100-ге жуық адам зардап шеккен
Тергеу департаментінің мәліметінше, компанияның басшылары өңірлерде филиалдар ашып, жалдамалы менеджерлердің көмегімен клиенттерді электронды биржада үлкен пайдаға кенелесің деп алдап соққан. Нәтижесінде инвесторлардан жымқырған қаражатты офшордағы шоттарына аударып отырғаны әшкереленді.
«Компанияның қызметкерлері инвесторлардан ақшаны алған соң, ол туралы ақпарат форекс-дилердің сайтындағы жеке кабинетте көрсетіледі. Осыдан кейін арнайы плагин арқылы бұл шот жойылып, клиенттің саудадан жеңілгені хабарланады. Ал іс жүзінде инвестор бірде-бір сауда - саттыққа қатыспаған», - деп айтады тәртіп сақшылары.
Сәйкесінше осы уақытта қылмыстық топ ұрланған қаражатты бақылаудағы шетелдік фирмалардың шоттарына аударып келген.
Трансұлттық қылмыстық жүйенің ізі бар
Тергеушілер құйтырқы әрекеттің іске асуына күдіктілерге ресейлік сыбайластары қолғабыс еткенін нақтылады. Дәлірек айтқанда, Ресей азаматтарымен офшорлық аймақта бірлескен TeleTrade D.J. Ltd компаниясын құрып, онда алданған инвесторлардан жинақталған олжа түссе керек.
«Қазір бұл елдің құқық қорғау органдары TeleTrade қылмыстық жүйесіне байланысы бар ресейлік азаматтарға қатысты тергеу жұмыстарын жүргізуде», - деді жауапты ведомство өкілдері.
Компания басшысы құрықталған күні Нұр-сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларымен бірге Ақтөбе, Қарағанды және Маңғыстау облыстарындағы фирманың кеңселерінде тергеушілер тінту жүргізіп, қылмыстық іске қатысты құжаттар алынды. Бүгінде аталған факті бойынша полицияға арыз түсіргендердің қатары 70-тен асады.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, қомақты табысқа кенелеміз деп малданғандар алаяқтарға 2 мың доллардан бастап, 30 мың долларға дейін сеніп тапсырса керек. Алайда қылмыстық топ инвестицияны офшорға аудара салысымен, ақшаны бірден қолма-қолға айналдыруды жолға қойған.
Іздеуде жүріп, көз жұмды
Сөз орайы келгенде айта кетейік, бұл TeleTrade-ке қатысты алғашқы дау емес. Осыдан екі жыл бұрын Ресейде халқыралық брокерлік компанияның сол елдегі басшысы Владимир Чернобай және оның інісі Олег Суворовке қатысты аса ірі мөлшердегі алаяқтық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, халықаралық іздеу жарияланған-ды. Бұған қоса 1 млрд рубльді жымқырды деген күдікпен компанияның тағы үш қызметкері қамауға алынған болатын.
Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, 2016 жылы күдіктілер брокерлік қызметті жүргізуге Орталық банктың лицензиясын алып, TeleTrade брендін жамылу арқылы «суық қоңырау» әдісімен клиенттерді іздеуге кіріскен. Бірнеше жыл қатарынан инвесторларға Forex нарығына шығуға уәде беріп, белгілі сценарий бойынша қаражатты қалтаға басуды дағдыға айналдырған.
Бірақ та іздеуде жүрген В. Чернобай былтыр маусым айында Германияда көз жұмған еді. Марқұм халықаралық іздеу жарияланбай тұрып, Еуропаға онкологиялық сырқаттан емделуге аттанған екен.