетті. Компа­ния бұл ақау онлайнға қосылған көрер­мен­дерде ғана болғанын айтты. Яғни қызметкерлерде еш үзіліс болмаған. Цукерберг видеоның толық жазбасы жарияланатынын жеткізді.

Басқа компаниялар пандемия кезін­дегі онлайн қызметін саралап жатса, Цукер­берг мұны Facebook үшін ұзақ мерзімді стратегия ретінде белгіледі. Жалпы, Кремний алқабындағы компаниялардың онлайн режімге көшу туралы пікірі әр алуан. Twitter-дің негізін қалаушы Джек Дорси компания қызметкерлері бұдан былай ұзақтан жұмыс істей алатынын хабарлады. Бұл қатарда санфранцисколық Coinbase Inc. криптовалюта айырбастаумен айналысатын компания да бар. Бұл Илон Маскты тығырыққа тірегендей. Өйткені олардың өз зауыттары бар. Осы айда ол Tesla зауытын қайта ашу үшін жергілікті билікпен жанжалдасқан болатын.

Онлайн режім технологиялық компаниялар үшін тиімді әрі оңай. Дегенмен бұл жаңалықтың да ойландыратын тұстары бар. Мәселен, инновацияның кілті саналатын адами қарым-қатынас сияқты күрделі мәселені тудыруы мүмкін.