Аймақтар • 25 Мамыр, 2020

Димаш Құдайберген мектеп бітіруші түлектерді құттықтады

515 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мамырдың 25-і күні Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушыларына мектеп тарихында тұңғыш рет онлайн-соңғы қоңырау соғылды. Білім ордасының оқушылары 2019-2020 оқу жылымен үйден қоштасты деп хабарлайды аталған білім ордасының баспасөз қызметі.

Димаш Құдайберген мектеп бітіруші түлектерді құттықтады

Салтанатты шара Microsoft Teams платформасында ұйымдастырылды. Екі кезеңде өткізілген жиынға оқушылар, ұстаздар және ата-аналар онлайн қатысты. Алғашқы жиын биыл мектеп бітіріп жатқан 162 түлекке арнап ұйымдастырылса, екінші кезеңде төменгі сынып оқушылары өз шаңырақтарында мектеп директорының орынбасарлары мен шаңырақ кураторларымен онлайн-кездесу өткізіп, оқу жылын қорытындылады. Жиын барысында мектеп директоры Ермек Пайзов биыл мектеппен қоштасқан түлектерді құттықтап, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шамшидинованың құттықтау хатын оқып берді.

- Құрметті түлектер! Сіздерді бүгінгі мектеп бітірулеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Шекара деген түсінікке бағынбаған бүкіләлемдік індет коронавирус пандемиясымен қүресу мақсатында елімізде төтенше жағдайдың орын алуына байланысты бүгін сіздермен онлайн-кездесіп отырмыз. Сіздерді сағынсақ та, еліміздің жас ұрпағының денсаулығы бәрінен маңызды, деді Ермек Серікұлы.

Кейін мектептің қамқоршылар кеңесінің төрағасы Бекмұрат Жүсіпов те түлектерді оқу жылының аяқталуымен құттықтап, түлектерге үлкен өмірге сәтті қадам тіледі. Салтанатты жиыннан соң, оқушылар еліміздің танымал әншісі Димаш Құдайбергеннің НЗМ түлектерін құттықтау видеосын тамашалады.

Айта кету керек, биыл зияткерлік мектепті 162 түлек аяқтап отыр. Бұл – оқу орнының тарихындағы ең көп түлек. Оқу жылының аяғында 9 алтын белгі, 9 үздік аттестатқа үміткер өз білімдерін дәлелдеп, үздік нәтиже көрсетті. Сонымен қатар, биылғы оқу жылында түлектердің IELTS және SAT емтихандарындағы көрсеткіші де жоғары екендігі байқалып отыр. Мәселен, ағылшын тілін меңгеру деңгейін анықтайтын IELTS емтиханынан Даяна Булатбекова, Әйгерім Шораева, Інжу Көшербаева, Малика Нұрмұхамет және Амина Абиль 8,0 балл жинады.

Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің биылғы жылғы түлектері АҚШ,Канада, Нидерланд, Оңтүстік Корея, Гонконг, Венгрия, Сингапур, Түркия, Ресей елдеріндегі белді университеттерінің студенті атануға шақырту алды. 23 түлек Назарбаев Университетінің (Foundation – 17, Direct - 6), 12 –түлек Венгрия университеттеріне 100 % білім грантын алса, 40-тан аса түлек Канада, АҚШ, Туркия, Гонконг және Венгрия университеттерінен жауап күтуде.

 

 

Маңғыстау облысы